Серік Ардақ Бауыржанқызы,
Алматы қаласы, Түркісіб ауданы,
№198 ЖББМ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Алматы қаласы, Түркісіб ауданының №198 ЖББМ-бімізде ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Жігітке жеті өнер де аз» атты ауқымды жоба ұйымдастырылды. Мұндай іс-шараның жүзеге асырылуы үшін, мектебіміздің ұлағатты ұстаздары мен дарынды оқушылары ат салыса кіріскенінің арқасында жоғары деңгейде өтті. Жеті күнде ұйымдастырылған «жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен» сайыста 12 сыныптың сұлтандары бас қосты. Ат үстінде ойнап өскен қазақтың баласы болғаннан кейін сайыстар қиынға соққан жоқ. Сайыстың алғашқы шарты бойынша ,жігіттің сұлтандары өздерінің елімен, тегімен таныстырып шықты. Ал, қолөнер сайысында еліміздің егемендігі бейнеленетін әртүрлі нышандағы бұйымдар мен мүсіндерді өрнектеу арқылы сынға түсті. Сайыстардың ішіндегі ең үздігі болған, ерекше айтуға тұрарлық «Бұл кім?» атты сайысымыз. Бұл сайыс шартының негізгі мақсаты, суретте көрсетілген ұлы тұлғаларымызды табуы керек. Тар жол, тайғақ кешкен заманда, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін ерен еңбек еткен, зиялы тұлғалар мен белгілі ақын-жазушыларымыз Шоқан Уәлиханов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, «Толағай» түбінде шатыр тігіп кеңес шақырған Абылай, атақты Қабанбай мен Райымбек батырларымыз, жаңа заман қоғам қайраткері, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Асқар Жүмәділлаев, қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров секілді ұлы тұлғаларымыздың бейнесі көрсетілді. Серілеріміз сайдың серке тасындай қаз қатар тізіліп, бұл сыннан да мүдірмей өтті. Еліміздің тұңғыш президенті, елбасы Н.Ә.Назарбаевтің «Елінің тарихын білмеген, болашағын болжай алмайды» деген сөзі бар. Сол сөзге лайықты өнер көрсеткен, сыныбымыздың абыройын қорғаған Сейткер Бекзат бұл сайыста «жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» екендігін танытып, бас жүлдені қанжығаға байлады. Өткен ғасырдың жас ақыны М.Жұмабаев: «Сенемін мен жастарға, Алаш атын аспанға , шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!» деп, білекті де жүректі, сөзі мірдің оғындай мектебіміздің Алатаулық серілеріне айтса керек. Бүгінгі сайысымызды саралап, жігіттеріміздің өнерін таразылап, әділқазылар алқасы әділ бағасын беріп, сайыс өз мәресіне жетті. Басқа қатысушы оқушылар да жүлделі орындармен марапатталып, мектебіміздің директоры А.Канапьяновадан арнайы алғыс хаттар тапсырылды.
Байқаудың барысы Тәуелсіздіктің бізге оңай жолмен келмегенін, ата-бабаларымыз қасқалдақтай қанымен, ақ найзаның ұшымен келгендігі, Ежелден қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болғандығы негіз болды. Елбасымыздың саралы саясатының арқасында еліміз нықтап аяққа тұрғанын, кешегі күннің ерліктерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі – өнеге қылу, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әрбәр мектеп оқушыларының тәрбиесіндегі маңызды міндет екенін айқын көрсетті.
Мектебіміздің оқушылары бойында рухы, кеудесінде намысы асқақтап тұратын өскелең жас ұрпақ екеніне, Отанымыз, тәуелсіз Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуіне, әлемнің ең озық мемлекеті болуын көздейтін жаңа буын екеніне сеніміз мол!