Home » Жаңалықтар » Даудың басы ДУАДАҚ

Даудың басы ДУАДАҚ

       Атамның емес – адамның, ауылдастың емес – қазақтың мұңын мұңдап, қуанышын жырлауды мақсат еттім…
Ұлытаудың ұлылығын ескергендіктен болар наурыздың 19 шы жұлдызында Ұлытау ауданы Ұлытау елді мекенінде «Республикалық маңызы бар «Анасай» мемлекеттік табиғи қаумалының (зоологиялық) шекарасын Қарағанды облысы аумағында кеңейту» мәселесіне байланысты жоба талқыланды. Бұл кеңеске арнайы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,  ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат ҚАНАТҰЛЫ ҚАЙНАРБЕКОВ, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік ЖАМАНҚҰЛҰЛЫ ШАЙДАРОВ, Ұлытау ауданының әкімі Советбек ТҰРСЫНҰЛЫ МЕДЕБАЕВ сондай-ақ  Ұлытау ауданына қарасты шаруа қожалық иелері қатысты.

      Алғаш болып «Мені білетін шығарсыздар облыс әкімінің орынбасары Шайдаров боламын» деп сөзін бастады. Облыс әкімің орынбасары. «Жиналып отырған мәселемізді өздеріңіз жақсы білесіздер. Андасай мемелекеттік қорығының аймағын кеңейту мәселесі. Бұл жайында біраз шарулар атқарылды. Дегенмен, үлкен наразылық, түсінбеушілік бар. Ол жерде тек әлеуметтік желіде емес, ресми түрде жазылған хаттарыңыз да бар.  Сондықтан біз облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасымен карантиндік шараларды сақтай отырып,  арнайы Сіздердің орталарыңызға келіп, жүзбе-жүз сөйлесейін деп отырмыз. «Андасай» қорығын кеңейту қандай жағдайда туындады. Оған арнайы мамандар ғылыми түрде дәлелдеп, заң жүзінде айтып береді. Жиналыста сіздерден сұрайтын мәселе отырысымыз мәдениетті, сындарлы түрде өтуі керек.  Бұл жерде айтылған сөздердің барлығы хатталады. Мәжіліс соңында бәріміз қол қоямыз» деді.

       Келесі болып сөз алған ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат ҚАНАТҰЛЫ ҚАЙНАРБЕКОВ мырза мемлекет басшысының сөзімен бастады «Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық дамуды ерекше атап өтті. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де бұндай шаралардан кеш қалуға болмайды» деп Сәл кідірді де «2016-2020 жылдары  Қарағанды облысында 55 заң бұзушылық тіркелді, осындай фактілердің болмауы үшін Андасай қорығын кеңейткен жөн. Олай дейтінім жергілікті тұрғындардан инспекторлар құрылады жұмыс орындары ашылады» деп өз ойын да айта кетті. Бұл қылығы жас балаға кәмпит беремін деп алдаусыратқан кейіпті елестеті. Келесі сөздерінде «Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы Қазақстан Республикасы заңының 20-шы бабына сәйкес Кoмитет Қарағанды облысында Андасай қаумалының шекарасын кеңейтудің жаратылыстану ғылыми техникалық экономикалық жобаларын әзірлеуге кірісті. Жобаның техникалық экономикалық мемлекеттік сараптамада оң қортындысы берілді. Сол заңға сәйкес жетінші және жирмасыншы баптарына комитет Андасай қаумалының аумағын кеңейтуге арналған жобасын әзірледі. ҚР жер қатынастар туралы 60 шы заңына сәйкес ешкімнен жерді алып қоймайды» деп ескерте кетті.

    Парламент Мәжілісінің депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ «Тиімді. Табиғатты қорғау. Менің ойым Андасай емес Ұлытау болсын. Құжат Андасай болып жасала берсін. Кейіннен бөліп аламыз «Ұлытау-Сары-арқа» деп. Оған міне Ұлытау, Жаңарқа, Нұра кіреді. Облыс әкімі қолдау көрсетті. Бөлек қаулы керек екенін өздеріңізге осыған дейін де жеткізгенмін. Бұл жануарларды қорғау дегенде жаңа мамандар айтты ғой. Тек өзінің аң аулайтын, аңшылыққа берілген уақытта ғана аңшылар келеді. Маған ұнағаны Ұлытаудың табиғатын, жануарларын өздеріңіз білесіздер киігіде, қабаныда, қасқырыда, тышқаныда қорғалады ертең. Аңшылық уақытынан басқа уақытта  ешкімді инспекторлар келгізбейді».  Тыңдағанға әдемі-ақ сөз. Емешегің езіліп, бауыр етің елжіреп кетеді. Бірақ, оған сәл кешірек тоқталамын.
Ереже бойынша келесі кезекте қанша аумақты Андасайға қосатыны сөз болды. Қарағанды облысында жеті кластер бойынша қорыққа деп жалпы аумағы 2 756 422 гектар жер белгіленген. Оның 1 183 058 гектар Ұлытау ауданынан,  874 100 гектар Жаңаарқа ауданынан, 679 839  гектар Шет ауданынан қарастырылған екен. Мімбердегі кісілердің айтуынша аталған аймақтар Залогиялық алаң болады – онда тек бір ғана шектеу ол «Аң аулауға болмайды». Сол сөзді Шайдаров мырза 10 рет қайталады.

Жиынға жиналған шаруа қожалықтарының түсінбей отырған бір мәселесі Заңның үстіне заң шығарып не керек? Аң аулауға онсыз да болмайды ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» арнайы N 593 заңы бар. Ол жерде нақты, анық кім аң аулай алады, қалай аулау керек анық жазылған. Сол заңға тағы да қандай қосымша заң керек?

Хош, енді Андасайға тоқталайық. Жоғарыда айтылған «Андасай» мемлекеттік табиғи заказнигі 1966 жылы құрылған. 1 000 000 гектар жерді алып жатыр. Шу өзенінің оң жағалауына, Мойынқұм ауылының батыс жағалауына орналасқан. Заказник жабайы аңдар мен құстардың санын сақтап, көбейту мақсатында құрылған. Қорық атауы түсінікті мал шаруашылығымен салыстырғанда әлде – қайда салмақты. Тағы да бір түсініксіз жер мал шаруашылығына арналған жерге қорық атын жамап не жасамақшы? Ал енді қорыққа тоқтала кетейік «Қорық– аумағындағы барлық табиғи кешен толығымен шаруашылыққа пайдаланылудан алынған және үкіметтің қорғауында болатын жер не су кеңістігі; типтік, сирек кездесетін және бірегей табиғи кешендерді бүкіл компоненттерінің жиынтығымен қоса, сол қалпында сақтауға арналған, арнайы қорғау режимі бекітілген ерекше қорғалатын табиғи аумақ». Енді ескере беріңіз қандай да келіспеушілік мәселе туындаса мал шаруашылығын жиыстырып жер ауыстыруға тура келмек.

Жиын сындарлы басталды. Шару қожалықтары да кезекпен сөз алды. «Азамат -Агро ш/қожалығы атынан» Бегенов Бауыржан Ғаббастың Ұлы:  Жаңа сіздер ғылыми негіздемелер жасалды дедіңіздер. Соны қандай негіздемелерге, ережелерге сүйеніп жасадыңыздар және кімдер жүргізді?

Ғылыми тұрғыдан…  осымен болды. Бегаевтың сауалына қанағаттанарлық жауап болмады. ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы: Асхат ҚАНАТҰЛЫ жауап беруге тырысты. «Жаңа басында айтылды ғой. Басқа да құрып кетуі қауіпі бар жабайы аңдар мысалы АРҚАР… сосын құстарға байланысты.

«Азамат -Агро ш/қожалығы атынан» Бегенов Бауыржан Ғаббастың Ұлы: Жаңа айттыңыздар ауыл шаруашылығына ешқандай кедергісі болмайды деп. Жаңағы сіздер қорыққа белгілеп отырған жерлерде мал көп жүретінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ол жерлерде шөп шабылады. Техникалар оңды-солды жүреді. Мал не техника жұмыртқаны басса оны сіздер қалай қорғайсыздар?

«Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры: Мәрлен Сансызбайұлы «Сізден ешкім оны сұрамайды. Дуадақты Түркістан облысында өсіріп жатырмыз. Сосын табиғатқа жіберіп жатырмыз. Ол өзі жерсінген жерде нетет (тұратын болады). Неткенде (Тұрақтаған жайлы жерінде өсіп-неді) сол жерлерде өседі. Сіз оны әдейілеп өлтірмейсіз ғой. Мылтықпен шықсаңыз ғана қорғаймыз. Мал өлтіріп жатса малдан сұрамаймыз».

«Азамат -Агро ш/қожалығы атынан» Бегенов Бауыржан Ғаббастың Ұлы: Ондай болса қорғаудың қажеті қанша. Мемлекеттің қыруар ақшасын желге шашып не керек? Сіздерге осы жұмысты жүргізу үшін қанша ақша бөлініп отыр?

«Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры: Мәрлен Сансызбайұлы: «800 000 000 – 900 000 000 милион бөлініп отыр. Ата-бабаларымыз бұрыннан мал шаруашылығымен айналысқан. Қазірде айналаса береді…»  Мәрлен мырза дұрыс айтады. Ата-бабамыз «мал баққан, ешкімге соқтықпай жай жатқан» тәбиғат пен жануарларды қорықсық да қорғап, киесі мен келісін ұрпағына түсіндірген еді. Осынау байтақ жерді сондықтан да мұра етіп қалдырғаны құдайға шүкір есінде екен.

          Микрафон кезегін келесі болып сексеннің бесеуіне келген Борсенгір селолық округінең шаруа қожалық иесі Шегебаев Қонысбай ақсақал алды. «Осы қаумалды кеңейту не қажеттіліктен туындап отыр? Бұл бірінші. Екіншіден, біздің мемлекетімізде жерді ондағы аң құсты қорғау заңы бар. Ал енді сол заңның үстіне бөліп алып қаумал деп, ойдым-ойдым жерді бөлшектеп, қорғаушы ұстаудың не қажеттілігі бар? Менің ойымша мемлекеттің атын жамылып қорғаймыз деп басқаша бір мақсаттарға пайдалану ой бар сияқты. Өйткені қазір мен тұрған жерде қасқырда, қабанда, түлкіде, қарсақта, күзенде, борсықта, тышқанда, зорманда бар. Оның біреуін бір жан ауламайды. Ол модадан қалды қазір. Бүгінде басымызға норка шәпке, үстімізге дубленка, аяғымызға былғары етік киеміз. Баяғы ата-бабамыздай түлкі, қасқыр ішік қалды. Әр бірден соң даладан тышқанын таба алмаған түлкі қарсақтар көшемізге келіп күнелтіп жүр. Біз оған тисіп жатқанымыз жоқ. Ал енді соны шын қорғау керек болады екен. Оны өзіміз де қорғаймыз. Ең алдымен жас бала сияқты етіп жұбатудың қажеті жоқ. Шару жүре береді, қорық бола береді. Бәрі жақсы болады деп. Айналайын азаматтар ел алдында жүрсіңдер ғой. Жаңағы сіздер айтып отырған мәселенің мемлекетке пайдасы керек. Егерәкей жаңағы құратын қорықтарыңыз халқымызға, мемлекетімізге осы отырған мал шаруашылығынан көп пайда әкеледі десеңіздер, осы отырған бәріміз жерді таза босатып беруге дайынбыз. Олай болмаған жағдайда жігіттер ойланыңыздар. Ойлану керек, қорық деген аты бар. Ертең сұрауы болады. Малдың жүрмейтін жері жоқ. Сондықтан бізді алдаусыратпай шешімді басқаша қабылдаңыздар».

«Аршын» шару қожалығы басшысының орынбасары Ашимов Арман Аманжолұлы: Диполммен ауылға дейген бағдарламалар бар. Неге енді ауылдың мал бағатын малшыларға шектеу болып жатыр?  Неге оларға жер берілмейді? Жұмыс орындары ашылады деп басталады, мысалға айтайын «Жаңгелді» селолық округінде көмір шығаратын шахта ашылды, бержағында алтын да өндіріледі. Жұмыс жасалып жатыр. Неге ол жерлерде ауылдың адамдары жұмыс жасамайды?  Ауылдың балалары қалаға келіп қап көтеріп жүр. Үйінің іргесінен көмір де, алтында шығып жатыр. Олар қалада тентіреп жүр. Ал, ол өндірістерде қараумен (вахта) келіп басқа жақтың азаматтар жұмыс жасауда. Жергілікті әкімдер жергілікті азаматтарды жұмысқа тұрғыза адмай жүр.

Сары-су селолық округінен жетпіс бес жастағы Жангердин Сұлтанғазы ақсақал: «Айналайындар! Біз осы төңіректе туып өскен азаматтармыз. Құс туралы айтып жатырсыңдар ғой. Бұл жерде қарға мен қарақұстан басқа ештеме өспейді. Аққуға біз онсызда тиіспейміз. Бала шағамызға да тиіспе деп отырамыз. Қорық жасаймыз деп отырсыздар. Жерді жалға алған 49 жыл ертең бітеді. Ұятты болсада айтайын жұмсақ жерімізден бір теуіп қалаға жібересіңдер. Бала-шағам қалай күн көреді. Елбасынан бастап айтып келесіздер кәсіп әулеті (династиялық)  болсын деп. Сонда мен баламды кім бол деп тәрбиелеуім керек? Тағыда бір айтатын мәселе үйімнің жанындағы жерді алаалмай жүргеніме жеті жыл болды. Шайдаров мырза оны сіз де білесіз. Қыстауымды қорыққа кіргізіп жіберіпсіздер. Сонда мен енді арабтың жерінде тұрамын ба? Бізді неге тәуелді қыла бересіңдер? Орыстан әрең құтылып едік. Енді арабқа тықпалап жатырсыңдар тәуелді қылып. Зәр азап па бұл не нәрсе?»

     Киясбек: 2001 жыдан бастап Әділ шару қожалығын жүргіземін. Туған жерім Түркістан облысы, Отырар ауданы 1987 жылдан бері Сәтбаев қаласының тұрғынымын. Жаңа дуадақ деп айттыңыздар. Сол дуадақтың өсіп жатқан жерінде Көксарайда туылғанмын. Совхоз орталығы, ол жерде 8-9 мың тұрғыны бар. Сол жерде 50 мың гектардай жерде, осы дуадақ өсіріледі. Енді сол елді мекенде тұратын тұрғындардың біреуінен дуадақтың пайдасын көрдім дегенді естімедім. Оның қызығын жүздеген джиптармен келіп. Арабтар қызықтайтын көрінеді. Олар аңға шыққанда фермерлердің барлығына шектеу қойылады. Малда жанда жүрмеу керек. Дуадақ жұмыртқа салған кезде тағыда шектеу қойылады. Туған жерім болған соң жылына екі рет барып қайтамын. Сол өңірге дуадақтың бір тиын пайдасы тиді дегенді естімедім. Дуадақты өсіреміз деп отырсыздар. Оның пайдасы кімге тиеді? Ол да түсінікті болып тұр. Жаңағы мен айтқан жерлерде бұрын мал шарушылығы отыратын құдықтар болған. Қазір ол жерлерде фермерлар отырмайды. Өйткені қорықта тұр.

    Асхат ҚАНАТҰЛЫ: «Біріншіден, айтайын дегенім ешқандай арабқа жер берілмейді. Бұл біздің Охотзоопром деген кәсіп орын өзінің тарапынан осы жерді қадағалайды. Қаумалдың бізге бөлінген аумағы ғана кеңейтіледі. Екіншіден, жаңағы питомник салынады дейсіздер. Оңтүстік қазақстанды алсақ. Ол жақта қорық аумағы 6 милион гектар жер. Соның бір 10-20 мыңына салған шығар. Екіншіден, экономикаға 2 миллиярд доллор инвесиция келді. Комитет тарапынан бізде 15 халықаралық ынтымақтастық келісім шарттар бар. Ол мысалға Араб, Ресей, халықаралық ұйымдар дегендей. Табиғатты қорғау бүкіл әлеммен қосылып жұмыла істейтін шаруа. Арабтарда осындай табиғат болмағаннан кейін мүмкін инвестиция салғысы келетін шығар. Экономикаға қаншама инвестиция келіп жатыр. Комитет тарапынан біреуге беріп біреуден алумен айналыспаймыз. Ешқандай жер ешкімге беріліп жатқан жоқ. Қорғауға алынды деп жарияланады»

            Комитетінің төрағасы Асхат ҚАНАТҰЛЫ бір сөзінде Андайсай құрылғаннан бері сол аймақтағы шаруалардан не жергілікті тұрғындардан ешқандай наразылық болған жоқ деді. Ал, Жамбылдық әріптесім, журналист Ерғали ҚАРТАЙҒАНның мақаласынан тұрғындар уәжін байқадым. «Мәселен, Андасай қорығында бірнеше жыл бойы қорықшы болып жұмыс істеген Жапар Сатылғанов қорықтың бүгінгі жағдайына алаңдаулы екенін айтады». Енді кейіпкердің сөзін де жалғай кеткенді жөн көрдім.
– Өңіріміздегі жалғыз қорықты Алматы облысына өткізіп жіберу деген ол – өзіміздің табиғи байлығымызға жасалған қиянат деп есептеймін. Мен Андасай қорығында 1997 жылдан бастап ұзақ жылдар басшылық қызметте жұмыс істедім. Серік Үмбетов облыс әкімі болып тұрған тұста да Мойынқұмдағы қаумалды алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына беру туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тарапынан ұсыныстар болмады емес, болды. Алайда облыс басшысы бізбен ақылдаса келе, ол Жамбыл облысындағы республикалық мәні бар жалғыз зоологиялық қаумал болғандықтан, келешекті ойлап, жол бермеген еді. Қайбір жылдары, қиын-қыстау кезеңде жалақысыз да жұмыс істеген кездер болды. Ал қазіргідей тоқшылық заманда өз байлығымызды өзге облыстың еншісіне өткізіп жіберу өте ұятты іс»
Сонымен, зейнеттегі қарияның мұңын тыңдап, мәселені көзімізбен көргеннен кейін жауаптыларға сұрау салдық. Нәтижесінде, Андасай қорығына жауапты алматылық мекеменің өңіріміздегі өкілі Қайрат Қасеновпен тілдескен едік. Оның пайымдауынша, аудан тұрғындары қаумалға қатысты мәселені дұрыс түсінбей жүрген көрінеді.

– Аудан тұрғындарының арасында Андасай мемлекеттік қаумалы «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өткен жылы өтті деген қате пікір қалыптасқан. Ол – дұрыс емес. Шындығында, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2004 жылғы бұйрығына сәйкес, Андасай мемлекеттік қаумалын қорғау сол жылдан бастап «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына жүктелген. Бүгінгі таңда Андасай мемлекеттік қаумалында өзімді қосқанда 14 қызметкер жұмыс істейміз. Ал өткен жылы жұмыстарынан босап қалған 11 қорықшыға келер болсақ, олардың барлығы да Көктерек орман шаруашылығының қызметкерлері болатын. Бұны шатастырмау керек. Олар қолдарында ешқандай техникасы болмағандықтан және ешқандай қаржыландырусыз, тек қана айлық алып отырғандықтан қысқартуға ұшырады». Миллион гектарды алып жатқан Табиғат-ананың байлығын қызғыштай қорғау өз қорықшыларымыздың да қолынан келеді» деп көңілі күпті болған тұрғындардың да сөзінің жаны бар. Бір кездері жаратылыстың өзі киелі Мойынқұмның қақ ортасынан ойып орын алып берген әйгілі Андасай қорығының бүгінгі таңдағы жай-күйі осындай. «Ұзын сөздің қысқасы» деп айтсақ, мемлекеттік қаумалдың төңірегіндегі түйткілдің түйіні тарқатылып, тұрғындардың көкейіндегі сан сауал жауапсыз қалмаса екен дейміз. Көңілімізді күпті қылған осы мәселе бойынша жауапты мекемелер не айтар екен деген сауалмен сөзімізді түйіндесек.» деп қынжылады автор Ерғали ҚАРТАЙҒАН Мақаланың жазылғанына бір-екі жыл өтсе де, өзегі Қарағанды облысына тірелмесіне кім кепіл?

Қасқырбай Өмірзақұлы: Менің шару қожалығым Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарымен шектеседі. Осы төртеуіңізге айтарым сіздерді ауылға қонаққа шақырамын. Ауылға барыңыздаршы. Жағдайларыңызды жасаймыз. Ауылды көріңіздерші көздеріңізбен. Бетбақ деген жерді көріңіздер. Содан кейін барып айтыңыздар не бар не жоқ екенін. Көрмей, білмей жоғары жақта отырып алып халықты шулатпаңыздар. Сөздеріңізге қарағанда шикілік бар екені білініп тұр. Сондықтан малын бағып тыныш жатқан халықты жылатпаңыздар.

Мулахов Абзалбек Тусуппекович Мибұлақ селолық округінен: Бұл шаруаның көтерілгеніне үш жылдан асты. Бірінші жиналыста осы әңгімелер айтылды. Бір өкілдеріңіз КИМдеген жігіт айтты құрылыс салуға шектеулер болады деді. Біз оған қарсы болдық. Мибұлақ Шымкентпен көршіміз сауда саттық жүргіземіз. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Осы жерде отырған адамдарды ақымақ көріп отырсыздар ма? Қорықты ашудан басқа осы ауыл шаруашылығында мәселе жоқ па? Айтыңыздаршы. Шөпке, жемге басқа облыстар бұрыннан бері субсидя алады. Бізге неге бермейді. Ақтөбенің жігіттері қылқындырып алып отыр. Біз мал өсіріп отырған жерде шөп шаба алмайсың. Сатып аламыз. Қыс деген ұзарып бара жатыр. Жайғана сауалдар міне шешімі жоқ. Малды белгілеу сырғасы енді келіп жатыр. Мал деген жыл басынан туып жатыр. Әр окрукта мал дәрігерлер бар. Елді аралайтын астарында машина жоқ. Бұлар мәселе емеспе. Біз бір болмайтын дуадақты мәселе қылып отырмыз. Менің ойымша осы дуадақ мәселесіне біреу май ма, балма жаққан. Оны түсініп отырсыздар. Жеңіс Қасымбек облысқа келді мәселе қайта көтеріліп отыр. Ауданға Берік Әбдіғали келеді мәселе тағы көтеріледі. Бұның бәрі Арабтың ермегі үшін жасалып жатқан шаруа ма? Жаңа азаматтар қандай ғылыми жұмыстар жүргізгенін айта алмай отыр ғой. Бұл өңірде осы үш жылдың көлемінде қанша мал өнімі болды. Қанша адам жұмыспен қамтылған соны неге зерттемеген. Дуадақ пайдалы ма мал пайдалы ма? Берік сенде Серік сенде осы жердің суын іштіңіздер. Халықты жылатпаңдар. Елбасы айтты «екі сиырды бағып, күн көріңіздер» оны ақымақтар түсінбеді. Мазақ қылған да сол маңайдағы азаматтар. Осы жердегі отырған азаматтар сол малмен күн көріп отырған жандар. Үйін сатып, кредитін алып сол мал өсіріп жатыр. Неге тиісе бересіңдер?

Егінді селолық округі шару қожалығының орынбасары Әнуәр Омар: Төрде отырғандарды да жан-жағымда отырғандарды да әріптес деп айта аламын. Өздеріңіз білесіздер Секе 2010-2013 аралығында, кейін  2017-2019 жылдар аралығында осы ауданның әкімі болып басқардым. Осы айтылып отырған әңгімелер маған өте түсінікті. Бұл Ұлытау ауданының төңірегінде мал шаруашылығымен айналысқаннан басқа, айта кетсем осыған дейін де, бұдан кейін де басқа жаңа кәсіптің түрі пайда болайын деп тұрған жоқ. Яғни аудандық жүйені құраушы кәсіп – ол мал шаруашылығы. Осы шаруалардың еңбегімен түсіп жатқан салығы өз алдына бір бөлек. Жалпы ауданның халқын жұмыспен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп ұстап отырған осы шару қожалықтары. Мен әкім болып жүргенде 939 шару қожалығы бар болататын. Қазір білмеймін. Бір білетінім мал асырап мал басын өсіруге деген ынта басым. Халықтың ауыл шарушылығын дамытамыз, шару қожалықтарының аумағын кеңейтеміз деп ынталанған уақытта. Мына әрекеттеріңіз тоқырауға ұшыратады. Сондықтанда неге міндетті түрде Андасай биыл кеңу керек? Бұл жерде нақты жауаптар беріліп жатқан жоқ. Менің ойым дәл қазір Андасай қорығын кеңіткеннен гөрі, қазір ауыл шаруашылығына көңіл бөлу керек. Шару қожалықтарының санын көбейтуге, санымен қоса сапасын көтеруге басымдық беріп, алғы орынға осыны қою керек сияқты.

Осы айтылып отырған ақпараттарыңыздың ішінде маған бір нәрсе түсініксіз болып тұр.  Сұрап отырған 1 183 058 гектардың 200  гектары шару қожалықтарына кіріп тұр, қалған  900 гектары бос жатқан жер деп кішкене жеңілдеткілеріңіз келеді. Ол жерлерге мал шаруашылығын дамытамыз деп өтініш беріп отырған кісілер жетерлік. Ол жерлерді бос деп есептеуге болмайды. Анализ жасап көрсеңіздер жергілікті тұрғындардың стратегиялық жоспары бар. Сондықтан Андасай аумағын дәл қазір кеңейтуді шегере тұрған дұрыс сияқты.

   «Көктөбе» Шару қожалығының иесі Омарова Гүлназ: Мен сіздерді өте жақсы сыйламын. Берік Әбдіғалиұлы сізді де, Серік Жаманқұлұлы сізді де, сіздер осы жерде кіндік қандарыңыз тамған, осы жер деп жүрген азаматсыздар. «Алтын басты әйелден, Пақыр басты ер артық» дейді атам қазақ. Өздеріңіз осы шаруа қожалықтарыңың жағдайын біліп отырсыздар. Олар отыз, қырық милионнан несие алып, сол жерлерге қора-қобсық, үй салып, малдарын көбейтіп, Малдың басы өскен сайын жерді керек етеді. Серік Жаманқұлұлы өзіңіз білесі Ұлытау ауданы мал шаруашылығына ыңғайлы жер. Құсқа емес. Сіздер біздің жанашыр азаматтарымызсыздар. Біз сіздерге сенеміз. Біздің осы жан айқайымызды естіп, осы жақсы қалпымызда, жерлерімізді өздерімізге қалдыратын азаматтар деп сенеміз. Бізге тиспеңіздер. Шарулар өссін, өнсін малдарын көбейтсін. Сіздерге біз рақметімізді, алғысымызды айтып жүреміз. Ертең біз жылап жатсақ,  малымызды баға алмай жатсақ, бөлшектелген шекарада қалсақ сіздер халықтың қарғысын аласыздар. Сондықтан да осы шаруаны қойыңыздар. Ұлытау ауданы жүз пайыз Андасай аймағын кеңейтуге келіспейміз».

«Сіздердің пікірлеріңізді, ойларыңызды біз түсіндік. Жақсы айттыңыздар, жеткізіп айтыңыздар. Бұның барлығы есепке алынады. Оны айтамыз. Сіздердің пікірлеріңізбен санасамыз». Серік Жаманқұлұлы

Асхат Қанатұлы: «Баршаңызға көп рақмет. Шынымен де жақсы ұсыныстар, пікірлер болды. Кей пікірлерде жалғасты талқылауға алатын сұрақтар бар екен. Осы жерге облыс әкімінің өтінішімен әдейілеп келіп отырмыз. Шынымен де сұрақтар көп екен. Жаңа сұрақтар болды хаттамаға енгізейік. Екіншіден, арнайы мамандарды жіберіп талқылайық. Үш жыл талқыланып келе жатыр ғой. Тағыда төрт-бес жыл талқылауға болады ғой. Бұл сұрақ жалғыз дуадаққа, арабтарға тіреліп тұрған сұрақ емес. Шын мәнінде мемлекет тарапынан өзіміздің ерекше қорғалатын аймақтардың көлемін кеңейтуге мақсат қойғанбыз. Егерде сіздердің шаруашылықтарыңызға кедергі болатын болса, әрине бұл сұрақ қабылданбайды. Сіздерге көп рақмет!»

Берік Әбіғалиұлы: «Құрметті азаматтар! Өздеріңіз жақсы білесіздер.  Президентіміздің концепсиясы халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз. Сондықтан міне сіздер айттыңыздар. Өте өзекті мәселелер көтердіңіздер. Тек қана «Андасай» қаумалы ғана емес. Бүкіл ауыл шаруашылығы мәселесін көтердіңіздер. Сондықтан, иә, хаттамаға Ұлытау ауданының фермерлері «Андасай» қаумалын құруға қарсы деп жазу керек. (комитет төрағасына қаратып) Үкіметке осыны ұсыныс ретінде берулеріңіз керек» деді

Сөз сөңында Андайсай қаумалын кеңейтуге байланысты сұрақтарды хаттама толтырамыз деген азаматтардың сөзі сұйылды. Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласынан келген бұл, аса құрметті қонақтар хаттамаға қарамастан тұра қашқандай болды.

«Бір-екі кісі қалсын қоямыз» деген еді Берік Әбдіғали.  Содан бері екі апта өтті.

«Өкінішке  орай, осы бүгінгі күнге дейін фермерлердің қолы қойылған хаттама облыс әкімшілігіне, яғни Шайдаров С.Ж. мырзаға жіберілгенімен, хаттамаға Шайдаров С.Ж. пен мемлекеттік қызметкерлердің қолы қойылып, фермерлерге  берілген жоқ.

Тағы бір айта кетерлік жайт, облыстық табиғи ресурстар басқармасының берген жауабында жер учаскелерін резервте қалдыру үшін шыққан шешімі, Шайдаров С.Ж мырзаның жазған жауабына қарама-қарсы. Осыған орай, Еліміздің Бас Прокуроры Ғизат Нұрдәулетов мырза атына,  Сыбайластық жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы Шпекпаев А мырзаға арыздандық». – деп бүгін Ұлытау фермерлері уәжін де айтып отыр.

     Қойшыға қор, жылқышыға жыр, сиыршыға сан соқтырғандай жер мәселесін бұлай бұралаңға салып, бұра тартқанның соңында кім тұр?  Төрағаның «Арабтар келмейді деп айтпадым, жер берілмеді»-деп Арабтар аңшылыққа келетінін анық түсіндіргені. Облыс әкімінің орынбасары «Сіздер көп нәрсені түсінбейсіздер» — деп халықты кемсіткені көңілге күдік ұялатты. Естіген құлақта, көрген көзде жазық бар ма? Көрдім, естідім қаз-қалпында жаздым. Патша көңіл оқырман. Қалған жердегі мәселенің дұрыс, бұрысын өздеріңізге қалдырдық.

Республикалық «БІЛІМ АЙНАСЫ»
жобаларының негізін қалаушы,
конвергентті журналист
Қуантай АМАНТАЙҰЛЫ

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.