Музыка жас азаматтардың ішкі дүниесін
байытып, әр дәуірдегі қоғамның түрлі құбылыстарын дұрыс
түсінуге көмектеседі. Музыка арқылы біз өзімізді
үлгілі өнерге бейімдеп өркендете аламыз…
Ахмет Жұбанов
Жалпы білім беретін мектептердегі заманауи музыка сабақтарының негізгі міндеттері: оқушыларға музыка өнеріне деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті ояту, музыкалық мәдениеттің эстетикалық өлшемдерін қалыптастыру, әртүрлі жанрдағы музыкалық шығармаларды тыңдау, есту және орындау шеберліктерін қалыптастыру, ең бастысы, баланың рухани дамуын тәрбиелеу болып табылады. Мектептегі бір сағаттық музыка сабағы оқушылардың музыкалық бейімділігін жете дамыта алмайды. Сондықтан, балаларға музыкалық білім беру тек музыка сабақтарын ғана емес, сонымен қатар, сыныптан тыс мәдени іс-шаралардың, үйірме жұмыстарының барлық түрлерін қамтиды. Сабақтан тыс жүргізілетін мәдени іс-шараларға қатысуы арқылы оқушылардың қабілетін дамытуға және олардың музыка сабағында алған білімін кеңейтіп, орындау шеберліктерін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл шараларға оқушылар өз тілегі бойынша қатыстырылады және олардың бейімділігі ескеріледі. Сол себепті, жалпы білім беретін мектеп — шығармашылық саласында қандай да бір жетістіктерге жеткен жеке орындаушының немесе орындаушы топтардың «фундаменті», яғни, негізі болып саналады.
Музыкалық білім беру ерекше дарындылықты қажет етпейді, қалыпты адамның «орташа қабілеттері» жеткілікті. Мектептегі музыка сабағы — бұл тұтас білім беру процесінің бір бөлігі.
Бүгінгі таңда мектептегі білім беру міндеттері әрбір оқушыны ТҰЛҒА ретінде қарастырып, оның даралығын, бірегейлігін, қоғамда өзін таба білу қабілетін ашуды көздейді. Міне, «заманауи сабақ» — бұл балалар мен мұғалімдердің бірлесіп осы қабілеттерді іздеу және табу процесі болып табылады.
Бүгінгі қоғам талабына сай мектептегі мұғалімдер де ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, ішкі мәдениеті жоғары, ізденімпаз ғалым, психолог, еңбекқор, кез-келген ортаның ұйытқысы болатын өнерлі, орындаушы, рухани бай, шеберліктің шыңына шыққан ұстаз болуы керек.
Ендігі кезекте, «Музыка» пәнінің жаңартылған заманауи бағдарламаларына тоқталатын болсақ, оның негізгі құралы – оқулық. 1-3 сынып сынып оқулықтарын қысқаша шолып өтсек, «Музыка» пәні «Бесік жырынан» бастап, басқа пәндермен, атап айтсақ «Бейнелеу өнері», «Дүниетану», «Жаратылыстану», сонымен қатар тілдік пәндермен пәнаралық байланысы қамтылған, ал 4-6 сынып оқулықтары сәл күрделене түсіп, ұлттық өнерімізбен, мәдениетімізбен және шет елдердің музыкалық өнерімен толықтырылған.
Мен де «Музыка» пәні мұғалімі ретінде әр сыныпқа, жас ерекшеліктеріне қарай, осы жоғарыда аталған барлық міндеттермен талаптарға сай, жаңартылған бағдарламаларды орындай отырып, қазіргі таңда қолданысқа берілген жаңа технология әдіс-тәсілдерін (видео, аудио сабақтар, электронды пособиялар, сайттар), тиімді платформаларды (онлайн мектеп), түрлі бағдарламалар элементтерін дұрыс және ұтымды қолдана отырып, оқушыларды замануи музыка сабақтарымен қамтамассыз етуге тырысудамын. Мектеп ұжымымен бірлесіп, мектебіміздің басшылыққа алып отырған «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында мәдени іс – шаралар өткізіп, оқушыларға музыка сабақтарында осы 100 әннің қатарына енген халқымыздың әр-түрлі жанрдағы әндерімен жіті таныстырып, музыка шығармашылық, өнер сабағы екенін үнемі жадымда ұстап, берілген тақырып мазмұнын шеберлікпен ашып көрсетіп, жас шәкірт бойына музыкалық білімді ұлттық құндылықтарымызбен байланыстыра келе дұрыс сіңдіруім абзал деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, жалпы білім беретін мектептердегі заманауи «Музыка» сабағының мәні, баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де музыка пәнінің негізі «Өмірмен байланыс» ұғымынан бастау алып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға құрылған.
Жоғарыда айтылғандардың тобықтай түйіні ретінде, Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа алғым келеді: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы заманауи тәуекелдіктер мен жаһандық талаптарды ескере отырып, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртуға, сондай-ақ Қазақстанның заманауи әлемдегі басекелік қабілеттілігін арттыруға, ұлттық сәйкестікті сақтауға, азаматтардың мәдени білімін және сана-сезімінің жоғары екендігін дәріптеуге бағытталған. Міне, осы сапалардың барлығы қазақстандықтар сүйенетін негізге, тірекке айналуы тиіс. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз…».
Павлодар облысының білім беру басқармасы,
Май ауданы білім беру бөлімінің »
Ақжар жалпы орта білім беру мектебі» КММ
музыка пәнінің мұғалімі Қайрат А.С.