Ботабаева Бақыт Қажымұқанқызы
Шығыс Қазақстан облысы
Көкпекті ауданы Қараөткел ауылы
«Қараөткел негізгі мектебі» КММ
даярлық тобы тәрбиешісі
Қазіргі таңда білім беру жүйесінің қарқынды дамуына байланысты, білім алушыларға қойылатын талаптар да зор. Оқытушының басты мақсаты — бәсекеге қабілетті, шығармашыл әрі дарынды жеке тұлға қалыптастыру. Дарынды баламен жұмыс жасай отырып, оның дамуына үлесін қосу әрбір оқытушының міндеті.
Дарынды бала деген кім? Педагогикалық тұрғыда дарындылық ұғымына бірнеше анықтамалар көрсетілген. Сол анықтамалардың бірі — дарындылық әрбір тұлғада қалыптасқан, тек оны дамыту үшін бірнеше уақыт керек деген екен. Кейбіреуінің анықтауынша дарындылық әрбір жандарда кездесе бермейтін, сирек әрі ерекше қабілет деп біледі. Ғылыми деректерге сүйенсек, балалар дарындылығы саласындағы танымал маман Н. С. Лейтес дарынды балаларға тән үш категорияны көрсетеді:
- Интеллектуалды қабілеті жоғары балалар;
- Белгілі бір салада жетістіктерге жеткен балалар (олимпиада);
- Шығармашылық қабілеттері жоғары балалалар, яғни, параметрлерге сәйкес үлкен нәтиже көрсеткен оқушы дарынды болып саналады [1].
Кез келген тұлға бірнеше салада үлкен жетістіктерге жете алады, себебі оның психологиялық мүмкіндіктері әрбір жас кезеңдері сайын дамып, қабілетті болады. Бұл тұлғаның дарындылығын, шығармашылығын анықтауда үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар, бір бағыттағы салада, әр оқушы әртүрлі дағдыларын, қабілеттерін көрсетуі мүмкін.
А.М. Матюшкиннің пікірінше, дарынды тұлғаның негізі – жас кезеңдері сайын дамып отыратын, әр тұлғада қалыптасқан шығармашылық қабілет [2].
А. Шведелдің ойынша, дарындылық қоршаған қоғаммен тікелей байланысты, яғни, жылдар бойы қалыптасқан балалық шағындағы тәжірибесі үлкен роль атқарады деп тұжырымдайды [3].
Дж. Рензулли дарындылық ұғымына мына сипаттамаларды қарастырады: жоғарғы интеллектуалды қабілет, шығармашылық бағыт, жоғарғы дәрежедегі мотивация мен белгілі бір тапсырманы шешудегі табандылық [4].
Жоғарыда көрсетілген пікірлерге сәйкес, дарындылық қабілеттің дамуы мен пайда болуы тұлғаның қоршаған ортасы, тәрбиесі, мотивациясы мен өзіндік белсенділігімен тығыз байланысты деген тұжырымға келе аламыз.
Дарынды қабілеттері бар оқушыға білім беру оқытушы үшін үлкен жауапкершіліктің бірі. Дарынды баламен жұмыс жасау білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда дарынды балалармен жұмыс барысында бірнеше принциптер бар, солардың бірі:
- Оқытуды дараландыру және саралау принципі;
- Оқушылардың қосымша білім беру қызметтерін және тәлімгерді еркін таңдау принциптері;
- Сыныптан тыс жұмыстардың рөлін арттыру принципі;
- Мұғалімдердің минималды қатысып, оқушылардың бірлесе жұмыс жасау принципі;
- Еріктілік принципі.
Оқушылардың дарындылығын, қабілеттіліктерін арттыруда арнайы әдістерді қолдану тиімді болып табылады. Әсіресе шығармашылық бағыттағы әдістер. Олар: проблемалық әдіс; іздеу әдісі; эвристикалық әдіс; зерттеу әдісі, проектілік (жеке, индивидуалды және топтық жұмыс әдістерін қосқанда).
Дарынды балалармен жұмыс барысында қолданылатын шығармашылық әдістердің бірі ойын әдісі. Ойын оқушылардың қызығушылығы мен ынтасын арттырып қана қоймай, зер салу, зейінділік қабілетін, қоршаған ортамен байланысын арттырады. Ойын әдісі барысында шығармашылық элементтерінің болуы маңызды болып табылады.
Театрлық мереке – дарынды балалармен жұмыс барысындағы ерекше оқу әдістерінің бірі. Оқушылардың актерлік қабілеттерін дамытып қана қоймай, сонымен қатар, сценарий ұйымдастыру, сюжет құрау, әдеби оқу сияқты шығармашылық қабілеттерін арттырып, викториналар мен әдеби рингтарда өнерлерін, қабілеттерін шыңдауларына үлкен септігін тигізеді.
Дарынды балаларды оқытудағы маңызды формалардың бірі – олимпиада. Бұл оқыту формасы дарынды, әрі талантты балаларды анықтауда ерекше рөл атқарады.
Жалпы, дарынды балалармен жұмыс барысын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруымызға болады. Бастапқы кезеңде, дарынды оқушылардың психологиялық ерекшеліктері зерттеле отырып, оқу жоспары құрастырылады. Екінші кезеңде, оқушылар туралы барлық жинақталған ақпараттар сараланады(нені ұнатады, қай салаға жақын т.б.). Ақпаратты жинауға педагогикалық жұмыскерлер, оқушылар және ата-аналар атсалысады. Үшінші кезеңде, оқушылардың дарындылық қабілеттерін арттыратын жағдай жасау. Дарындылық қабілеттері байқалмаған оқушылармен жеке жұмыс жүргізіледі. Бұл кезеңде дарындылықты дамыту мақсатында түрлі мерекелер мен іс-шаралар өткізіледі. Әртүрлі оқу формасында өтуі мүмкін, олар: конференция, конкурс, олимпиада, жеке жұмыстар, КВН, шығармашылық проекттер, т.б. Төртінші қорытынды кезеңде, жұмыстың нәтижесі баяндалады, қорытындылар сарапталып, нені өзгерту керектігі, дамытатындығы тұжырымдалады.
Ю.В. Харланова дарынды балалармен жұмыс істеудегі негізгі бағыттардың бірі шығармашылық қабілетті дамыту деп атап өтеді. Оқу процессі шығармашылық, практикалық, логикалық тапсырмалардың шешімдерін іздеуге, зерттеуге бағытталған әдісте жүзеге асырылуы керек. Бұндай тапсырмалар дарынды оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамуға мүмкіндік береді [5].
Оқушылардың сапалы білім алып, жеке тұлға болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізетін оқытушы. Заман талаптарына сай оқытушының жаңа әдістер мен технологияларды меңгеріп, жанжақты болуы маңызды болып табылады. Дарынды балалармен жұмыс барысында оқытушының мына қабілеттерді меңгеруі ескеріледі:
- Оқу бағдарламасын қамтамасыз ету (жаңарту, кеңейту, өзгерістер енгізіп отыру);
- Әр оқушыға индивидуалды бағыт көрсете отырып, консультация жүргізу;
- Оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыру;
- Маңызды психолого-педагогикалық шешімді қабылдау;
- Оқытушының және сыныптың оқу материалдарын анализдеу;
- Ұжымдық шығармашылық істерге материал таңдап, дайындау.
Дарынды балалармен нәтижелі жұмыс жасау үшін оқытушы дәстүрлі оқу үрдісінде кең таралған таптаурындардың бірін ұмытуы керек, онда оқушы білім беру процесінің субъектісі ретінде емес, педагогикалық ықпал ету объектісі ретінде қарастырылады. Нені үйрену емес, қалай үйренуге басты назарды аудару керек. Сабақтарда оқушыларды мамандық таңдауға дайындау мақсатында практикалық бағыттағы тапсырмаларды талдап, ғылым мен техниканың әртүрлі салаларындағы жетістіктер туралы мағлұматтарды тыңдаған жөн. Оқушыларды сабаққа дайындау кезінде қосымша әдебиеттермен, интернет ресурстармен жұмыс істеуге ынталандыру қажет.
Оқушының дарындылығын арттыру мақсатында оқытушының ана-анамен тығыз байланыста болуы маңызды. Ата-ана бала өмірінде ең басты рөл ойнағандықтан, оның бағыт-бағдар беріп қолдауы әрбір бала үшін ерекше. Оқытушы баланың белгілі бір саладан қабілетін немесе талантын байқаған болса, оның ата-анасымен ақылдасып, кеңес беруі жөн. Ал ата ана баланың қабілеттерін шыңдау, дамыту мақсатында әртүрлі курстарға, үйірмелерге немесе спорт алаңына бергені абзал.
Оқытушының басты мақсаты оқушыларды ынталандыру, бағыт-бағдар беріп, шығармашылық қабілеттерін арттыру. Әр оқушы жеке индивид, біреуінде математикалық тапсырманы жылдам шығару қабілеті болса, екіншісінде сурет салу қабілеті болады, енді біреуі спорт саласына қабілетті болады. Оқытушының міндеті оқушылардың қызығушылықтарымен бөлісу, оларды ескере отырып, одан әрі дамуына үлесін қосу. Бір сөзбен айтқанда, оқытушы үшін әрбір оқушыны жеке тұлға ретінде көру басты қағида болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер
- Лейтес Н.С. Возрастная одаренность школьников: Учеб.пособие для студ. высш. учеб. заведений.- М.: Академия, 2000
- Матюшкин А.М. Концепция творческой одаренности // Вопросы психологии. — 1989. — No6. — С. 29–33
- Шведел А., Поиск и выявление одаренных детей / Прогресс 1991 С. 169—204
- Рензулли. Дж. Основные современные концепции творчества и одаренности /– М. : Молодая гвардия, 1997.
- Е. М. Харланова // Одаренный ребенок. — 2013. — № 6 (ноябрь-декабрь). — С. 112-120