Home » Мақалалар » 38 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ГРАНТ ЖЕҢІП АЛДЫ

38 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ГРАНТ ЖЕҢІП АЛДЫ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, PhD докторы Мұхамеджанова Гүлмира Тастемірқызы  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландырудың ғылыми (немесе) ғылыми-техникалық конкурсына қатысып жеңімпаз атанды.

«Білім және ғылым саласындағы зерттеулер» бағыты бойынша «Жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асыру жағдайында көріктеуіш тілдік құралдарды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» (орта білім беру жүйесі бойынша) атты жаңартылған білім мазмұнын іске асыруға арналған жобасын ұсынып, 38 102 999 теңгені құрайтын грантқа ие болды.

Негізгі мақсаты — қазақ тіліндегі экспрессивті сөйлеу құралдарының мәдени сипаттамалары мен байланысын анықтау, олардың оқыту әдістемесін зерттеп, жүзеге асыру. Сонымен қатар, ұлттық мектептердегі жаңартылған білім беру мазмұнын кеңейту аясында әдістемелік жүйені ұсыну.

Аталған санаттарға арналған кешенді зерттеулер елімізде толық көлемде жүргізілмеген. Білім берудің жаңартылған мазмұнына сәйкес  ЖОО оқитын студенттерді лингвомәдени құзыреттілікке ие лингвистикалық тұлға ретінде қалыптастыру үшін білім беру бағдарламасына тілдік құралдардың оқыту әдістемесін енгізу күн талабындағы мәселе. Бұл жағдай зерттеу өзектілігін  анықтауға мүмкіндік береді,  дейді жас ғалым Гүлмира Тастемірқызы.

Тіл саясатына және білім берудің тұжырымдамалық негіздерінде көрсетілгеніндей, оқушының құзыреттілігінің кемел дәрежеде болуы үшін тілдік талғамды қалыптастыра оқыту ұстанымы – қазақ сөзінің мәдениеті мен шешендік өнерді меңгертуге дағдыландыру мәселесі соңғы жылдары білімді бағалаудың жаңа түрінің енгізілуі себебінен күтілетін нәтижелердің қатарынан ығыстырылған. Осыған орай, мектеп оқушысын лингвомәдени құзыреттілікке ие тұлға ретінде қалыптастыруда тілдегі көріктеуіш құралдарды оқытудың әдістері мен әдіснамасын білім беру бағдарламаларына енгізу маңызды сипатқа ие. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының білімді ұрпағын, қазақ тілін жеттік меңгерген, сөйлеу мәдениеті қалыптасқан тұлға тәрбиелеу ғалымның басты қағидасы.

Алдағы уақытта қазақ тілінде сөйлеу мәдениеті мен құзыреттілік дағдыларын қалыптастыру мәселесі жоспарлы түрде жүзеге асырылмақ. Үш жыл ішінде алынған қаражат Web of  Science және (немесе) Scopus әлемдік ғылыми журналдарында, сондай-ақ ҚР БҒСБК ұсынған басылымдарында мақалалар жариялауға және ғылыми оқудан өту қарастырылған. Нәтижесінде жобаның тақырыбы бойынша монография мен оқулық дайындауға мүмкіндік бар.

 Көкбасқызы Жазира,
«BILIM AINASY»
СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.