Ныгметова Лайла Каскырбаевна
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«№1 өнер мектебі» МКҚК
Домбыра пәнінің мұғалімі
Мақсаты: Шертпе күйдің орындалу техникасын түсіндіре отырып, оқушының орындаушылық шеберлігін арттыру.
Міндеті: —күй өнерінің айырмашылығын түсіндіру;
- оқушының орындаушылық шеберлігін дамыту;
- шертпе күйді орындаудың әдіс-тәсілдерін үйрету.
Тәрбиелік мәні: оқушыға ұлттық аспаптың құндылықтарын жеткізіп, мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Сабақ беру әдістемесі: — жаттығулар;
- мұғалімнің нұсқауы бойынша әдістерді үйрену
Көрнекі құралдар: — домбыра аспабы;
- орындалатын күйдің нотасы.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: Сәлемдесу!
Үй тапсырмасы: Тойбастар Дина!
Жаңа сабақ: Шертпе дәстүрінде күй тартып үйрену. Осы уақытқа дейін домбырамен ән мен күй тартып үйрендік. Әннің сөзі бар, түсінуге болады.
Күй тылсым дүние. Күй өнеріне келсеңіз ертеде Жошы хан «балам жайында жаманат әкелген адамның көмейіне балқытылған қорғасын құямын» — дегенде небір шешен, ділмарлардың тілі байланып қаралы хабар жеткізуге дәттері жетпегенде, бір домбырашы келіп, қайғылы күй ойнап баласының өлімін ханның өз аузынан айтқызған. Міне — күйдің құдіреті. Демек тіл тоқтаған жерде күй жүреді деген сөз. Күйдің осындай мән-мағынасы бар, сондықтан да қадірлі, қастерлі. Күйдің мазмұнын түсініп ойнау керек. Күй өнері шертпе және төкпе деген екі саладан тұрады. Төкпе күй Батыс Қазақстанда жақсы өріс алған. Төкпе күй сұқсаусақпен, басбармақпен орындалады, ал шертпе күй аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын күй. Шығыс Қазақстанда жақсы дамыған. Төкпе мен Шертпе күй айырмашылығы қағыс түрлерінде. Домбыраның қағыстары күйдің мазмұнын түсіндіруде ең басты құрал. Қысқаша айтқанда домбыраның қағысы күйдің тілі. Төкпе күйге қарағанда шертпе күйде жалғыз дыбыстылық басым болып, күй тақырыбы әр ішекте кезектесе жүреді. Шертпе күйлер оң қолдың сұқ саусағымен қатар саусақтар басын біріктіріп, топтастыра қағып, саусақтарды бірінен кейін бірін тізбектей шерте қағу.
- Шертпе күйде 1, 2, 3-ші саусақтар жиі қолданылады.
- 3, 4-ші саусақтармен ішекте бір мезгілде қатар басу көп кездеседі.
- Бас бармақ сирек пайдаланылады.
Арман күйін талдау. Халық күйі, орындаушы Кәлек Құмақайұлы
Негізінен күй сыбызғы аспабына арналған, күйді домбыра аспабында көрсетеміз.
Кәлек Құмақайұлы 1930 жылы Баян-Өлгей аймағының Алтай жерінде дүниеге келген. Сыбызғыны сегіз жасынан бастап әкесі Құмақайдан үйренді. Қазақстанда тұңғыш рет сыбызғы күйлеріне арналған кітаптың шығуына қосқан үлесі зор. К.Құмақайұлы сыбызғы дәстүрінің бірегей мұрагері. Қазақ еліне жүзге тарта сыбызғы күйлерін жеткізіп, еліміздің мәдени қорына өзінің мол мұрасын қалдырған. Кәлек сыбызғышы, өзі шығарған «Бақыт құшағында», «Шопан сазы» күйлері бар. Кәлек сыбызғының көпшілікке белгісіз күйлерін орындап, күйлердің шығу тарихына байланысты аңыз әңгімелерді жақсы білетін өнер иесі.
Күйдің шығу тарихы. Ертеде Асан деген баланың жеті жасында әкесі дүниеден өтіп, анасы Жаңылмен екеуі жетім қалады. Анасы Таhир ханның аңға шығатын иттерінің күтушісі болады. Ұзақты күн қой соңында жүрген Асан қарап жүрмей қурайдан әдемі үнді сыбызғы жасап алады. Асанның тартқан сыбызғысының үнінен егіз лағы бар елік келіп үнемі билеп, асыр салып ойнайды екен. Мұны естіген Таhир ханның ерке ұлы елікті егіз лағымен маған ұстап бер деп қатты қинайды, бірақ Асан оған көнбейді. Бұл жайында естіген хан, ертең елікті лақтарымен алып келіңдер, менің сарайымда билеп тұратын болсын, орындамсаңдар бастарыңды аламын деп бұйық береді. Қорыққан Асан елікті егіз лағымен хан сарайына алып келеді.
Хан сарайындағы сыбызғышыларды шақырып, сыбызғы тартырады. Бірақ еліктің лақтары билемейді. Ашуланған хан сыбызғышылардың басын алады. Сол елдегі кәрі сыбызғышы бұл жағдайды естіп ханға келеді. Тақсыр хан бұл еліктің лағын билетер сыбызғының сырын Асан деген бала біледі, соны алдыртыңыз дейді. Сол уақытта Асанды алдыртып, қолына сыбызғы ұстатады. Асан сыбызғы тартқанда елік лақтарымен билеп ала жөнеледі. Риза болған хан, не тілегің бар дейді. Асан маған ештеңе керек емес, анам Жаңыл екеумізге бостандығымызды беріңіз, тілегім осы деп сұрайды. Хан уәдесінде тұрып, Асанның тілегін орындайды. Арман күйінің шығу тарихы осылай баяндалады. Арман азаттықты аңсаған баланың тілек күйі. Асан осы өнері арқылы өз бостандығын алады.
Арман күйі
Қағысы: П П П П V П V
Екпіні: баяу, өкінішті сезіммен
Өлшемі: тұрақтаты 2/4
Динамикалық белгілері: p. mf
Құлақ күйі: теріс «квинта» бұрау
Бекіту: 1. Күй өнерінің қандай түрін тартып үйрендік?
- Шертпе күй қалай орындалады?
- Кәлек Құмақайұлы кім?
Қорытындылау. Күй – ерекше, кемел дүние. Руханият жетістігі. Күйді бала жүрегіне жеткізу қиынның қиыны. Алғашқы қадам оларды қызықтыру, құлшындыру. Ол ұстаз шеберлігіне байланысты. Ең бастысы оқушыға дұрыс қойылым жасау, қадағалау, дыбысты дұрыс шығару.
Үй тапсырмасын беру. Бағалау.