Home » Мақалалар » Дамуында түрлі ауытқуы бар балалардың танымдық процестерін дамытуға  арналған дамытушы ойындар

Дамуында түрлі ауытқуы бар балалардың танымдық процестерін дамытуға  арналған дамытушы ойындар

Мұрат Назерке Серікқызы
Батыс Қазақстан облысы
Орал қаласы
«№48 Мұрагер бөбекжайы» МКҚК
 дефектологы 

Төрт құбылыс. Балалар шеңбермен тұрады. Жүргізуші «су» — десе қолдарын алдына созады, «ауа» десе жоғары көтереді, «от» дегенде екі қолын айналдырады, «жер» дегенде қолдарын түсіреді. Кім шатасса ойыннан шығарылады.

Көңілді шеңбер. Балалар шеңбер жасап отырады. Бір-біріне мұқият қарайды. Жүргізуші белгі бергенде балалар көздерін жұмады. Сол кезде жүргізуші отырған балаларға әртүрлі заттарды қыстырып қояды (гүл, орамал, көзілдірік т.с.с.). Балалар көздерін ашқанда не өзгерді? — деп сұрайды. Ең зейінді балаға сыйлық беруге болады.

Орныңды тап. Балалар шеңберге тұрады. Әр бала өзінің жанындағы баланы есінде сақтап, қарап алуы керек. Жүргізушінің бірінші белгісі бойынша, бөлменің жан-жағына тарап кетеді (белгі: шапалақтау, барабанмен беріледі). Екінші белгі бойынша шеңберге бастапқыда қай орында, кімнің қасында тұрғанын есінде сақтап, қайта шеңбер түзеді. Өз орынын таппаған балалар ойыннан шығарылады.

Ойыншықты сипатта. Жүргізуші балаларға қолындағы ойыншықты мұқият қарап алуға ұсынады (1 минут). Алынатын ойыншықтар түрлі-түсті және бөліктері бірнешеу болуы шарт. Ойыншықты жасырып, балалардан сол ойыншықты көргендегі түр-түсі, көлемі, пішіні, дене бөліктерін есінде сақтағанын сипаттап беруді талап етеді. Ойыншықты дәл, нақты сипаттап берген бала ойынды әрі қарай жалғастырады.

Сөзді есіңде сақта. Жүргізуші балаларға 7 қосарлы сөздерді оқиды. Балаларға мұқият тыңдау ұсынылады. Бірінші сөзді жүргізуші айтады, балалар келесі сөзді есінде сақтап қайталайды. Осылайша қалған сөздерді түгел айтып шығу керек.

көктем – жаңбыр

жаз – күн шықты

аспан – бұлт

жер – шөп

Зейінді тұрақтандыруға арналған ойындар

Мен жеңімпазбын. Орындықтарды ортаға қойып, музыка әуені ойнағанда балалар шеңбермен айналып жүгіреді. Орындықтар саны балалар санынан 1 санға кем болуы керек. Ең соңында қалған бала орындықтың үстіне шығып, мен жеңімпазбын деп айтуы керек.

Құлақ-мұрын. Балалар шеңбермен тұрады. Жүргізуші: құлақ — деп мұрнын ұстайды. Ал балалар айтылған мүшені дұрыс көрсетулері тиіс. Жүргізуші балалардың зейіні мен қабылдауын тексеру мақсатында оларды шатастырып атайды.

Өз орныңды тап. Балалар қатармен тұрады. Әр баланың қолында әртүрлі сандар. Жүргізуші белгі берген уақытта балалар сандардың реті бойынша тұруға тиісті. Ойын бірнеше рет қайталанады. Балалардың орындарын шатастырып алмауы қадағаланады.

Дайын бол. Балалар шеңбермен жүреді. Жүргізуші бір сөз айтады, ал балалар сол сөзді іс-қимылмен көрсетеді. Мысалы: қоян – секіреді, құс – ұшады т.с.с.

Зейінді бол. Балалар шеңберде тұрады. Жүргізуші әртүрлі қимыл-қозғалысты көрсетеді. Балалар қайталап тұрады. Жүргізуші ескерткен қозғалысты, мысалы: қос аяқпен секіру қозғалысын қайталамайды. Қайталаған бала ойыннан шығарылып, жеңімпаз жүргізуші болады.

Ойлау қабілетін дамытуға арналған ойын түрлері

Матадағы менің орным. Жердегі жатқан мата үстіне балалар белгі берген уақытта тұрып қалуы тиіс. Матаның өлшемін дефектолог-мұғалім кішірейте отырып ойынды жалғастырады. Бірақ ойында балалар мата бетінен шығып кетпеулері керек.

Ойлан да аяқта

— лимон қышқыл, ал қант…(тәтті)

— егер үстел орындықтан биік болса, онда орындық…

— екі, бірден көп, ал бір…

-пышақ та, әйнек те…(өткір)

Ойлан да аяқта

— Ат шабады, ал қарлығаш…

— Ит үреді, ал қарға…

— Жылан жорғалайды, балық…

Қарама-қарсы сөзді ата. Балалар шеңберге тұрады.  Жүргізуші доппен балалардың арасында тұрады.  Жүргізуші балаларға кезекпен допты лақтырып, бір сөзді айтады. Балалар сол сөзге қарама-қарсы сөзді айтулары тиіс.

Қара –

Күн –

Аласа –

Ойын: «Суреттерді құрастыр». Мақсаты: ойлау қабілетін дамыту.

Дефектолог балаларға 3-4 бөлікке бөлінген суретті береді. Балалар үлгінің көмегінсіз суретті құрастырады.

Ойын: «Кім тығылды?». Мақсаты: көру арқылы  қабылдауын дамыту.

Дефектолог балаларға жануарлар бейнеленген суреттерді көрсетіп, суретте қандай жануар жасырынғанын сұрайды. Балалар алдымен атын атап, содан соң суретті бояйды.

Ойын: «Не артық?». Мақсаты: суреттерді салыстыру арқылы ойлау қабілетін дамыту.

Дефектолог балаларға үш қатар суреттері бар бетшелерді ұсынады. Әр қатардағы бейнеленген заттарды сипатына қарай мұқият қарап, басқаларынан өзгеше біреуін табуын өтінеді. Осылайша әр қатардағы заттардан бала артығын табады.

Ойын: «Не жетіспейді?». Мақсаты: көзбен қабылдау және ойлау қабілетін дамыту.

Дефектолог балаларға бірнеше заттардың суреті бар текшелерді ұсынады. Суретті мұқият қарап, әр заттың жетіспейтін бөлшегін табуын сұрайды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.