Home » Мақалалар » Мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілетін сөйлеуді дамыту жұмыстары

Мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілетін сөйлеуді дамыту жұмыстары

Толемисова Анар  Кумарбековна
Шығыс Қазақстан облысы
білім басқармасы
Өскемен  қаласы  бойынша
«Ақ бота» балабақша-бөбекжайы» КМҚК
тәрбиешісі

Әр заманның ұсынары бар және қалай болғанда да заман ағымынан қалмай, ілгері жүру – ұлы мұрат. Қазіргі заманда білім беру әлемдік құрылымның маңызды элементінің біріне айналады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Қазіргі педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы.

19 ғасырда еңбек еткен педагогтар алғаш рет балалар анатомиясы мен физиологиясының педагогика және тәрбие жұмыстарын дамытудағы маңызын дәріптей бастады. Атақты педагог К.Д. Ушинский (1824-1871) балалардың дене құрылысы мен мүшелер қызметін білмей тәлім-тәрбие жұмыстарын, балаларға білім беруді белгілі бір бағытта дұрыс жолға қою мүмкін еместігін айтқан.

И.П.Павлов тәрбие беру теориясы мен практикасы үшін физиологияның үлкен маңызы бар екенін атап айтқан. Ол барлық тәрбие беру және даму заңдылықтары физиологияға негізделген деп көрсетті. Сонда тәрбиеші осы айтылған заңдарды балалардың  жастарына сай пайдаланып, оқу-тәрбие жұмыстарының бағытын дұрыс анықтауы тиіс. Балалардың жас ерекшеліктерін білу мұғалім үшін баланың жеке басының ерекшелік қасиетін дұрыс қалыптастыруға, оның күш қуатын және ақыл-ойын дұрыс бағалай білуге үлкен мүмкіндік туғызады. Педагогика ғылымының көрнекті қайраткері және халық ағарту ісін ұйымдастырушы Н.К. Крупская былай деген: «Педагог, біріншіден, не білуі тиіс, — ол адам денесінің құрлысы мен қызметін яғни, адам денесінің анатомиясы мен физиологиясын және оның дамуын. Онсыз жақсы педагог болуға, баланы дұрыс өсіріп, тәрбиелеуге мүмкін емес».

Әсіресе, жас мамандардың педагогтік шеберлігінің дұрыс қалыптасуында баланың жас ерекшеліктеріне тән қабылдау және ойлау процестері, оның жеке басының даму заңдылықтары жөнінде білудің елеулі маңызы бар.

Мектепке дейінгі балалардың белсенді сөздік қоры мен тілін дамыту жұмысы балабақшада өтілетін барлық оқу қызметтерінде (сауат ашу, сурет, математика, музыка, дене шынықтыру, т.б.) баланың жасына қарай жүргізіледі. Мысалы, жазда балабақша ауласында, «Жайлауға саяхат», «Шопан ата қонақта», «Ыдыс дүкені», «Мектеп», «Мұғалім», «Дәрігер», т.б. творчествалық ойындар өткізіледі. Бұл ойындарға қажетті материалдарды тәрбиешілер дайындап, балаларды қатыстыра отырып, өздері жасайды. Олар әзірленген түрлі түсті «кәмпит», «нан», «тоқаш», «құрт», «ыдыс-аяқ», «Жайлау» ойыны үшін жасалған киіз үй, үй мүліктері, төсек-орын, көрпе жастық, кілем, алаша — балалардың бұрын үйренген сөздердің дұрыс айтуға, бір-бірімен сөйлесіп, пікір алысуға, бір-біріне әңгімелеп беруге мүмкіндік беретіні сөзсіз

Мектепке дейінгі педагогиканың теориялық және практикалық мақсаты біреу, ол — жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу, ой-өрісін, сана-сезімін кеңейте отырып, өмірге қажетті білім-дағдыларға үйрету. Сол себепті қазақ педагогикасы және «Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасында» сәбидің белсенді сөздік қоры мен тілін дамыту, ауызекі дұрыс, мәдениетті сөйлеуге үйрету, үйренгенін күнделікті өмірде пайдалана білуге бағыттап отыру ісіне назар аударады. Өйткені баланың айналадағы өмірді танып, білудегі басты жәрдемшісі — тіл. Ал тілдің дамуы оның сана-сезімінің, ой-өрісінің жетіле түсуіне негіз болады.

Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын, бала айналадағы адамдармен, өзі қатарлас балалармен белсенді қарым-қатынас жасайды. Өмірде кездесетін түрлі іс-әрекет жайын білуге құмарта түседі. Өзі түсінген түрлі жайттар туралы әңгімелейтін болады. Дәл осы жас шамасында баланың сөз қолдану ерекшелігін терең зерттеп, талдаған балалардың көрнекті жазушысы К. Чуковский оларды «данышпан лингвистер» деп атаған болатын.

Баланың айналадағы дүниеден алған әсерін әрі қарай кеңейте отырып, бір арнаға түсіру балабақшада арнайы өтетін сабақ, ойын, еңбек процестерінде тәрбиешінің басшылығымен іске асады. Балаға бағдарламалық материал негізінде білім беруге баса назар аудару керек.

Оқу жылына жоспар жасағанда баланың жақсы сөйлей білуін бағдарлау, сөздік қорын дамыту, ой-өрісін кеңейту жұмысына өте мұқият қарау қажет. Ол үшін әр тәрбиеші, әрбір балабақша меңгерушісі бағдарламада берілген материалды өздері ыждағаттықпен оқып-үйренуі керек. Осыдан соң тәрбиеші қандай тақырыпты қай кезде, қалай, қандай мақсатта, қай оқу қызметімен  байланыстыра өткізу керектігін анықтай отырып, әр сабаққа қажетті материалды, балаларға қойылатын нақты сұрақтарды (көркем әдебиет тақырыбы, ойын, балаларға қойылатын сұрақтар) көрсетіп, жоспарлайды.

Ал берілетін мағлұматтар бағдарламада жалпылама берілген. Олай болса, сол көрсетілген мағлұматтарды дәлме-дәл бөліп жоспарлау тәрбиешіден шығармашылық шеберлікті талап етеді.

«Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасының» соңында сөйлеуді дамытудан өтілетін апталық оқу қызметінің  саны анық көрсетілген. Тәрбиеші осыны басшылыққа ала отырып, өзі жұмыс істейтін топта өтілетін сабақты жоспарлайды. Ең алдымен «Айналадағы өмірмен таныстыру және баланың белсенді сөздік қоры мен тілін дамыту» деген бөлімге талдау жасайды. Осыдан соң бағдарламалық материалды оқу жылы бойынша бөледі.

Тәрбиеші қоршаған ортаны бақылату процесінде баланың сөздік қорын молайтуға баса назар аударады. Себебі мектепке дейінгі балалардың сөздік қоры өмірден, өзін қоршаған ортадан алынады. Бақылау сабақтарының басты міндеттерінің бірі – затты таныта отырып, сол заттың атына, іс-әрекетке қатысуына, түр-түсіне байланысты сөздерді түсіндіру. Сонымен қатар бұл топта көрген-білгені жайында өз бетімен әңгімелеп айтуға үйрету жұмысы да жүргізіледі.

Тәрбиеші сөйлеуді дамыту жұмысында жоспар жасағанда сабақ түрлеріне сай дәл жұптауы керек. Бір ай ішінде сөйлеуді дамыту жұмысы қай аптада қандай тақырып бойынша жүргізілетінін, әдеби шығарма оқу, бақылау жұмысын аптаның қай күні өткізген жөн екенін мұқият анықтауы керек. Қандай тақырыпты қай кезде, не мақсатта, қандай сабақпен байланыстырып өткізетінін белгілей отырып, сол сабақтың тақырыбын, оқылатын шығарманы, ойын, сурет атын жоспарда атап көрсетеді.

Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік  жұмысын жүргізу ісі – сөйлеуді  дамытудың негізгі бір міндеттері.

Балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті  мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік  қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз.

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде тәрбиешінің міндеттері – балалардың сөздік қорларын дамыту; жаңа сөздерді меңгерту; үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байыту.

Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын, тапсырма жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын – баланың шын тірлігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, тандап алады.

Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады. Тәрбиеші бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу және құрастыру, саяхат, ойын-сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік қорларын дамытады.

Арнайы ойын-сабақ және сабақ мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды  заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді.

Сонымен қатар ойын барысында бала үлкендермен, өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне  қуанып, мәз болады. Сондықтан да ойын-тапсырмаларды тандауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн.

Тәрбиеші балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және  сөздік ойын)  үш түрлі етіп өткізуіне болады.

Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Ғажайып қапшық», «Дәл осындайды тауып ал»,  «Салыстыр да, атын ата», «Қай ағаштың  жапырағы», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы көп,қайсысы аз» т.б.

Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер  қолданылады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір  сөзбен ата», «Кім байқағыш», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есінде  сақта».

Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата».

Сонымен қатар балалардың сөздік қорларын дамыту жұмысына ойындарды қолданумен қатар, «Пішіндер көрмесі», «Өрнекті есіңде сақта», «Қиын жолдар», «Суретті жалғастыр», «Биші адамдар», «Көңілді таяқшылар»,  тәрізді жаттығу тапсырмаларды да пайдаланып отыру өз нәтижесін берді. Бұл аталған жаттығу, тапсырмалар балалардың сөздік қорын дамыта отырып, таным белсенділіктерін  және саусақ бұлшық етін дамытады.

Жалпы ойынды ұйымдастыру:

— өткізуге  әзірлік;

— ойынды өткізу;

— ойынды талдау сияқты үш бағытты қамтиды. Ойынға қажетті құралдар, заттарды даярлау кезі — ойынды өткізуге әзірлік болып табылады.

Балаларды ойынның  мазмұнымен таныстыру кезі — ойынды өткізу болып табылады. Ойынды талдау — бұл ойынның өз мақсатына жетуі, балалардың белсенділігі және олардың іс- әрекеті болыптабылады.

Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу  машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттерді  бойына сіңіреді.

Пайдаланған  әдебиеттер

  1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығы. ҚР Әділет министрлігі, 2016 ж. 14 қыркүйек № 14235
  2. Аяпбергенова С. Көркем әдебиет [Мәтін]: Мектеп алды даярлық тобы мен сыныбына арналған әдістемелік құрал / Аяпбергенова С., Тұрғынбаева Қ., Жекенова С. – Алматы: Алматы кітап, 2005.- 44 бет.
  3. Баймұратова Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы (2-6 жас аралығы). – Алматы: Рауан, 1991.- 6-81 бет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.