Home » Ашық сабақтар » Денсаулық әлеміне саяхат

Денсаулық әлеміне саяхат

Бекжанова Калима Егизбайевна
Орал қаласы
№ 48 «Мұрагер» бөбекжайының
тәрбиешісі

 

Білім беру саласы: Денсаулық

Бөлімі: Дене шынықтыру

Мақсаты: Балаларға денсаулық сақтау туралы түсінік беру, зейінін тұрақтандыру, ойлау қабілеттерін дамыту, байланыстыра сөйлеуін дамыту. Тазалыққа, ұқыптылыққа үйрету, өз денсаулығына дұрыс көзқарас қалыптастыру. Қимылды ойындарды қызығушылықпен орындауға тәрбиелеу.

Қажетті құрал-жабдықтар: табанға арналған алашалар, массажға арналған көпшіктер, тыныс алу жаттығуына арналған стакан.

Балалар сапқа тұрып дене шынықтыру залына кіреді.

— Балалар, біздер спорт сарайына келдік! Барлығымыз қонақтармен амандасайық.

— Енді бір-бірімізге жылуымызды сыйлап, шаттық шеңберін құрайық.

Шаттық шеңбері.

Көңіл күй! (музыкалық сүйемелдеумен балалар көңіл күйлерін білдіреді)

Көңіл-күй жақсы болса ұр шапалақ (3 рет )

Ашу болып тұрсаң сен, жерді теп (3 рет)

Қорқып тұрсаң қолыңменен бетті жап (3рет)

Ұйқың келсе екі қолды қосып жат (3рет)

Ғажайып сәт. Аудио дыбыс арқылы түшкірген адамның дауысы шығады. Балалар елең етіп дыбыс шыққан жаққа қарайды.

Залға үсті басы кір қожалақ,көңілсіз Жалқаубек кіреді.

— Сәлеметсіңдер ме балалар!

— Сәлеметсіз бе!

— Балалар, менің көңіл-күйім болмай тұр, тамағым мен басым да ауырып тұр. Ал сендерге қарасам көңілдерің көтеріңкі, үстерің де тап-таза мен де өздерің секілді болғым келеді.

Тәрбиеші: Балалар, қалай ойлайсыңдар Жалқаубек не себепті үсті басы лас және денсаулығы болмай тұр?

Балалар: Тазалық сақтамағаны үшін және дәрумендерге толы тағамдар жеу керек.

Тәрбиеші: Ендеше, балалар, Жалқаубекке көмектесу үшін денсаулық әлеміне саяхатқа аттанайық.

-Дайынсыңдар ма, балалар?

Балалар:Ия.

Тәрбиеші: Қане, балалар, біз саяхатқа жаяу аттанайық, жаяу жүрген денсаулыққа өте пайдалы. (саяхатқа Жалқаубек те бірге аттанады)

Тәрбиеші балаларды сапқа тұрғызып саяхатқа аттанады.

«Бөренелерден өту»

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы мына жерде бөренелер жатыр екен, қане бәріміз қолдарымызды белімізге қойып тепе-теңдікті сақтап өтейік (балалар қолдарын белдеріне қойып бөренелерден өтеді).

Тәрбиеші: Балалар, біздер бұталары қатты бөренеден өттік енді қараңдаршы алдымызда табанымызға жұмсақ болып тиетін құмды жолдар жатыр, қане бәріміз осы жолдармен жүріп өтейікші (табанға арналған массаж алашалардан өткізу).

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар енді ары қарай сапарымызды жалғастырайық.

«Тазалық аялдамасы»

Тәрбиеші: Балалар, алдымен денсаулықты күту үшін тазалықты сақтауымыз керек.

 «Гигиеналық шаралар». Тазалық денсаулық кепілі, ендеше, балалар, қолымызды дұрыс жуып үйренейік (ыдысқа құйылып дайын тұрған суға қолдарын дұрыс жууды көрсету).

Керекті құралдар: ыдысқа құйылған су, сабын, орамал.

Тәрбиеші балаларға қолды дұрыс жуу үлгісін көрсетеді.

(Жалқаубек те балалармен бірге қолдарын жуып үйренеді)

Жарайсыңдар, балалар, қолдарыңды дұрыс жууды біледі екенсіңдер, енді ары қарай саяхатымызды жалғастырайық.

 «Ирелеңдеген тас жолдардан өту»

Балаларды жыланша ирелеңдеген кедергілерден өткізу.

Тәрбиеші: Балалар, сендер түрлі тапсырмалар орындап, кедергілерден өтіп шаршаған шығарсыңдар, қане бәріміз бірге тыныс алу жаттығуын жасайықшы. Балаларға қолғап кигізілген түтікшесі бар стакандарды үлестіріп, түтікше арқылы үрлейді (4К командалық жұмыс).

Тәрбиеші: Балалар, біздер мынау жыланша ирелеңдеген жолдардан жай өтпей мен сендерге жұмбақтар жасырайын, ал сендер ойланып соның шешуін табыңдар.

«Жұмбақтар»

Ертемен күнде сен

Қолыңа сүйкесең.

Кетіп кір ласың,

Тап-таза боласың.Бұл не? (сабын)

Шомылған баланы,

Аймалап алады

Сүртеді қолыңды,

Сүртеді, жоныңды. Бұл не?  (сүлгі)

Дәмі де жоқ,түсі де жоқ,

Пайдаланбас кісі де жоқ. (су)

Жақсы балалар,сендер жұмбақтың шешуін таптыңдар. Жарайсыңдар!

(4К коммуникативті дағдылары дамиды)

«Дәрумендер аялдамасы»

Тәрбиеші: Балалар, біздің денсаулығымыз жақсы болу үшін тазалықты сақтауымыз керек екенін білдік. Сонымен қатар біздер дәрумендерге толы көкөністер мен жемістерді де жеуіміз керек. Қараңдаршы балалар мына жерде екі банка тұр екен, осы банкаларға көкөністерді жапсыру арқылы салат жасап, ал екінші банкаға жемістерді жапсыру арқылы компот қайнатайық.

Дидактикалық ойын: «Жемістер мен көкөністер»

Ойын барысы: балалар қиылып дайын тұрған жемістер мен көкөністердің суреттерін банка суретіне жапсырып орналастырады                                (4К креативті ойлау дағдылары дамиды).

Тәрбиеші: Балалар, сендер шаршаған шығарсыңдар, Жалқаубекпен бірге қаншама тапсырмалар орындадық, кедергілерден өттік. Енді Жалқаубекпен бірге массаж көпшіктер арқылы арқамызды уқалап массаж жасап жіберейікші (арнайы тігілген көпшіктер арқылы балалар бір-бірінің арқасын сипайды)

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар, енді спорт сарайына қайта оралайық.

Жалқаубек: Ой, балалар, сендерге үлкен рахмет, менің енді денсаулығым мықты болатын болды. Мен де енді сендер сияқты тазалықты сақтап, дәрумендерге толы көкөністер мен жемістерді жеп денсаулығымды күтетін боламын. Рахмет айтып балалармен қоштасып залдан шығып кетеді.

Қорытынды.

Тәрбиеші: Балалар, бүгін біз қайда саяхаттадық?

Балалар: Денсаулық әлеміне.

Тәрбиеші: Бізден көмек сұрап кім келді?

Балалар: Жалқаубек.

Тәрбиеші: Біздер қандай тапсырмалар орындадық?

Балалар: Қолымызды дұрыс жуып үйрендік. Түрлі кедергілерден өттік, жұмбақтар шештік.

Тәрбиеші: Балалар, сендерге рахмет, бүгінгі ұйымдастырылған ашық оқу іс-әрекетімізге жақсы қатыстыңыздар! Енді келген қонақтарымызбен қоштасып тобымызға барайық.

Балалар: Сау болыңыздар!

Күтілетін нәтиже:

Біледі: Жеміс пен көкөністерді атай біледі, жұмбақтардың мағынасын дұрыс түсіне отырып, шешім табады.

Игереді: дене жаттығулары, жемістер мен көкөністердің пайдалы екенін біледі.

Меңгереді: өз ойларын сөйлемдер арқылы жеткізе біледі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.