Нугербекова Назгуль Кулегеновна
Көкшетау қаласындағы
Ш.Уәлиханов атындағы КУ жанындағы
көпсалалы колледж
оқытушысы
Аннотация. Мақалада Ы.Алтынсариннің педагогикалық көзқарастары мен қазіргі білім беру жүйесі арасындағы ықпалдастық айтылады. Ұстаз біліммен бірге кәсіптік мамандық алуды назарда ұстаған. Шығармалары арқылы ұлттық құндылықты ұғындырып, балаларға ұлттық тәрбие беруді көздеген. Ы.Алтынсарин – қазақ жеріне жаңашылдықты әкелген мотиватор. Мұғалімге баланы қызықтырып оқытуды насихаттайды. Қазақ педагогикасының бастауы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолымен тығыз байланысты.
Аннотация. В статье рассказывается о взаимодействии педагогических взглядов И. Алтынсарина с современной системой образования. Учитель вместе с образованием сосредоточился на получении профессии. В своих произведениях великий учитель изучает детей к национальным ценностям. И. Алтынсарин-мотиватор, привнесший новаторство в казахскую землю. Истоки казахской педагогики неразрывно связаны с просветительским путем Ибрая Алтынсарина.
Annotation. The article describes the interaction of I. Altynsarin’s pedagogical views with the modern education system. The teacher, along with his education, focused on getting a profession. In his works, the great teacher studies children for national values.I. Altynsarin is a motivator who brought innovation to the Kazakh land. The origins of Kazakh pedagogy are inextricably linked with the educational path of Ibray Altynsarin.
Кілт сөздер: Ы.Алтынсарин, ұлтық тәрбие, педагогика, мектеп, педагог
ХІХ ғасыр – Абай, Шоқан, Ыбырай сияқты қазақтың жарық жұлдыздары өмір сүрген ғасыр. Олар білім мен өнердің дәнін сеуіп, қазақты оқуға шақырды. Абай «толық адамды» сипаттаса, Ыбырай сол «толық адамды» іспен көрсетеді. Ыбырай – қазақ жерінде озық ойдың үлгісін көрсетіп, еуропалық мәдениетті танытты. Мектеп салу, оқулық жазу, бала оқыту сияқты бір министрлікке татитын жұмысты өзі ұйымдастырып, табандылықпен атқарды. Бала оқыту ісі жүйелі түрде Ыбырай мектептерінен бастау алады. Педагогиканың негізі–баланы тәрбиелей отырып, білім беру.
Ы.Алтынсарин алғашқы жаңашыл ұстаз ретінде педагогиканың әдіс-тәсілдерін оқу мен оқыту үшін қолданды. Өзінің бала оқыту ісіндегі тәжірибесі мен ойларын орыс достарына жазып отырған. Соның бірі мектеп ашқан кезде Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды» дейді[1]. Ыбырай мектебінен бұрын да мектеп болған. Бірақ олар қазақ жеріндегі орыс мектептері еді. Мектеп өз асханасы, ұстаханасы, кітапханасы, жатақханасы бар үлкен кешен болды. Осы мектептің үлгісімен Қазақстанның барлық мектебі салына бастады.
Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасы, оның новаторлық реформалары жаңа гуманитарлық білім беру, үздіксіз білім беру, инклюзивті білім беру контексінде өзінің өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі білім беру саласында жаңа жүйелердің ең негізгі тетігін құрап тұр. Қазақ балаларын оқыту үшін қазақша кітап қажет еді. Жазуды кириллицаға ауыстырып, «Қырғыз хрестоматиясы» атты оқулықты жазып шығады. Бірінші бөлімінде әңгімелер, шағын өлеңдерін берген[2]. Екінші бөлімінде тарих, жағрафия, техникалық өндіріс туралы жазбақшы болған. Бірақ, денсаулығына байланысты аяқтай алмаған. Хрестоматия екі бағытта: гуманитарлық және жаратылыстану бойынша жазылған. Қазіргі білім беру саласында біз пәндерді осы екі бағытқа бөліп оқытып жүрміз. Осыған қарап, осы үлгідегі білім беру жүйесін Ыбырай ұстаз басынан ұстанғанын көреміз. Оқулықты жазарда К.Ушинскийдің «Детский мир» кітабына сүйенген. Аудармалар жасап, шағын әңгімелер кірістіріп жасаған. Кейін орыс мысалдарының қазақ дүниетанымына сай келе бермейтінін ұғып, өзі тәлім-тәрбие беретін әңгімелер жазды. Бұл бүгінгі мектептердің ұлттық моделге көшуімен байланыстырып, қазіргі біліммен ықпалдастығын айта аламыз. Оның әңгімелері жасқа да, кәріге де түсінікті жеңіл жазылған. Ыбырайдың әңгімелері балаға экономикалық білім береді. Ұстаздың ұстанымы білім мен кәсіп екенін ескерсек, шығармалары да осы кәсіп қылу, мал табу тақырыбына арналады. Кәсібі бар, мамандығы бар адам өзі де аш қалмайды, елдің де экономикасын көтереді деп тұжырымдаған. Кәсіптік мектептерді oсы мақсатта ашты. Оның ішінде қыздардың білім алуына ат салысты[3]. Қазақ қызы өз киімін тіге алады, еуропалық стилдегі киімдерді тігіп үйренуі керек дейді. Оқуда да, кәсіпте де жаңалыққа ұмтылып отырған. Ұстаздың осы көзқарасы қазіргі жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес келетінін байқаймыз.
Білім беру саласында инклюзивті білім беру, яғни жас, даралық ерекшілігіне қарай білім беру мазмұнындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеген. «Қырғыз хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бас құралы» деген еңбектердің құрылымы трендтегі ең өзекті салаларға дәл келіп тұр. Әдістеме тұрғысынан қарасақ, тілді үйрену мына кезеңдермен жүзеге асады [4]: 1) сөздің түбірі арқылы сөйлеу; 2) әліппені үйрету; 3) оқу. Кез келген адам алдымен сол тілде сөйлейді, сонан соң әріп таниды. Оқу ең соңғы кезеңді құрайды. «Хрестоматиядан» соң «Қазақ» деген газет шығаруды ойластырады. Алайда газеттің шығарылуына рұқсат берілмейді.
Ы.Алтынсарин балаға білім мен тәрбие беретін мұғалімнің бейнесіне тоқталады. Баланы қызықтырып отырып оқытуды үйретеді. Мұғалім – мектептің жүрегі дейді. Жүрегі болмаса, не нәрсе де жұмысын тоқтатады. Оқушыға тиянақты білім беруді өмірмен байланыстырып отыруды насихаттайды. Осы кадрды дайындау мақсатында Ор қаласында мұғалімдер училищесін ашты. Даланың дара ұстазы Ыбырайдың ағартушылық жолы қайраткерлікпен ұласты[5]. Батыстық зерттеушілердің көзқарасы бойынша, Ыбырай Алтынсарин ұлт қалыпастырудағы негізгі іргетас ретінде танылады. Оны біз израилдік лингвист Изабель Кайтлердің 1983 жылы шыққан «Ибраһим Алтынсарин, Николай Ильминский және қазақтың ұлттық оянуы» деген мақаласынан көре аламыз. Мақалада Алтынсарин мен Ильминский арасындағы достық пен текетірес туралы айтылады. Ең соңында Ыбырай кім дегенде, ол – ұлт қалыптастырушы деп жазады. Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметі, педагогикалық көзқарастары, оқытудағы әдіс-тәсілдері қазіргі заманауи білім берумен ықпалдасып жатыр.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
- Ы. Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар .- Алматы «Ғылым», 1994.-289 б 3.
2.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы: Оқу құралы. — Алматы: Санат, 2001. — 320 б.
- Қалиев С., Жарықбаев Қ. Ы.Алтынсариннің тәлім-тәрбиелік мұралары Алматы,1990.
4.Жұмағұлов, Қ.Т. Ыбырай Алтынсарин және қазақ халқының мәдениетін дамыту. – Алма-Ата. – 1984. – 204б.
5.Ситдыков А. С. Ы. Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі. – Алматы: Мектеп, 1968. – 148б