Елорда төрінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай көркемсөз оқу шеберлерінің «Самға, Қазақстаным!» атты өнер байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты — поэзияға деген сүйіспеншілікті ұлғайту, талапты және талантты жасөспірімдерді қолдау.
Халықаралық өнер байқауына №132 тірек мектебінің 2 «А» сынып оқушысы Сәнімай Бахытберген қатысып, еліміздің түпкір-түпкірінен келген балғындармен қатар бақ сынасты.
Танымал ақын-жазушылардың өлеңдеріне жазылған әндер мен өлеңдерін жатқа оқудан сынға түскендердің қатарынан аудан намысын қолдан бермей, жүзден жүйрік шыққан Сәнімай Бахытберген жүлделі ІІ орынды қанжығалап қайтты. Ал талантты жетекшілері Айман Айтжанова мен Жайнагүл Мустафина балалар шығармашылығының дамуына қосқан үлесі мен педагогика саласында заманауи білім, саналы тәрбие берудегі мол еңбегі үшін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, эстрада жұлдызы Маржан Арапбаеваның қолынан Алғыс хат алып марапатталды.
— Мен бұл байқауда Мұқағали атамыздың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңін жатқа оқыдым. «Көркемсөз» аталымының өзінде көп қатысушы бақ сынады. Елімізге танымал ақын-жазушылар әр үміткердің шығарманы орындау мәнеріне, сахнадағы жүріс-тұрысына, киім киісіне ерекше мән берді. Байқауда жүлделі орынды қанжығалап келуіме сынып жетекшім Жайнагүл Картайқызы мен аудандық мәдени-сауық орталығының балалар және жасөспірімдер бөлім меңгерушісі Айман апай Айтжанованың көп септігі тиді, — дейді дарынды оқушымыз Сәнімай.
Иә, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, расымен де жас дарынның өнерінің ұштала түсуіне мүмкіндік жасап, жүлдегер атануына зор үлес қосқан ұстаздарының еңбегі айрықша.
Өнерге, шығармашылыққа бейім жас өренді шыңдап, білім мен тәрбиеге қатар баулып жүрген бастауыш сынып мұғалімі Жайнагүл Мустафина мен Айман апайына біз де өз тарапымыздан шығармашылық шабыт пен табыс, ұстаздық жолына жемісті еңбек тілейміз.
Зауреш Жаппарова,
Жаңаарқа ауданы
«№132 тірек мектебі (ресурстық орталық) КММ
бастауыш сынып мұғалімі,
педагог-зерттеуші.