Шынымен де, тақырып өте салмақты. Саналы азаматқа ой салатын тақырып. Біздің бұл жерде айтқымыз келіп отырғаны, бастауыш сынып оқушыларына мемлекеттік тілді меңгертудің маңызды екенін мектеп деңгейінде ғана емес, мемлекет деңгейінде жүйелендіру қажеттілігі бар… Тілдің тәрбиелік мәні де күшті. Анасының ақ сүтімен бойына дарыған баланың ана тілін жетік меңгеруі ата-ананың да, ұстаздың да міндеті деп білеміз. Ана тілін еркін меңгерген оқушының көркем әдебиетімізді қызыға оқуға, көркем өнер үйірмесіне құмарлықпен қатысуға, адамдармен сыпайы қарым-қатынас жасап, өзге тілдерді меңгеруге (орыс, ағылшын және басқа) бейімділігі қалыптасады, атап айтқанда баланың мәдени ой-өрісі бүгінгі қоғам талабына сай болуына септігі тиеді.
Сол себепті, біздің мектепте де, еліміздің өзге де мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына мемлекеттік тілдің өркендей отырып дамуына, мемлекеттік тілді құрметтеуге, еліміздегі әр ұлттың тілдерін сыйлауға тәрбиелейтін ашық сабақтар, апталықтар ұйымдастырылып тұрады. Ойын түрінде, сайыс түрінде өткізілетін ашық сабақтар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Сабақтарда оқушылардың тіл байлығын кеңейтуге арналған әртүрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, жаңа технологиялардың элементтерін қолдану өте қажет. Сабақта қолданылатын мәтіндер мен жаттығулар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келуі керек. Ол өте маңызды. Әрине, айта берсе сабақтарды қызықты өткізудің әдістері көп. Оған мұғалімнің де ізденуі керек.
Ашық сабақтардың тағы бір тәсілі ауызекі сөйлеу әдісін қолдану. Бұл оқушының шешендік өнерге деген талпынысын ашады. Бұндай сабақтар диалог арқылы құрылады. Диалог құру үшін белгілі бір тақырыпқа байланысты оқушының сөздік қорын дамытатын, мағынасын ұқтыра отырып, жаңа сөздер үйрететін, сөйлем құрауды үйрететін, сөз бен сөзді байланыстыра отырып, ойларын ауызша жүйелендіре отырып айтатын, әңгімелеуге жаттықтыратын әдістерді қолданған абзал. Сонда оқушы диалог арқылы сауатты сөйлеуге, қазақ тілінің грамматикасын негізге ала отырып, диалогты дұрыс құруға дағдыланады. Ауызекі сөйлескенде оқушының тілі дамиды.
Осы орайда, жоғарыда көрсетілген кейбір әдістермен ашық сабақтар өткізе отырып, бастауыш сыныптан бастап баланың санасына мемлекеттік тілдің маңыздылығын сіңіру еліміздің барлық білім жүйесінде қалыптасуы тиіс. Немқұрайлық танытып, науқандыққа салынатын тақырып емес. Өйткені, бастауыш сыныптан санасына мемлекеттік тілді сіңіріп өскен ұрпақ, еліміздің ертеңгі тірегі болады. Сондықтан, біздердің, яғни бастауыш сынып мұғалімдерінің мойнымыздағы жүктің ауыр екенін сезінгеніміз абзал.
«Тіл тағдыры – Ұлт тағдыры» екенін іштей сезініп, міндетімізге адалдықпен қарауымыз керек. Өйткені, Ұлттың тағдыры бүгінгі бүлдіршіннің қолында…
А.К. Мыкышева
Э.А. Джунусбекова
№34 ЖББМ КММ
Қарағанды қаласы