Абдраманова Қызжібек Сатыбалдықызы
Қызылорда қаласындағы
Педагогикалық шеберлік орталығының
аға менеджері
Қашықтықтан оқыту режиміне ауысқалы қоғамда оқушылардың тиісті білім алуы, ұсынылған оқу материалдар көлемі, түрлі оқыту платформалары жайлы алаңдаушылықтар туындады. Тағы бір қызу талқыға түскен мәселе-үй тапсырмасы. Қашықтықтан оқу кезінде оқушының орындайтын тапсырмаларын Білім және ғылым министрлігі үй тапсырмасын «оқу тапсырмасы» деген жаңа атауға алмастырды. Аталған мәселе шын мәнінде терең қарастыруды қажет ететін маңыздылыққа ие. Қашықтықтан оқыту аясында баланың өз бетінше білім алуы, тапсырманы тікелей мұғалімнің қатысуынсыз бейнежазба, электронды почта, басқа да сандық медиа-құралдар арқылы берілуі алғашқы аптада ата-аналар тарапынан мазасыздықты тудырды. Үй тапсырмасын мүлдем берудің қажеті жоқ деген пікірлер туындады.
Мұғалім тарапынан үйде орындауға берілетін тапсырма оқушының күнделікті атқаруға тиісті міндеті емес, бұл мектеп пен жанұяны байланыстыратын көпір. Үй тапсырмасы жайлы қоғамда туындаған көзқарастардың бірі оқушыға шамадан тыс үй тапсырмасы беріледі, соның әсерінен мектеп пен ата-ана баланы шамадан тыс қадағалайды, бала түрлі қысымды сезінеді. Бұл өз кезегінде баланың денсаулығы мен дамуына кедергі келтіреді деген позицияны ұстанады. Ал екінші тарап, үй тапсырмасы баланың академиялық жетістіктерге жетуіне ықпал етеді, баланың өзін-өзі реттеу, белгілі бір тәртіп нормаларын ұстану, жауапкершілікті сезіну дағдыларын қалыптастырады деген көзқарасты ұстанады. Осы екі көзқарасты зерттеп көрейік.
Үй тапсырмасы неліктен осындай жағымсыз пікір туғызады? Түпкі мәні оқушының шамадан тыс уақытының үй тапсырмасына жұмсауында. Оқушыда танымдық қажеттіліктерден басқа әлеуметтік және физиологиялық қажеттіліктер де бар. Достарымен, отбасымен жағымды ортада болуға деген қажеттілік орнынан уақыттың басым бөлігін үй тапсырмасын орындау алып жатыр. Бұл жайлы не білеміз? Алдымен PISA зерттеуінің нәтижесін қарастырайық. Үй тапсырмасын орындауға кететін уақыт жағынан Ресей, Қазақстан алдыңғы орындарда. Ресей оқушылары аптасына 9,7 сағат жұмсаса, қазақстандық оқушылар 8,8, уақыт мөлшерін үй тапсырмасына жұмсайды. Білім саласы ең мықты деп танылған Финляндия және Оңтүстік Корея оқушылары аптасына 2,9 сағатын үй тапсырмасын орындауға жібереді. Шындығында оқушының орындайтын үй тапсырмасының көлемі маңызды ма әлде сапасы маңызды ма деген сұрақ туындайды. Зерттеуге сүйенсек, тапсырманы шектен тыс көп беру оқушының академиялық жетістігіне соншалықты ықпал етпейді. Маңыздылық берілетін тапсырмасының сапасында болып тұр. Берілген тапсырманы оқушының өз пайдасына асыра алуында. Тынымсыз еңбек ету-жетістікке алып келетіні баршамызға аян. Бірақ бір сәт ойлансақ, балалар мен ата-аналар стресске душар болады деп тапсырманы шектеу қаншалықты бала үшін де, мұғалім үшін де пайдалы? Қазіргі туындаған жағдай баршамызға осы мәселе төңірегінде ойлануымызды қажет етеді.
Оқушының академиялық жетістікке жетуі мұғалімнің ғана жауапкершілігі емес, оқушының да жауапкершілігі. Оқу тапсырмаларын орындау оқушының өз тарапанын жауапкершілігін іске асыру болып табылады. Қашықтықтан оқу кезінде оқу тапсырмалары оқушылардың тайм-менеджмент дағдысын қалыптастырады. Өзіндік оқу мақсатын қойып, басымдықтарды анықтауға үйретеді. Мысалы, метатанымдық үдерісте «рахаттану сезімін кейінге қалдыру» деген ұғым бар, яғни оқушы үй жағдайында оқуды басымдыққа қоя ала ма? Өзінің болашағына оқудың қажет екенін саналы түрде сезіне ме? Әлде ұялы телефонда, әлеуметтік желілерде отыруға басымдық бере ме? Оқу тапсырмалары оқушының рахаттану сезімін кейінге шегіндіріп, алдымен тапсырманы орындауға шешім қабылдауға ықпал етеді. Қарапайым сөзбен айтсақ, оқушы өзін-өзі басқара алады.
Бұл тапсырмалар мұғалімдер үшін де маңызды. Себебі мұғалім оқушының қаншалықты материалды меңгергенін байқайды немесе өзінің материалды қаншалықты дұрыс түсіндіре алғанын бағалайды.
Ата-аналар үшін баласының қалай білім алып жатқанын білуге көмектеседі. Бұл үдеріс стресс емес керісінше бала мен ата-ана арасында жағымды қарым-қатынас туғызуы керек. Өйткені, баланы үй тапсырмасы үшін стреске түсінуіне көп жағдайда ата-ананың да ықпалы бар. Себебі, ата-ананың кейбір пәндерден білімі жетіспегендіктен, өзінің түсінбеген оқу материалы жайлы балаға көмектесе алмаған жағдайда мазасызданады. Сондықтан оқу тапсырмаларының көлемін азайту жайлы шешім қабылдар кезде бұл баланың тапсырманы орындауға деген құлқының жоқтығынан немесе жалқаулығынан ата-анасын манипуляциялау ма? Әлде ата-ананың шамадан тыс балаға деген қамқорлығы ма? осыны да ескеру қажет секілді. Шетелдің тәжірибесіне сүйенсек, баланың жалқаулығы мен ата-анасын психологиялық тұрғыдан манипуляциялауынан, яғни балаға жауапкершілік жүктелгенде баланың жылауы, денсаулығына шағымдануынан кейбір ата-аналар дәрменсіз халге түседі. Ата-ана балаға танымдық, физикалық жүктеме беруден қорқа бастайды. Тым қамқорлық танытудың ықпалынан семіздік ауруына шалдыққан балалар саны Америкада артып келеді.
Осы тұрғыда оқу тапсырмаларының берілуіне қарсыласудың қажеті жоқ, себебі бала өз бетінше оқып үйренеді, баланың өзіндік жауапкершілігін арттырады. Қазіргі туындаған «үйде отыру» режимінде балаға өз іс-әрекетін тиімді жоспарлауға көмектеседі. Оқу тапсырмаларын орындау баланың болашағы үшін жасалған «депозит» деп қарастыру керек. Ересек адам болған кезде өмірлік жағдаяттар үнемі жағымды бола бермейтінін ұғуы керек. Кейде адам өзіне ұнамайтын жұмыстармен де айналысуы мүмкін деген идеяны балаға үйрету керек. Сондықтан бала қазіргі кезден болашақтағы өмірінде өзіне қажетті дағдыларды қалыптастырады.
Ендігі кезекте берілетін тапсырмалардың сапасына назар аударайық. Америкалық зерттеуші Cooper (1989) «Ешкімнің көмегіне жүгінбей орындай алмайтын тапсырма жақсы тапсырма емес» деген пікір айтқан. Егер сыныптағы оқушылардың 60, 70 пайызы тапсырманы дұрыс орындай алмаса немес мүлдем орындамаса бұл ненің белгісі болуы мүмкін? Ия, тапсырма дұрыс құрастырылмаған немесе қалай орындау керектігі түсініксіз болған. Дж.Флейвелл өзінің зерттеуінде танымдық дағдысы мықты оқушы тапсырманы орындау туралы нұсқау берілмесе, тапсырманы қабілеті жетіп тұрса да орындамауы мүмкін деген. Тапсырмалар әртүрлі мақсатты көздеуі мүмкін: оқу бағдарламасының бір бөлігі, кейде мұғалімнің көзқарасына бағытталған тапсырма (кей жағдайда жазалау мақсатында), мектептің статусына қарай берілетін тапсырмалар (дарынды балаларға арналған мектептер, лицейлер). Оқу тапсырмалары орындалуы міндетті көлемде және кейбір тапсырма оқушының қалауы бойынша беріледі. Оқушының оқу стильдерін ескере отырып, орындауға берілетін уақыт та мөлшерлернуі керек. Мысалы, сыныпта жылдам оқитын бала және баяу оқитын бала болуы мүмкін, екеуіне бірдей тапсырманы өткізу мерзімін беру дұрыс емес. Сонымен қатар, тапсырмалар жеке орындауға немесе тапсырманы орындау аздаған мөлшерде ата-ананың қатысуын талап етуі мүмкін, яғни тапсырма бірнеше адамның көзқарасын қамтуы қажет болған жағдайда, сыныптастарының, ата-анасының пікірін анықтай алады.
Оқушыға берілетін тапсырмалар түріне тоқталсақ.
- Оқулыққа бағытталған тапсырмалар. Мұғалімдер әсіресе қазіргі таңда, оқушыларға интернет қолжетімсіз болса, оқулықтағы тапсырмаларды беруіне болады. Теледидардан, бейнежазбалардан алынған теориялық тұжырымдарды ұғыну үшін оқулықтағы тапсырмалар пайдалы болады.
- Жаңа тақырыпқа алдын-ала дайындалуға берілетін тапсырмалар.
Жаңа тақырыпты бейнежазба арқылы түсндіру кейде оқушыдан алдын-ала жаңа терминдермен, тұжырымдармен таныс болуды қажет етеді. Сондықтан мұғалім келесі сабаққа кейбір тақырыптар жөнінде түрлі дереккөздерден қысқаша мәлімет жинақтауға тапсырма береді. Бірақ мұғалім дереккөздерді ұсынуды ұмытпағаны жөн. Бұл баланың қажетсіз ақпарат көздерін уақыт жұмасуын алдын алады.
- Өткен тақырып аясын кеңейтуге берілетін тапсырмалар.
Теледидардағы сабақтардан, подкасттардан, аудио-материалдардан алған ақпараттар аясын кеңейту мақсатында мұғалім оқушының мүмкіндігін ескере отырып, қосымша энциклопедия, сөздіктерді қолдануды, өтілген материалды есте сақтауы үшін рефлексиялық жазба, дәптерге терминдер мен анықтамаларды жазу секілді тапсырмаларды беруге болады.
- Өмірмен байланысты тапсырмалар. Жаңалықтар, кинофильм, журналдар мен газеттердегі жаңалықтар, ақпараттарды талдау тапсырмаларын беру.
- Жоба жұмыстары (жоғары сынып оқушылары үшін). Үйден оқу әлеуметтенуді де қамтамасыз ету керек, сондықтан түрлі медиа-құралдарын қолданып, шағын зерттеулер жүргізу, туыстары, достары арасында сауалнамалар алуды қамтитын тапсырмалар беру.
- Ақпараттық портфолиолар әзірлеу. Оқушының АКТ дағдысы, құралдарының бар болуы ескеріледі. Түрлі бейнежазбалар әзірлеу, мысалы, экология такырыбында ауланы ластамау туралы шағын жарнамалық бейнежазба әзірлеу.
Сөзімді қорытындылай келе, айтарым, қашықтықтан оқу кезінде тапсырма мөлшерін азайту, әрине дұрыс шешім. Бірақ академиялық қажеттіліктері жоғары, күрделі тапсырмаларды ұнататын оқушыларды естен шығармауымыз қажет. Олардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алатындай оқу тапсырмаларын сапалы әзірлеу, орындау қадамдары мен алгоритмін дұрыс көрсету керек. Оқу мақсаттарының иерархиясына және бағдарламаның бөлімдеріне қарай мұғалім тапсырманың көлемін және күрделілік деңгейін анықтайды. Әртүрлі қабілетті оқушылар бар екенін және оқушылардағы қажеттіліктерді алдын-ала анықтаған соң, оқушыларға сараланған тапсырмалар әзірленеді. Саралауда мұғалім оқушыларға түрлі қолдау жасай алады. Ресурстық қолдау, нұсқау арқылы қолдау, т.б. қолдау түрлерін қолданады. Қазір оқушылар үшін өз бетінше оқуға жақсы мүмкіндік туындады. Әрине, қашықтықтан оқуда бейнежазба, аудиоматериалдар арқылы білім алудың өзіндік қиындықтары бар. Бірақ сол қиындықтарды атап, уайымға түскенше оқушыларға сенімді дереккөздерді, сапалы тапсырмаларды құрастырған тиімді болар еді.
Қолданылған әдебиеттер:
- Cooper, H. Synthesis of Research on Homework.Educational Leadership 47/3, 1989
North, S. and Pillay, H. Homework: re-examining the routine. ELT Journal 56/2, April 2002
2. Painter, L. Homework. English Teaching Professional, Issue 10, 1999
Painter, L. Homework. OUP Resource Books for Teachers, 2003 - Zimmerman, B., Bonner, S., & Kovach, R. (1996). Developing self-regulated learners: Beyond achievement to self-efficacy. Washington, DC: American Psychological Association.