Home » Эссе »  «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға…»

 «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға…»

Утешова Гульнар Исрайыловна,
Жамбыл облысы  әкімдігінің білім басқармасы
 Меркі ауданының  білім бөлімінің
«Психологиялық педагогикалық түзету кабинеті»
КММ-нің дефектологы

 Мен, Утешова Гульнар Исрайыловна, Жамбыл облысы, Меркі ауданы әкімдігінің білім бөлімінің «психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің» меңгерушісі, дефектолог мұғалім, еңбек өтілім-35 жыл, ауданда білім беру қызметінде, өзімнің емес, өзгенің бақытын аялау жолында, яғни бала кезімнен армандаған  ұстаздық жолында еңбек етіп жүрмін.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев  өз сөзінде:  «Біз білім  мен  ғылым саласында бәсекеге қабілетті бола алмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз» — деп айтқан, сондықтан ХХІ   ғасыр   -ұлттық    бәсеке,   ақпараттық   сайыс,   инновациялық   технологиялар, яғни білімділер ғасырында бала жанының бағбаны саналатын ұстаздар міндетінің жүгі ауырлайды. Ұстаз – білім беру жүйесінің қозғаушы күші, жаны және жүрегі. Мұғалімнің негізгі мақсаты – рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол жаңа заман адамын қалыптастыру болса, жаны мен тәнінде, дамуында ауытқушылығы бар балаларды  әлеуметтік бейімдеу,  мүгедектіктің алдын алу –ата-ана ғана емес, қоғам алдындағы  негізгі міндеттің бірі. Ерекше білім беруге  қажеттілігі  бар баланың өсіп, қалыптасуы  барысында кездесетін қиыншылықтарды  жеңе отырып, оларды өздерінің  кемістіктерінен қорсынбайтын, қоршаған ортаға қиналмай ене алатын  жеке тұлғаны қалыптастыру, танымдық қабілеттерін толықтыру, ерік – жігер саласындағы ақауларды жою, білім қорын толықтыру, ортаға, мектеп  жағдайына  бейімдеу – қазіргі таңдағы оңалту,  түзету мекемелері мамандарының, яғни дефектологтардың негізгі міндеті.
Қазіргі таңда  қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, тірек-қимылында, зиятында ауытқулары, психикалық аурулары бар әр түрлі жастағы бала  санының артуына әкеп соқтыруда.    Мектепте де,  үйде де ондай балалар жеке қолдауды қажет етеді. Белгілі психолог Л.С.Выготский: «Бала бойындағы кемістікті оларға үнемі қамқорлық көрсетіп, оқыту мен тәрбиелеу істерін жүйелі жүргізу арқылы әлеуметтік жолмен толықтыруға болады» — деп айтқандай,  ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мемлекетіміз айрықша назар аударып, қамқорлық көрсетуде. Барша   қауым   қолдап   отырған Елбасымыздың   білім беру саласындағы Стратегиясын жүзеге асыруда қоғам сұранысын дағы ұстаздың бойынан ерекше қасиеттерді  атап көрсетуге болады: ­азаматтық жауапкершілік, әлеуметтік белсенділік, ­рухани мәдениеттілік,  ­шынайы парасаттылық, ұйымдастырушылық, ­жаңашылдық, саяси сауаттылық, ­кәсіби құзіреттілік.
Заманауи педагог кім?  Ол үнемі ізденістегі зерттеуші, технолог, өнертапқыш. Сол себепті   де,   әрбір педагог шығармашылықпен   жұмыс   істейтін     жаңашыл ұстаз болуы керек. Қазіргі қоғам алдында әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар мен жасөспірімдерді оқыту, дамыту-басты назарда болып отырғанын ескерсек,  дені сау қалыпты балалармен бірдей теңдікте білім мен тәрбие берілуде.  Отанымыздың әрбір болашақ азаматын  тәрбиелеп, білім беру, дамыту — ең жауапты іс. Бүгінгі бүлдіршін-ертеңгі ел болашағы. Сондықтан баланы кішкентай кезінен келешек өмірге бейімдеу бүгіннен бастау алады.
Қазіргі таңда жалпы орта білім беретін мектептерде үлгерімі төмен оқушылардың 50 пайызын психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалар құрайтындығы ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Дефектолог В.И. Лубовский, К.С. Лебединская зерттеулерінде балалардың жас мөлшері бірдей болғанымен, психикалық дамуы әр түрлі болуы мүмкін екендігі , яғни, балалардың интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмейтіндігі ерекше атап көрсетілген. Психикалық даму тежелуі (ПДТ) дегеніміз — ғылымда психика дамуының уақытша артта қалуы деп түсіндіріледі. Бұл туралы психолог  Л.С.Выготскийдің: «Кемтар бала қалыпты баланың деңгейіне жету үшін қазіргі ерекше құралдарды қолданған жөн» деген сөзі бар. Психикалық дамуы тежелген баламен түзету жұмыстарын жүргізетін әр маман әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жаңалықтың жаршысы бола білуі керек. Ерекше құралдар мен арт-терапияның барлық түрін  пайдалана отырып жүргізілген түзету сабақтары  өз нәтижесін беруде. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеудің мақсаты мен міндеттері педагогиканың жалпы принциптерімен анықталады: белсенді, қоғамға пайдалы адам тәрбиелеу, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру- осының барлығы жеткілікті әдістердің мөлшерімен, құралдармен, диагнозына сәйкес даму динамикасымен  іске асырылады. Мекемеде  балаларды тәрбиелеу – отбасымен, оның мүшелерімен  педагог-дефектологтардың (логопед, сурдопедагог, олигофренопедагог) тығыз байланыста болуы арқылы жүргізіледі, жылы қарым-қатынас орнату,  өз – ара түсінісу, бір – біріне көмек көрсету, тәртіпті талап етуді орынды үйлестіре отырып, іске асырылады. Мұндай балалармен тәрбие жұмыстары олардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, тәуелсіздігін қалыптастыру, өзіне — өзі қызмет ету дағдыларын дамытуға  бағытталып жүргізіледі. Мекемеде  балалардың белгілі бір қасиеттерін, көзқарастарын, сенімін қалыптастырумен  қатар, ақыл – қабілеті, ой еңбегі, өнегелік, эстетикалық тәрбиелік міндеттерді шешу қарастырылған, әр түрлі мазмұнды тәрбие сағаттарына, байқауларға, экскурсия, тренингтерге, ертеңгіліктерге қатыстыра отырып, түзету-дамыту үрдісі жалғасын табуда.
«Мұғалімдік мамандық-бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты,  шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» , — дейді  В.А Сухомлинский.
Неміс педагог-дефектологы П.Шуман «Баланың психикалық немесе дене дамуы неғұрлым төмен болса, ұстаздың білімділігі мен біліктілігі  соғұрлым жоғары болуы қажет» — деп айтқанындай, мекемеде педагог қызметкерлер үнемі ізденіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауда.
Түзету-дамыту сабақтары барысында балалардың жеке басының қасиеттерін, мінез-құлқын, ойлау қабілеттерін ойын арқылы түзетуге, дамытуға болады. Әр баланың өмірге қадам басқандағы алғашқы әрекеті бұл ойын болып саналады. Ойын барысында балалардың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Ойын баланың күш-жігерін жұмсап, сезініп, білдіруге мүмкіндік алып, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауға үйретеді. Ойын арқылы балалар қоршаған орта жайлы білімдерін толықтырады, дербес шешім қабылдауға дағдыланады, ойлау барысында ұтқырлық пен тапқырлық танытады. Мекемеде мүмкіндігі шектеулі балалармен ойналатын ойындар баланың зейінін, ойлау, есте сақтау қабілеттерін, сөйлеуін дамытуға арналған.
Биылғы жылы кәсіби іздену барысында  психикалық даму тежелуі бар балалармен түрлі-түсті тастарды қолдана отырып,  жұмыс жүргізуді қолға алдық. Мекемеде арт-терапияның бірнеше түрі қолданысқа енген.  Арт-терапияның ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың аңғарымына, жасына, жеке басының дамуына қарай түзетіліп, дамуына  бірден-бір жаңа түрі — «Тас терапиясын» пайдалана отырып жүргізілген түзету жұмыстары психикалық дамуы тежелген және зиятында ауытқушылығы бар  оқушылардың зейіні мен есте сақтауын дамытуға, кеңістікті бағдарлауына, сөйлеу тілінің қалыптасуына, қисынды ойлауын дамытуға тиімді әсер етіп, түзетіліп, алға жылжуына жағдай жасайтыны анықталды.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен тастан әр түрлі заттар (жануарлар, көкөністер, жемістер, т.б.) құрастыруда,  тастардың  көлемін, пішінін, түр-түсін ажырату, қиыршық, тегіс, жұмыр тастарды алақанда қысып ұстау, тастың бетіне сурет салу сынды  түрлі жұмыстар жасаған кезде оның бала зердесіне әсер етуі мен қабылдауы, балаларға берілетін тапсырманың шектен тыс ауыр болмауы, балалардың мүмкіндіктері ескерілу керек. Жалпы, зейіні тұрақсыз балаларға ойынның мазмұнын қызықты етіп, баланың  ойын ойнауға ынталы болуы ескеріліп, «жеңілден ауырға»,  «аздан көпке» принципі сақталуы қажет.  Нәтижесінде баланың таным процесі белсенді жұмыс істеп, зейіні мен қызығушылығы артады. Сондықтан да ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарға жоғары талап қойылады.
Тас терапиясы – әлеуметтік бейімделудің жақсы тәсілі. . Балаларға, ата-аналарға таспен жүргізілген жаттығулар, ойындар тартымдылығы, әсерлілігі жағынан да, ұтымдылығы мен тиімділігі жағынан да ұнап, қолдау тапқаны бізді, яғни дефектологтар мен психологтарды қуантады
Тас терапиясы- адамның эмоциялық саласына әсер ететін психотерапиялық әсердің тиімді тәсілі болып табылады. Бұл туралы психология саласының терең зерттеушісі швейцариялық психиатр К.Г. Юнг жазған. Тастың адамның жүйке жүйесіне тиімді әсер етуі оның психотерапиялық сеанстарында тексеріліп, тәжірибеде қолданыс тапқан. Таспен емдеу, ыстық таспен массаж жасау қазіргі таңда кең таралуда.
Қолдарына ірілі-ұсақты, тегіс, жұмыр, қиыршық тастарды ұстағанда балалар өздерін тепе-теңдікте ұстайды,  тастарды әр түрлі түске бояу процесіне қатысып, түрлі бейнелер, бұйымдар, жылдың төрт мезгілінің ауыспа бояуларын мұғаліммен, ата-анасымен жасай отырып, қоршаған ортамен жақын танысады, әсемдік әлеміне енеді, әлемді түсінуге үйренеді. Өз ойларын процесс барысында алаңсыз жеткізе бастайды, логикалық тізбектерді құруға үйренеді, қиялы дамиды.Тастармен ойнау кезінде бала алаңдауы азайып, қорқынышы, үрейі сейіліп, мамыражай күйге түседі. Баланың анасымен, әкесімен, апайымен бірлесе ойнауы арқылы әлеуметтік- коммуникативті дамуы және психикалық дамуы  қалыптасады.
«Психикалық  дамуы тежелген балалармен жүргізілетін таспен ойнау (тас терапиясы) әдісі» тақырыбында жазылған шығармашылық жұмысым  бағаланып,  жуырда  мектепке дейінгі ұйым, жалпы орта, арнайы, қосымша  және кәсіптік білім беретін ұйымдарының педагогтары арасында ұйымдастырылған «ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2020» республикалық шығармашылық интернет- байқауында «Авторлық жоба» номинациясынын жүлделі 1 дәрежелі ДИПЛОМ –ымен марапатталдым.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға- деп ұлы Абай айтқандай, 35 жыл ұстаздық қызметімде, оның ішінде 11 жыл психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізуде түрлі-әдіс тәсілдерді қолданып үйретуде,  ізденіп, шығармашылықпен жұмыс жүргізуде балаға  деген, мамандығыма деген шексіз махаббаттың иесі екенімді түсіндім. Жақсы  ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Білім мен мейірімді бойымдағы қасиеттеріме серік етіп, ұстаздық еткен еңбегім  бағаланып, бірнеше мәрте марапатқа ие болдым.
«Мейірім, білім, ақыл-жиған нәрі,
Мұғалім жүрегіне сыйған бәрі» -деп ақын жырлағандай, ұстаз жүрегі шәкірт озса қуанады, шалыс басса жебейді, қиналса ақылын айтады, Ұстаз-нар тұлға!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.