Абдикеримов Сакен Турарбекулы
Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің
өндірістік оқыту шебері, Тараз қаласы
Өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық қызметі өте күрделі, себебі ақын өмір сүрген дәуір Россияда демократиялық көзқарастың кеңінен қанат жайған, әдебиет пен мәдениет ілгерішіл, ағартушылық, демократиялық жолмен дамыған кез болса, Қазақстанда өндіріс орындарының ашылып, оған шетел өнеркәсіпшілерінің иелік еткен тұсы еді. Бұл кезде қазақ халқының саяси өмірінде де күрделі өзгерістер болып жатты, атап айтсақ: қазақ халқы Россияға қосылып, орыс халқымен экономикалық әлеуметтік қарым-қатынас жасай бастайды. Қазақ даласының терістік, батыс жағынан шығыс пен оңтүстігіне қарай бет алған орыс әскери экспедициясының алды Алатау атырабына жетіп, бекініс, қамалдар кұруға кіріскен шақ. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстік жағы, Жетісу өңірі түгелдей Қоқан хандығының кол астында еді.
Осы кезеңде өмір сүрген Жамбылдың ұстазы Сүйінбай өз тұсында аса ірі тұлғалы шешен, алғыр ойлы, парасатты ақын болғаны белгілі. Оның өлең, толғау, айтыстарынан реалистік, демократиялық, халықтық сипаттар айқын аңғарылады. Сүйінбай өз заманының әділетсіздерін шен-дәрежесіне, бедел-бедеріне қарамастан сынап отырған. Еңбекші бұқараны, оның арасынан шығып, қорғаны болған Сұраншы, Саурық, Сыпатай сияқты батырларды жырлаған, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған. Сүйінбайдан он бес жаста бата алған Жамбыл өз бойына Сүйінбай ұстазынын ақындық, азаматтық өмірінің осы қасиетін дарытады.
Жиырма жастан асқан соң, Жамбыл ауыл айналасынан ұзап шығып, ақындық өнерінің көкжиегін кеңейте береді. Жыр айтып, саятшылык та құрады. Ақынның «Жылқышы», «Пұшықтың ұрыға айтқаны» секілді өлеңдері осы кезде туады. Айкүміспен, Бөлектің қызымен айтыстары да осы тұста өтеді.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске Жамбыл Жабаевтың белсене араласқаны тарихтан белгілі. Бұл кезде жасы жетпіске жеткен кәрі тарлан қартайдым деп от басында отырып қалмайды. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүреді. Өзінің отты үндеу жырларын толғайды. «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» өлеңдері бұрын жаз жайлауын, қыс қыстауын жайлап еркін жатқан елге патша әмірінің төтеннен бүлік салуын суреттеуден басталады. Ер-азаматтар қара жұмысқа айдалады, Жергілікті бай-болыс, старшиналар Верный губерниясының әкімдерімен бірігіп алып, Үлкенсаз, Үшқоңыр, Қүмбел, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауларындағы мал баққан шаруаларға отрядтарын аттандырады. Патша жарлығына қарсы шығып, көтеріліске қатыскандарды аяусыз жазалайды. Бұл оқиғаларды көрген, солардың ортасында жүрген ақын бейтарап қала алмай, ел қасіретін қабырғасы қайыса сезінеді.
Жамбылдың н «Туған елім», «Халықтың сәлемі», «Өмір жыры» сияқты өлең, толғаулары қазақ халық поэзиясының ең озық үлгілері болумен қатар Н.Байғанин, Н.Бекежанов, О.Тайманов, Ү.Кәрібаев, Н.Баймұратов, Д.Әлімбаев, С.Жанғабылов, С.Әлімбетов, О.Шипин, С.Қерімбеков секілді көптеген ақындарға дем берді. Жамбыл ақындықтың жаңа көшін бастады.
Жамбылдың ақындық тұлғасы, оның поэзиясы бұл жылдары айта қаларлықтай ірі кұбылыс болып табылды. Ол қазақ әдебиетінің даңқын бүкіл әлемге жайды. Дәстүрлі жырдың жаңа дәуірге сай қайта жаңғырып өркен жаюының куәсі болды. Халық поэзиясын идея, тақырып жағынан байыта түсті. Ұлы Отан соғысы басталғанда, ақын майданға құлағын тігіп, жауынгерлерге, қалың елге жырымен дем береді. Ақынның соғыс жылдары Отан қорғау такырыбына арнап шығарған-жырларының жалпы көлемі 3000 жолдан асады.
Жамбылдың жүз жыл бойы адамдықтан, адалдықтан таймай соққан абзал жүрегінен туған өлең-жыр майдандағы кеңес жауынгерлерін жеңіске, ерлікке жігерлендірді. Қарт ақынның әкелік, аталық махаббатына толы жырларын әр жауынгер өз ата-анасының сөзіндей, Отан үніндей қабылдайды. Майдангер ақын-жазушылар Жамбыл жырларының мұндай кұдірет-күшін тебірене отырып еске алады. Мысалы, жауынгер жазушы В.Вишневский «Правда» газетінің 1944 жылғы 4 желтоқсанындағы санында Кеңес жауынгерлері Жамбыл жырын тұтастай қазақ халқының үніндей қабылдады. «Қазақ халқы бізге туысқандық сәлемін, махаббаты мен достығын білдірді, біз күшімізге күш қосып, буырқанып жаумен шайқасқа шықтық», — деп жазады.
Тоқсан мен жүз жастың арасындағы он жылда ұлы Жамбыл — Гомер атанды. Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да – феномен, сирек кездесетін құбылыс.
Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған «Шағым», ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме», «Менің пірім Сүйінбай» деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – «Айкүміспен айтысы», сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар «Манасын», Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. «Кедей күйі», «Пұшықтың ұрыға айтқаны», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті», «Жылқышы», «Мәңке болыс» тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т.б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары – даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы.
Жамбыл Жабаевтың артында қалған мұраларынан оның халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз.