Бакеева Жаннат Хакимжанова
Алматы қаласы Жетісу ауданы
«№102 ЖББМ» КММ
Қазақ қолөнері адамдар арасындағы қарым-қатынастың болашақта ынтымақта, кең өрісте дамуын көздеді, соған керемет тілекші болды. Айталық, қазақ бауырмалдықты, достықты дәріптеу мақсатында қолөнерінде бейнелегеніндей түйенің екі өркешін, екінің бірін, егіздің сыңарын өрнек етті, көз жауын алатын көріністермен сілтеу жасады, ұғындырды.
Осындай негізі болған қолөнер қазақтарға құрал-жабдық пен ішер ас, киер киім қандай қажет болса, оны нағыз адами тірлікке қолдану мақсатында ұқсата білу, икемді де ұнасымды ету, әдемілеп әшекейлеу, келістіріп пайдалану да сондай қажет болды. Біле білсек, бұл да өркениетке, озық мәдениетке ұмтылудың асыл бір жолы болатын. Қарабайыр, біртекті және көріксіз жабайы тіршіліктен әлдеқайда жоғары өрлеу мен адами дамудың көрінісі болды. Шын мәнінде, бұл халықтық өнердің шығармашылық сипаты болатын. Ал, оған бабаларымыз ұлы табиғатқа еліктеуден, оған сыйынудан барып қол жеткізе алды. Қазақ қолөнері, дұрысында, айналаны, қоршаған ортаны түсінудің бастауы болып табылады. Оның мәңгілік мақсаты – адам тіршілігін дамыту, тұрмысқа септігін тигізу. Осы мақсаттарды орындау барысында қазақ адамы мәңгілік өнер өрнектерінің аса мол мұрасын жасап шығарды. Ол мұра бірнеше салалардан тұрады.
Қазақтар қолөнерін бірнеше бағытта жүргізіп, кеңінен дамытты, ғасырлар бойы ұрпақтарға үйретті, ілгері оздырды. Солардың ең негізгілері ағаш ұқсату, темір өңдеу, сүйек пен мүйізді ұқсату, теріні ұқсату мен етікшілік өнері, тас өңдеу болды. Бұлардың өздері бірнеше салалардан тұратын. Мысалы, ағаш ұқсатудың — үйшілік өнері, ершілік өнері, жиһаздар мен ыдыс-аяқтар жасау өнері сияқты түрлері, темір өңдеудің — ұсталық өнер мен зергерлік өнер секілді түрлері болды. Біздің Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында осы атал-ған қолөнер түрлерінің барлық дерлік үлгілері сақталынуда және әртүрлі экспозицияларға қойылған. Оларға шетелдіктер де, өз жерлестеріміз де тамашалай қарауда. Бұл жәдігерлер біздің мұражай қызметкерлерінің бірнеше ондаған жылдар бойы жүргізген жұмыстарының нәтижесін-де жинақталды. Сонымен қатар, бұлардың әрқайсысы ата-бабаларымыздан келе жатқан тума өнерге деген мақтаныш пен құрметтеушілікті туғызады және арнайы назар аударуды қажет етеді.
Бұлардың ең маңыздысы — қазақтардың негізгі баспанасы — киіз үй (ағаш үй). Оны көзбен көріп, шынайы түйсінудің маңызы өте зор болатыны белгілі. Бұл міндетті мұражай ғимаратының бірінші қабатына орналасқан киіз үй толығымен атқарып тұр. Киіз үй тиісінше жабдығымен түгел жабдықталған. Одан қазақтың хас шеберлерінің қолынан шыққан басқұрлар мен бауларды, тоқылған шиді, алашаны, кілемді, текеметті, тұскиізді, сырмақты, бітпесті, кебежені, жастық ағашты, төсекағашты, адалбақанды, қоржынды, кермені, сандықты және тағы басқа үй құралдарын, мылтықты, домбыраны көріп, тамашалауға болады. Киіз үйге мұражайға келушілер, әсіресе, шетелдік көрермендер қатты қызығады. Осы бір үлкен жәдігер ұлттық өнердің нағыз мақтанышы болумен қатар, мұражайда өткізілетін кейбір мәдени шаралардың (мысалы, Наурыз мерекесін, қазақы салт-дәстүрлерді – көрісуді, сәбиді бесікке салуды, тұсау кесуді,т.б. өткізудің) көрнекті орны да болып келеді.
Киіз үйдің қасында жылқыға байланысты жәдігерлер орын тепкен. Мал шаруашылығымен етене айналысқан және жылқыны “ердің қанаты” деп білген қазақ бабаларымыз ер-тұрманға да баса назар аудар-ған. Оны дайындаудың өзі де үлкен өнер саналған. Мұражайда көрініске қойылған ат әбзелдері осындай үлкен еңбек пен шынайы шеберлікті көрсетеді. Күміс ердің алдыңғы қасы күміспен қапталып, бетіне қаралау әдісі арқылы ұсақ ою-өрнектер салынған. Алдыңғы қастың жоғары жағынан төменгі оқпанға дейінгі аралық та күмістің бетіне күмбезді ою-өрнек салу арқылы нақышталған, одан жоғары дөңгелек шеңбер жасалынып, шеңбердің ортасына сегіз жапырағы бар гүлді ою өрнектелген, ол жез шегемен шегеленген. Артқы қасы үш бөлек күмістен құралған, бетіне қаралау әдісімен өсімдік жапырақты ою салынған. Ердің үсті былғарымен көмкерілген. Музейдегі осындай ердің бірі – сүйектелген ер. Оның алдыңғы және артқы қасы сүйектен құрастырылып, қиюластырылған, беті өрнекті жез шытырмен әшекейленіп, күміс шегемен бекітілген. Өрнектердің басым көпшілігі ойылған түзу сызықтар мен нүктелері бар ұсақ дөңгелектер болып келеді. Ердің үсті қара был-ғарымен қапталып, былғары бетіне ою жүргізілген және күміс шегемен шегеленген. Сондай-ақ, көрермендердің назарына жылқының қылынан есілген шылбыр, қыл арқан (оларды дайындағандар — Ысмағұлова Қибаш пен Дүйсәлиева Ұмсындық, мұражайға тапсырған- Исламов Ғайнел), түрлі қамшылар, құйысқан, ат тоқым, ат көпшік, үзеңгі, айыл, т.б. ұсынылған. Сүйектен шабылып, күмістелінген ерді ХХ ғасырдың 40-50-ші жылдары жылойлық ағайынды шеберлер – Қайшыбай және Ізғали Боқановтар жасаған екен.
Мұражайдағы ерекше көз тартатын сырмақты дайындаған — Жылой ауданының тұрғыны, қазір Алматы қаласында тұратын суретші Қами Айтқалиев. Ол мұражайға 1992 жылы тапсырылған. Суретші басыл-ған ақ киіздің үстіне түрлі-түсті маталардан құрап, күй анасы Дина Нұрпейісованың суретін және айналдыра тігілген шеңбер ішіне Дина шығарған күйлердің аттарын (“8 Март”, “Жеңіс”, “Бұлбұл”, “16 жыл”) бастырып тіккен.
“Алаша” дегеніміз — әрбірінің ені 20-36 см болатын жіп жолақтарынан тоқылған қатты төсеніш. Мұражайда алашаны тоқу құралдары – мосы, басқазық, күзу ағаш, серу ағаш, қылыш, адарғы, тарту ағаш және басқалары жинақталған. Осы алаша тоқу жұмысының нақты үлгісін көрсету мақсатында залға қолөнер шебері Ағилаш Қалыбекованың тоқып жатқан алашасы барлық тоқу құралдарымен бірге қой-ылған. “Түрікпен теру”, “жүз теру”, “гүл теру” әдістерімен дайындалған алашаларды тоқығандар – қолөнер шеберлері Жаманбаева Әзима мен Дүйсенова Мүлкима. Шеберлердің бұл туындылары келушілерді қатты қызықтырады.
Мұражайда тұрған қолөнерлік жәдігердің бірі — атақты жылыойлық шебер, кезінде дайындаған басқұр-лары халықтық өнер шеберлерінің облыс орталығында, Алматыда, Мәскеуде өткен облыстық, республикалық және бүкілодақтық көрмелерде, Польшада, Югословияда, Бельгияда өткен халықаралық көрмелерінде бірнеше дипломдар мен жүлделер алған Жанбөпе Сәрсенбайқызы Жылқыбаеваның үнемі тұтынған қолөнерлік тарағы. Тарақтың сабы ағаштан жасалын-ған, жоғары бөлігі қолға ұстауға ыңғайланып, сүйірлеу жасалынған, саптың басында ілу жібіне ар- налған тесігі бар, тарақтың сабынан төменгі бөлігі бесбұрыш іспетті, оған темір қалып кигізілген. Бұл қалыптан мықты темір сымдардан терілген, ені 2 см-дей болатын тарақ ұштары шығып тұр. Осы тарақтың және басқа да құралдардың көмегімен шебер ені 45 см, ұзындығы 16 м болатын басқұрларды, ені 15 см, ұзындығы 5 м болатын үзік бауларды дайындаған екен.Солардың шеберлік істеріне арналып 2004 жылы “Қолөнер шеберлері Рысты Балжігітова мен Ару Диярова жасақтаған қолөнер бұйымдары мен қолданған еңбек құралдары” атты арнайы экспозиция жасақталды. Алғашқы басқұрын он жеті жасында тоқыған шебер, бүгінде он үш бала өсірген “Ардақты ана”, үш мәрте қажы Рысты Балжігітова дүниеге 1930 жылы келген. Өзін даңққа бөлеген қолөнерін енесі Жанбөпе Сәрсенбайқызынан үйренген болатын. Содан бергі уақыттарда Рысты апайдың қолынан көптеген бұйымдар – шилер, алашалар, текеметтер, киіздер дайындалды. Шебердің тоқыған әдемі қоржыны мұражайда тұр. Ені 50 см, ұзындығы 60 см қоржын екі қалтадан тұрады. Біртегіс жіптен жасалған тоқыманың үстіне бірнеше нақышты өрнектер салынған. Р.Балжігітова 1992 жылы Алматы қаласында өткен Дүние жүзі қазақтарының құрылтайында өз қолынан шыққан киіз үйді тігіп, көпшіліктің құрметіне бөленді. Бұл киіз үй Жылой ауданындағы, облыс орталығындағы Наурыз мерекелерінде, Қазақстан мұнайының 100 жылдық тойында, “Теңізшевройл” бірлескен қазақ-американ бірлестігінің 10 жылдық тойында қазақы өнердің мақтанышы болып тұрды. Рысты апайдың жұбайы, елге қадірлі азамат, абзал істері республика көлемінен асып, шетелдерге белгілі болған сегіз ардақты жігіттердің әкесі Қапан Балжі-гітовпен бірге 1999, 2001 және 2003 жылдары Меккеге қажылыққа бар-ған.
Шебер Ару Диярова да Жылой ауданында тұрады. Ол Түркіменстандағы Ашхабад кілем тоқу училищесін бітірген, ұзақ жыл бойына Ембі аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында жұмыс жасады, кілем тоқудан алдына жан сал-ған жоқ. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына арнап тоқыған кілемі нақышымен де, тоқылу шеберлігімен де ерекше мақтауға ие болды.Қазақ халқының өзімен ежелден бірге жасап, атадан балаға мирас болатын, сөйтіп, біздің қазіргі заманымызға дейін жеткен асыл мұраларының бірі – зергерлік, ұсталық өнері. Ағаштан түйін түйіп, алтынды күміске байлаған алтын қолды зергер, етік тігіп, тас қашаған, өнерімен өрге жүзген бесаспап шеберлер әр дәуірде де болып келген. Солардың бірі – Нарын өңіріне кеңінен танымал болған Қалмұқан ұста Ерекенұлы. Ол 1881 жылы туып, 1953 жылы дүниеден өткен. Ескіше және жаңаша сауатты кісі болған, ауылдық кеңесте қызмет атқарған. Халық ортасында алтын және күмістерден соққан білезіктері, сырғалары, сақиналары, т.б. қымбат бұйымдарымен атағы шыққан. Қалмұқан зергерлігімен қатар ағаштан түйін түйген шебер, темір бұйымдарды ұстатқыш ұста да болған. Шебер жасаған домбыра, кебеже, жастықағаш, адалбақандар ел ішінде әлі де кездеседі. Ел-жұрттың айтуына қарағанда, бұл өнер Қалмұқан әулетіне жеті атадан бері жалғасып келе жатқан екен, Атасы Төлен зергер Жәңгір ханның ордасында қызмет етіпті, ханның қазір Санкт-Петербургтағы Эрмитажда сақтаулы тұрған, кезінде хан Ресейдің І Николай патшасына тарту еткен ат әбзелдері осы Төлен зергердің қолынан шыққан дүниелер екен. Оның көрігі ұрпақтан-ұрпаққа жете келіп, Қалмұқанның қолына түседі, ұста оны Ұлы Отан соғысы жылдарында елдің ортақ мүддесі жолында игілікті пайдаланыпты. Екі ғасырлық тарихы бар бұл көрікті ұстаның немере інісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев пен ұстаның немересі Әлібек Тұқпатоллаұлы 2000 жылы мұражайға тапсырды. Көріністе тұрған көріктің айтар сыры көп-ақ.
Осындай зергердің бірі Шеркешбаев Сәрсенғалидың өз қолымен жасаған бұйымдары – тобылғы сапты, таза күміспен өрнектелген дойыр қамшысы, күміс білезіктері де мұражайымыздың сәнін келтіріп тұр. С. Шеркешбаев (1882-1961) мұндай өнерді өзінің исатайлық жерлестері Нұртекеш пен Әмірәлі деген зергерлерден үйренген екен. Оның күміс білезігінің екі шеті геометриялық алуан сызықтармен көмкерілген, ал, ортасына әдемі гүл өрнектері үлкен шеберлікпен ойылған. Дойыр қамшысы да жарқын өнердің үлгісі ретінде көзді еріксіз тартады, қамшыны мұражайға Марал Жаңбырбаев тапсыр-ған, оған бұл қамшыны шебердің өзі сыйға берген екен.
Қазақтың баға жетпес қолөнерінің кең мүмкіндіктерін жасаған бұйымдары мұражайдың экспозицияларында тұрған бірнеше қолөнер шеберлерінің шығармашылықтарынан да айқын көруге болады. Солардың бірі Арыстанбек Молдашұлымен (1936 жылы туған) 2001 жылғы маусымның 15-ші жұлдызында “Өнерлі өрге жүзер” деген тақырыпта кездесу өткізілді. Мектеп қабырғасында суретшілік, әнші-күйшілік өнермен танылған жас бір жылдары Балықшы балық комбинатындағы домбыра ансамбліне, хор ұжымына басшылық жасады. 1957 ж. Сейілхан Құсайынов құрған Дина оркестрінің алғашқы мүшелерінің бірі болды, кейін қолөнер жөніндегі фестивальдарға, көрмелерге қатынасты, осы сала бойынша Абай мен Жамбылдың 150 жылдық, Құрманғазының 175 жылдық мерейтойларындағы бәйгелерде жеңімпаз атанды. Ал, 2000 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 60 жылдық мерейтойына ұштастырылған республикалық патриоттық әндер мен өнердің “Ертеңім елім — Елбасым” атты ІІ фестивалінде “Әбіш баба” атындағы бас жүлдені жеңіп алды. Ол облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 55 жылдық және 60 жылдық мерейтойларына арнап өзі дайындаған қолөнерлік бұйымдардың 25-ін мұражайға тарту етті. Олардың ішінде музыкалық аспаптар, сандықтар мен кебежелер бар.
Қазақ шеберлері ас-су ыдыстарына аса мұқият қарап, олардың қолдануға өте ыңғайлы, қарапайым және берік болуына көңіл аударған. Мұндай ыдыс-аяқтардың көбісі ағаштан жасалынып келді. Солардың бірі ақтөбелік шебер Ә.Қошқаров жасаған бір тобы мұражай төрінен орын алған, олардың ішінде күбі, тегене, ожау, тостағандар, саптыаяқ, бас салатын табақ, бауыр салғыш, ми салғыш, бауырсақ табақ, ет салатын астау, қазы мен қарта салатын ыдыстар бар.
Кейінгі жас буынның ішінде де халықтық осындай өнерді қастерлейтін және оны дамытатын шеберлері баршылық. 1965 жылы Доссор кентінде дүниеге келген Есім Нұрлығайынұлы Арыстанов – осындай жас өркендердің бірі. Халықтық қазынаны қастерлеп өскен және қолөнерді жетік меңгерген Күлиса әжесі Есімдей немересінің өнерге деген құштарлығын жастайынан-ақ оята білген және өз өнерін оған жалықпай үйреткен. 1985 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының көркем сурет-графика факультетіне оқуға түскен жас шебер өз мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейте түсті. Бірнеше жылдан соң ол кәнігі шеберге айналды, бүгінде оны Атырау жұртшылығы жақсы таниды. 2001 жылдың 18 мамырында облыстық өнер мұражайында “Атаның асыл мұрасы” тақырыбына оның жеке көрмесі өткізілді. Оның шебер қолынан шыққан ұлттық тұрмыс бұйымдары – негізінен теріден жасалатын бұйымдар – торсықтар, қымыз құятын саба, тегенелер, кесеқаптар, қару-жарақтар — шоқпар, айбалта, қамшы, әшекей заттары – шашқа тағатын түйреуіштер, сүйек тарақ және шақша үлкен ізденіспен, ұлттық ою-өрнекті ұтымды пайдалану жолымен жаса-лынған. Олар халық қазынасының асыл мұрасының жалғасы іспетті және эстетикалық талғамымен, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.
Мұражайдағы жәдігерлердің аса құндыларының қатарына қазақтардың ұлттық киім-кешектері кіреді. Жаңа айтылып өткен киіз үйдің ішінде және арнаулы залда бірнеше киімдердің түрлері ілінген. Олар – ер адамның және әйел адамның киімдері. Ер адам киімдерінен бөрікті, тымақты, шапанды, шекпенді, саптама етіктерді, ішікті, қолдан тоқылған шекпенді, шалбарды, белбеуді көруге болады. Әйел киімінің түрлері де мұражайда көптеп жинақталған (шарқат, қамзол, қос етек көйлек, көк сауырлы кебіс, қама бөрік, жаулықтың түрлері, т.б.). Қазақтың әшекейлік бұйымдары да бағалы этнографиялық жәдігерлер санатына кіреді. Мұражайда көздің жауын алатын өңіржиектер, сырғалар, жүзіктер (құс тұмсық жүзік, құдағи жүзік (анасы Жаңылдық Бопылдықованың күмістен жасалып, алтынмен апталған бұл жүзігін тапсырған — жылойлық ана Дәмелі Рысжанова), оймақты жүзік, отау жүзік), білезіктер (күміс білезіктер, топсалы білезіктер), күмістелген бойтұмарлар, шекеліктер, қапсырмалар, тіс шұқығыштар, күміс белбеулер экспозицияға қойылған. Осылардың негізінде 2000 жылы “Сұлулық әрі — өнердің нәрі” деген тақырыптарда Батыс Қазақстанға тән әшекей бұйымдарының көрмесі жасақталынды.
Осындай тағы бір жинақ “Саз аспаптарын жасаушы Б. Мырзағалиев жасаған саз аспаптарының экспозициясы” деп аталды. Оған шебердің өз қолынан жасалған бас домбыра, домбыра, шертер, прима қобыз, қыл қобыз, жетіген қойылған. Шебер 1927 жылы Махамбет ауданының 12-ші ауылында дүниеге келген. Атасы Шыңбала мен әкесі Мырзағали ағаштан түйін түйген, ер жасаған, қамшы өрген, мүйізден — тарақ, ағаштан ойып, домбыра жасаған алтын қолды адамдар еді. Бисенғали 1942 жылы жетіжылдық мектепті бітірген соң ФЗО-ның ағаш шеберлерін дайындайтын бөліміне алынады. Ол 1953 жылдан бері домбыра жасай бастайды. 1957 жылы Дина Нұрпейісова атындағы оркестрге 14 тенор-домбыра, домбыра, прима, бас контрабас, 12 прима-қобыз бен қобыз жасап береді. Осылайша, жарақтанған оркестр Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне қатынасып, «ең таңдаулы көркемөнерпаздар ұжымы» деген атақ алып, Кәсіптік одақтардың Бүкілодақтық орталық кеңесінің (ВЦСПС-тің) Құрмет дипломымен марапатталады. Бұл бір жағынан Бисенғалидың саз аспаптарын жасаудағы шеберлігіне берілген лайықты баға болатын.
Б. Мырзағалиев 1976 жылдан бастап ерте дүниедегі қазақтың ұлттық саз аспаптарының зерттеушісі, өнертану ғылымдарының докторы Болат Сарыбаевтың ақыл-кеңесінің негізінде алғаш рет қыл қобызды жасап берді.
Осындай шын шебердің еңбегі кезінде лайықты бағаланды. «Тұрмыс қажетін өтеу қызметінің үздігі» атағына ие болып, бірнеше дипломдар мен грамоталармен марапатталды. Оның өнерін өз ұрпақтары мен шәкірттері жалғастыруда.
Қорыта айтқанда, қазақ қолөнері ата-бабаларымыздың өзіндік өркениеті – далалық өркениеті, биік эстетикалық талғамы болғандығын дәлелдейді. Оны ілгері дамыту, насихаттау және мақтаныш ете білу – бүгінгі және келешек ұрпақтардың басты перзенттік парызы болуға тиіс. Ал, бұл ретте музейлердің алатын орны мен маңызы тіптен ерекше.