Home » Жаңалықтар » Мерекелік онкүндік немесе сізге жолдау

Мерекелік онкүндік немесе сізге жолдау

Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойын мерекелеу аясындағы
«Ы.Алтынсарин: Ұлттық педагогика, методология»  атты мерекелік онкүндік

      Қазақстан Республикасы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының қолдауымен, Шымкент қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы аясында «Ы.Алтынсарин: Ұлттық педагогика, методология» тақырыбында аралас форматта аймақтық онкүндіктің ашылуы салтанатты түрде ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты: Ұлы дала педагогы Ы.Алтынсарин еңбектерін педагогтер арасында кеңінен насихаттай отырып, педагогикалық заманауи әдіснамалық негіздеріне тәжірибелік қолдау таныту.

        Аймақтық онкүндіктің ашылу салтанатына Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім  Академиясы президенті, PhD докторы Ғ.Бейсембаев, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ директоры, п.ғ.д. профессор Л.Искакова,  Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы, педагогика-психология ғылымдарының магистрі Ш.Усерова мен Түркістан облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің директоры п.ғ.к.А.Тұрсынбаев және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім  Академиясы, Шымкент қаласы Білім басқармасы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының білім беру ұйымдары, ТЖКББ және ЖОО-ның барлық педагогтер қауымы (344 педагог) белсенді қатысты.

Іс-шара барысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім  Академиясы президенті, PhD докторы Ғ.Бейсембаев қатысушыларды онкүндіктің ашылуымен құттықтап, заманауи білім беру парадигмасындағы Ы.Алтынсарин іліміне терең тоқталды. Қазақстан Республикасы Ы.Алтынсарин атындағы  Ұлттық білім  Академиясының қолдауымен, Шымкент қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес  Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы аясында «Ұлы даланың ұлы ұстазы» атты оқушылар арасында челлендж өтті.

Мақсаты: Ұлы дала педагогы Ы.Алтынсарин еңбектерін білім алушылар  арасында кеңінен насихаттай отырып, өлеңдері арқылы өскелең ұрпақты имандылыққа, адагершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, Ұлы тұлғаны есте сақтауға, құрмет тұтуға, шығармаларынан үлгі алуға баулу.

Тәрбиелік мәні зор іс-шараға Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының педагогтері және білім алушылары қатысты.

         Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Түркістан және Қызылорда облысының, №84 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары Жамбыл облысына, №130  жоббм оқушылары Алматы қаласына, №25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия оқушылары Шымкент қаласының оқушыларына Ұлы ағартушының өлеңдерінен челлендж жолдады.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Ы.Алтынсарин:КЕШЕ.БҮГІН.ЕРТЕҢ» тақырыбында онлайн семинар ұйымдастырылды.Семинардың өткізілу мақсаты-ұлы ағартушы Ы.Алтынсаринді қазақ халқының тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға ретінде кеңінен таныстырып, еңбектерінің жаңа қырларын ашу. Сондай-ақ, оның өшпес ілімі мен өнегелі мұраларын жас ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығын кең ауқымда талқылау.

Семинар барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Ы.Алтынсаринның өткен ғасырдағы педагогика саласы мен бүгінгі таңдағы жаңартылған бағдарлама негізіндегі педагогиканың үндестігі мен сабақтастығы жайлы өз пікірлерін баяндады.

Сонымен қатар, мұғалімдердің ғылыми шығармашылығын дамыту, ұлы ағартушы педагог Ы.Алтынсариннің еңбектерін дәріптеу мақсатында «Ы.Алтынсарин оқу ағарту саласындағы жаңашылдығы» тақырыбында пән мұғалімдері арасында ғылыми жоба байқауы ұйымдастырылды. Байқау барысында  Ыбырай Алтынсариннің оқу-ағарту мәселесіне қосқан үлесі, жұмыстың ғылыми жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығы және Ыбырай өнерінің бір сыпыра саласында жаңадан өсіп өркендеуіне айқын жолдары қарастырылды.

«Ы.Алтынсарин алғашқы ұстаз-дана бабам» атты шығармашылық кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты: Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, ерекше білім қажет ететін балаларға оқу-тәрбие үрдісінде оның шығармашылығының әдеби құндылығын ашу болатын. Бұл іс-шараға қимыл-тірегі бұзылған мектепке дейінгі ұйымдардың арнайы педагогтері белсенді қатысты. Жұмыс барысында Ы.Алтынсариннің шығармашылығынан өлеңдер оқып, майда ұсақ моторикасымен жұмыс жасаумен жалғасын тапты.

Онкүндіктің жалғасын «Абай мен Ыбырай шығармаларындағы үндестік» тақырыбында дөңгелек үстел жалғастырды. Іс-шараның Абай мен Ыбырай еңбектерін терең меңгерте отырып, оқушыларға ұлы ұстаздар өсиетін үлгі ету, ғұламалардың табиғат лирикасы мен өнер-білімге үндейтін өлеңдеріндегі үндестігін, жақындығын ашу және оқушылардың әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін оята отырып, еңбек сүйгіштікке, табиғатты қорғауға және шығармашылық ізденісін арттыру жұмыстары аясында әдістемелік ұсынымдар беру мақсатында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел барысында пән мұғалімдері Абай мен Ыбырай шығармаларындағы үндестікті тәжірибе жүзінде жүргізу аясында әдістемелік ұсынымдар берді.  «Заманауи білім беру парадигмасындағы Ы.Алтынсарин ілімі» атты форуммен жалғасын тапты.Форумның мақсаты ұлы педагогтің ілімін кеңінен дәріптеу, шығармашылығын насихаттау, жас педагог-маманның Ыбырай  мұрасына қызығушылығын арттыру,тани түсуге ынталандыру. Форум барысында гуманитарлық пән мұғалімдері секция жұмыстарына қатысып, баяндама оқыды.

Шымкент қалалық пән мұғалімдерінің «ULAGAT» педагогикалық қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ы.Алтынсарин-Ұлы даланың дара ұстазы» озық тәжірибе алаңында барлық пәндердің қауымдастық төрағалары пәнді оқыту үдерісінде тиімді заманауи тәсілдерін  таратып, тәжірибелік тұрғыда әдістемелік ұсынымдар берді.

«Тәуелсіз елдің тұлғасы» атты өңірлік дебат Ы.Алтынсариннің еңбектерін оқыту арқылы сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыруды мақсат етті. Дебат барысында тараптар ұлы ұстаздың еңбектеріне сүйене отырып, дәлелді жауаптар мен ұтымды ойларын ортаға салып, сыни көзқараста командамен бірлесе коммуникативтік жұмыс жасауға дағдыланды.

Ы.Алтынсариннің 180 жылдығын мерекелеу іс-шаралары жоғары деңгейде әлі де жалғасын таба бермек деген ойдамыз.

Шымкент қаласы білім басқармасының әдістемелік
орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері
Педагогика ғылымдарының магистрі
Арысбаева Жарқынай Асетуллақызы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.