Сисенова Айымгүл Жанбрбаевна
Ақтөбе облысы
Қобда ауданы
Ақырап орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қазіргі кезеңде білім берудің стратегиялық мүмкіндіктері мұғалімнің педагогикалық процесті ұйымдастыруына қолайлы жағдайлар жасайды. Мұғалімнің кәсіби өсуі мен шеберлігін жетілдіруі бүгінгі қоғамның негізгі міндетіне айналды. Себебі, болашақ ұрпақтың білімді, тәрбиелі болуы мұғалімнің қызметіне байланысты. Мұғалім қоғамда болып жатқан ақпараттық, цифрлық өзгерістерді тез қабылдай алуы керек. Сол өзгерістерді негізге ала отырып, өзінің педагогикалық жүйесін қоғам талаптарына сәйкестендіруі қажет. Білім беру үрдісіндегі интеграциялық байланыстар әлем кеңістігіндегі жаңалықтарды қабылдауға жол ашады. Мұғалімнің шеберлігі жаңа технологияларды игеруімен өлшенеді. Технология ұғымы біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде болған пандемия індеті білім беру жүйесінің мазмұнын өзгертті. Соның нәтижесінде қашықтан оқыту, онлайн платформалары, электронды рессурстар, виртуалды лабораториялар пайда болды. Оқушы мен мұғалім қашықтан білім алуға мүмкіндік алды. Бұл да еліміздің ақпараттық әлемде даму тенденциясын көрсетеді. Технологияларды пән мазмұнында қолдану заманауи талаптардан туындаған алғышарт болып табылады. Сол пәндердің бірі – қазақ тілі. Қазақ тілі пәнін оқытуда технологияларды қолдану пән мазмұнын тереңдетеді.
Педагогикалық технология ұстаздар мен оқушылардың аз ғана күш жұмсап, ең жақсы нәтижелерге жетудің тиімді принциптері мен әдістерін анықтауға бағытталады.
Біз қарастырып отыған қазақ тілі сабағында жаңа технологияларды қолдану оқушылардың төмендегі мүмкіндіктерін ашады:
- Коммуникациялық қабілеттерін дамыту;
- Ақпарат көздерімен жұмыс жасау;
- Шығармашылық қабілеттерін дамыту;
- Оқу үдерісіне белсене қатысу;
- Оқу мотивациясын арттыру;
- Ақпараттық қоғам жетістіктеріне жақындау[4].
Қазақ тілі сабағында кеңінен қолданылып жүрген технологиялардың бірі – деңгейлік оқыту технологиясы. Бұл технология оқушылардың ізденушілік, өзіндік жұмыс істеу, білімді сапалы қабылдау, шығармашылықтарын арттыра түсуге бағыттайды, мәселені тиімді шешудің жаңа мүмкіндіктерін анықтайды.
Оқушыны деңгейге бөліп оқыту барысында мұғалім оқушыларға әртүрлі тапсырмалар ұсынады. Ол оқушының қабілетіне қарай іріктеліп жасалады. Бұл технологияның ерекшелігі оқушы ақпаратты өз бетімен өңдейді, талдайды және шешім қабылдайды.
Қазақ тілі сабағында компьютерді қолдану мәтіндер мен ақпараттарды білуге жол ашады. Танымдық белсенділігін және орфографиялық, лексикалық дағдыларын қалыптастырады.
Қызығушылықты ояту – жаңа білімге апарар жол. Бұл кезеңде оқушылар белгілі бір тақырып төңірегінде бірнеше сөздер атап, оларды байланыстырып сөйлеуге, мағыналық жағынан топтастыруға, жаңа ұғым жасауға үйренеді. Бірін-бірі қайталамауға үйренеді. Ойлау, оқу арқылы жазуды жүзеге асыра отырып, бірте-бірте шығармашылық жүйеге түседі. Мағынаны тануда оқушы әртүрлі болжам жасау, бұрынғы білетіндерін жеке және топта айту арқылы жаңа білімге деген қызығушылықтары артады. Олар «Мені түсін» әдісі арқылы мәтінді өз беттерінше оқу, тезис құру арқылы көлемді материалдарды өздеріне керек тұстарын ғана алуға, екі жақты түсіндірме күнделігін жасау, талдау, зерттеу, салыстыру, терминдермен жұмыс, бірін-бірі толықтыру арқылы оқушы жаңа білімді өздігінен меңгеріп, жаңалық табу, шығармашылықпен жұмыс істеу сатысына көтеріледі.
Қазақ тілі сабағында жиі қолданылатын технологиялардың бірі ойын технологиясы. Оқушылардың тілдік дағдысын қалыптастыру барысында грамматикалық ойындар қолданылады. Ойын технологиясы оқушының іскерлік қасиетін қалыптастырады. Әртүрлі грамматикалық тапсырмалар арқылы ойын сюжеті құрылады. Ойын оқушының тез ойлай білу дағдысын қалыптастырады. Ойын шарты алдын-ала белгілі болғанмен, ойын барысындағы күтпеген жағдайларда оқушы тез шешім қабылдай білуге жаттығады.
Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешу маңызды.
Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады. Мәдени мұраларды меңгеру арқылы оқушылардың эстетикалық талғамы мен мәдени болмысы қалыптасады. Мәдени мұраларды игеру, әрине тіл мүмкіндіктері арқылы жүзеге асады.
Қазіргі таңда мұғалімдер іс-тәжірибеде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жақсы нәтижелерге жетіп жүргені аян. Солардың бiрi — сын тұрғысынан ойлау.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерiнен түзiледi. Осы технологияны мұғалімдер әр сабақтың ерекшелiгiнет қарай лайықтап қолдануына болады. Олар: «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Еркiн жазу», «Семантикалық карта» т.б.
Қазақ тілін оқыту барысында оқушының сөздік қорын байыту арқылы тілін дамытуға болады. Қазақ тілін үйрету, білу қазіргі таңда басты мәселе болып отыр. «Тіл дамыту дегеніміз – тілдік норманың жетілу, ширау, даму дәрежесі»,-дейді ғалым М. Балақаев. Тіл үйренуде ең басты міндет-оқушылардың сөйлеу тілін дамыту. Тіл дамытудың шарттары:
1.Сөздік қорын дамыту.
2.Сөйлеудің грамматикалық жағын ескере отырып қалыптастыру.
3.Ауызекі сөйлеу тілін дамыту.
4.Әңгімелеуге үйрету.
Қазақ тілі сабақтарында бұл мәселені шешу жолдарының бірі әр түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану, жаңа технологияларды енгізу. Сабақта оқушылардың тілін диалог, монолог арқылы дамытуға болады. Диалогтық, монологтық сөйлеу барысында туындайтын қиыншылықтар да бар:
Белсенді әдістерді қазақ тілі пәнінде қолданудың маңызы ерекше. Себебі, оқушының көркем сөйлеу және ойлау қабілеті тіл арқылы қалыптасады. Оқушылар арасында еркін, ашық шығармашылық қарым-қатынас орнатылады. Сабақта оқушыларды топқа бөліп, проблемалы сұрақтар құрастырып, соларға тез жауап алу мақсатында «Миға шабуыл», «Дисскусиялық карта» әдістерін қолдануға болады. Қазақ тілі сабағында мәтінмен жұмыс істеудің әртүрлі тәсілдері бар.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр ұстаздың өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.
Пайдаланған әдебиеттер
- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 10 қаңтар 2018ж.
- Н.Т.Сартаева Ақпараттық технологиялар негізінде бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекетін мотивациялау. Философия докторы дәрежесін алу үшін дайындаған авторефераты. Алматы, 2019
- В.М.Глушков История информационных технологии -М:Образование. 2004. -С165