Нуркасимова Ботакөз Хамзиновна
Қарағанды облысы
Нұра ауданы
Нұра кенті
«Балбөбек» бөбекжайы» КМҚК
тәрбиешісі
«Тәрбиеші — балабақша бұлағы,
Балабақша — мейірімнің шуағы»
Білім қазынасын балабақшадағы бүлдіршіндердің бойына сіңіріп, олардың болашақтарына игі ықпал ету негізгі мақсатымыз. Жас өрендерді саналы тұлға ретінде жан-жақты дамыту баршаға ортақ міндет. Бүгінгі болашақ ұрпақтың алғашқы баспалдағы – балабақша. Осы болашақ ұрпақтардың қанаттарын қатайтып, аяқтарын нық басуда балабақша үлкен рөль атқарады. Балабақшада берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан-жақты тәрбие алатын орын. Ал тәрбиеші сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында балалардың тағдыры.
Ата-аналар жүрегінің бір бөлшегін балабақшаға сеніп әкеліп береді. Сол орайда ананың орнына ана бола білетін — балабақша тәрбиешісі.
Балабақша келешек азаматтарды тәрбиелейтін шағын институт. Балғындардың шаттық күлкісіне толы бұл мекенде тәрбиеші-педагогтар баланың тәрбиесімен қатар оның дамуына да даңғыл жол салады. Себебі, балабақшада бала бойындағы ерекше қабілеті байқалады. Баланың алғашқы қылықтары көрініс тапқан сәттен бастап оның дамуындағы ерекшеліктерді назарда ұстаған жөн. Сондай-ақ, көпшілік ортаға тез үйренісіп, адамдармен тіл табысуға да балабақшаның берері мол.
Бір үйдің кенжесі, бір үйдің тұла бойы тұңғышы. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие, білім беріп, бірыңғай күн тәртібіне баулу, білік, дағдыларды үйрету тәрбиешінің күнделікті жұмысы.
Балабақша – бақыт баспалдағы. Әрбір балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарына ертеңге деген нық сенім, патриоттық сезімді ұялататын, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын орда.
Сондықтан, алдымызға келген әрбір бүлдіршінге тәлім-тәрбие беріп ұлтжандылыққа тәрбиелеу – біздің міндетіміз.
Балабақша тәрбиешілері бәріне үлгеретін, төзім мен қайраттан, сабырдан жаралған жандар! Тәрбиешілер жұмысқа ерте келе жатады. Ата-ана күтіп қалмасын, балалар «Меннен» бұрын келіп қоймаса екен, кешігіп қалмайын, деп асығады.
Балабақша тәрбиешілері – жұлдыздар!
Ең биік аспан төрінен орын алатын жандар дер едім.
Балабақша – тәрбиенің алтын бесігі. Бала өсіп келе жатқан шыбық секілді екені рас. Оған алдыңғы буынның әрбір әрекеті дұрыс дүние секілді көрінеді. Қалай баптайсың, соның жемісі өзіңе қайтады. Сол себепті әрбір тәрбиеші-педагог оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп есептеймін.