Алматы облысы Сарқан ауданы Бақалы ауылы
«К. Қазыбаев атындағы орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Баяхмет Сандуғаш Ерғазықызы педагог-модератор
Тренинг тақырыбы: «Психологиялық жаттығулардың сабақтағы рөлі».
Мақсаты:
1.Педагогтарға әр адамның жеке тұлға, өзінше ерекше екенін ұғындыру;
2.Педагогтардың өздеріне сырт көзбен қарауды, ішкі жан дүниесі мен тәні жайлы көзқарасын қалыптастыру.
3 Педагогтарға эмоция мен сезім – адамның айналадағы өмір шындығына тигізер әсері туралы түсініктерін кеңейту және педагогтарды өз эмоциясы мен сезімдерін басқаруға үйрету.
Барысы:
І.Тренингтің тақырыбы туралы түсіндіру.
— Сәлеметсіздер ме, құрметті әріптестер! «Дәрігер адам тәнін емдесе, мұғалім адам жанын емдейді» деген дана сөз бар халқымызда. Мұғалім шығармашылығы – ұшы-қиыры жоқ ізденіс, өнер, қиял, тапқырлық, үйрену, даму. Үйретуші сөз арқылы емес, әрекет арқылы үйретуді басты назарда ұстағаны жөн. Және сол әрекетті үйренуші атқарғаны дұрыс. Сол кезде ғана берген білім сапалы, алған білім өмірлік болары анық.
Ең жақсы өткен сабақтың қай жерден, қалай аяқталатынын күні бұрын білмейсің. Бұл сабақты шәкірт пен ұстаздың бірлескен ізденісі деуге болады. Сабақтың барлық жағдайын алдын ала жоспарлап қою шәкірттің еркіндігіне шідер салумен бірдей. Бала әділетсіз жазалаудан, үздіксіз ескерту жасай беруден не істерін білмей, өзіне-өзі сенімсіз болып, жүйке ауруына ұшырайды. Мұғалім мен бала арасындағы түсініспеушілік әр адамның туғаннан жаратылысы бөлек, адамның туғаннан өзіне ғана тән табиғаты бар екенін мойындамаудан шығады
Мұғалім сыныпқа баға қою үшін емес, балаларды шабыттандыру, ең болмағанда, ынталандыру үшін кіру керек. Әр сабаққа шабыттанып кіріп, қанаттанып шыққан мұғалім – бақытты. Әр сабақтың қайталанбас тағдыры бар. Жеке басыңның проблемасы үйіңнің босағасында қалсын. Сабақтағы әдісті «менікі» деме, «біздікі» де. Балаларға сабақ үйретудің жаңа әдісін тапсаң, әріптестеріңмен бөлісуге асық. Себебі бәріңнің «илеп жүргендерің бір терінің пұшпағы». Ендеше, ізденіске жетелейтін, ізденгенге көмекші құрал болар әдіс-тәсілдер қоржынынан шыққан дүниелер кәдеңізге жарасын!
Жұмысымызды бастамас бұрын психологиялық дайындық жасауға сіздерді ортаға шақырсам. (Алдын ала берілген қағаздарға бүгінгі көңіл күйлері немесе ойындағы кірбінді, ренішті, қолайсыз көңіл күйді жазу ұсынылады).
Шаттық шеңбері: «Жүректі тазарту» тренингін жүргіземіз. Жазып шыққан қағаздарын умаждап бір-біріне лақтырады. Тоқтату туралы белгі берілгенде қағазды алып онда жазылған жағдайға байланысты өз ойларымен бөліседі.(Бұл қағаздың иесі белгісіз болғандықтан ол қағазда жазылған ойға байланысты яғни ол адамның реніші немесе қолайсыз көңіл күйі туралы жазылған болса талдаушы адам сол қағаздың иесіне қолдау көрсетіп жігерлендіру берсе де болады). Осылайша қатысушылардың бойларындағы күдік, күмән немесе толқуларын басып оларға өз-өзіне деген сенімді күшейту арқылы мотивация беру арқылы жұмысты бастауға болады.
ІІ. Тренинг тақырыбының өзектілігің дәлелдеу.
Оқушымен үнемі үздіксіз жұмыстар жүргізу арқылы шығармашылыққа баулу, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашуға, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді. Әр баланың туа біткен дарыны мен көзін ашса сарқырап кететін бұлақтай жүре қалыптасатын қабілеті болады. Біреуі сурет салуға әуестенсе, екіншісі спортты, үшіншісі ән-күйді, т.б. өнер салаларын тандайды. Ойлау, іздену-табиғаттың адамзатқа берген тамаша сыйы. Бұл қабілет барлық адам бойынан табылары да сөзсіз. Қабілет іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Дегенмен табиғат оны бәріне бірдей етіп бөлмей,біреуге көптеу, біреуге аздау, ал үшіншілеріне мүлдем жарытпай тарататыны да анық. Қазірге дейін ғылым мен тәжірибеде дарындылық туралы екі түрлі көзқарас бар. Кез-келген бала дарынды, тек уақытында нақты қабілетін анықтап, дамыту керек. Ол үшін балаларға көп қолдау көрсетіп уақытында психологиялық көмек көрсете білу керек. Олай болса осындай бір мақсатта оқушыларды біріктірудің жолдарын қарастырып ішкі әлеммен немесе мінезі тұйық балаларды ұжымға үйрету арқылы өзіне деген сенімді арттыру қажет. Ол үшін әрине психологиялық жаттығулар көмекке келеді. Сондай бір психологиялық жаттығудың түрі «Ортақ портрет». Оқушылар өз тобының ортақ портретін құрастырады. Бұл үшін олар топ құрамындағы оқушылардың арасында дене мүшелерін бөліп (мәселен, біреудің көздері мен қолдары, екіншісінің құлақтары мен иықтары, үшіншісінің шашы мен аузы, төртіншісінің мойыны мен мұрыны т.с.с), оларды біріктіріп, ауызша сипаттайды. Әрине, әдеттегідей сипаттардың барлығы да жағымды тұрғыдан болуы керек, мұнда оқушылардың бірін-бірі мақтағаны дұрыс. Топтар өз портреттерін сыныпқа оқып береді.
Осы жаттығу арқылы өзін ұсқынсызбын, ебедейсізбін немесе ақылсызбын деп өзін топта ынғайсыз сезінетін балаларды өздері туралы жағымсыз ойлардан арылтып оларды ортаға тарту арқылы оның психологиясына әсер етіп жеке қасиеттерін ашуға болады. Демек осындай психологиялық жаттығулар арқылы оқушылар арасында қалыптасқан үздік оқушы мен нашар оқушы деген түсініктен арылуға алып келіп олардың білім алуларына келенсіз жағдайлардын туындамауын қадағалауымыз қажет деп санаймын.
ІІІ. Қорытынды.
Бүгінгі тренингтің қорытындысын шығару үшін қатысушыларды ортаға шақырып «Өрмекші торы» тәсілімен олардың тренингтен алған әсерлерімен бөлісулерін сұраймын. («Өрмекші торы» тәсілі арқылы жіпті бір-біріне лақтырып, өрмекші торын жасау арқылы өз ойларын айтады.)
Баланың мінезін өзгертемін деуге болмайды, мінезінің жақсы жақтарын байқап, дамытуға ғана болады. Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: баланы тәрбиеле! Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп ойлаймыз. Оқушылары тым-тырыс отыратын мұғалімнің сабағынан, қажетті жерде шулата білген сабақ қызық. Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған балаға мектепте де, өсіп, кісі болғанда да мақсатына жету қиын. Ол баланы мұғалімі өте сезімталдықпен жетектеуі қажет болады. Сүйкімсіз баладан, ертең айналасына қадірсіз адам шығуы мүмкін. Тіл алмайтын ызақор бала кемшілігін бетіне баса беруден шығады. Шәкірттің сеніміне кіру қиын. Ол үшін шәкіртке әуелі өзің сенуің керек болады. Баланың қайғысы мұғалімнің жақсы оқитын және жаман оқитын бала деп бөлуінен басталады. Осыдан кейін баланың рухани дүниесі тек бағамен өлшенеді. Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды. Өзі білетін адам ғана басқаны білдіре алады. Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің. Көңілдің кілті жұмсақ мінез бен жылы сөз. Адамдарды жақсы көріп, жақсы көргендігінді сездіру ақылдылықтың белгісі — , дей келе психологиялық жаттығулардың сабақта және баланың жеке өмірінде де пайдасы орасан зор болатыны туралы сіздерге ой сала білдім деп ойлаймын. Көңіл бөлгендеріңізіге рахмет!