Ниханбаева Қарлыға Жұмаханқызы
Нұр-Сұлтан қаласындағы
«№2 Балалар музыка мектебі» МКҚК
домбыра аспабының оқытушысы
Сабақтың тақырыбы: Құрманғазының күйімен жұмыс. «Кісен ашқан» күйі. 4-сынып оқушысы Амангелдиев Олжас
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Композитордың күйлерін насихаттай отырып, шығарма-шылығымен, күйдің шығу тарихын таныстыру, тыңдату, үйрету.
Дамытушылығы: Оқушының ойнау қабілетін жетілдіру, музыкалық сауатын дамыту, шығармашылық белсенділігін арттыру.
Тәрбиелігі: Композитордың күй арқылы өнерді бағалауға, оқушының бойындағы ұлттық рухани сезімін ояту, ұлтжанды болуға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: буклет, композитордың суреті, үнтаспа.
Пәнаралық байланыс: Әдебиет, тарих.
Сабақтың барысы:
- Ұйымдастыру кезеңі: Оқушының сабаққа әзірлігін тексеру, назарын сабаққа аудару.
- Үй тапсырмасын тексеру:а/ Си бемоль мажор гаммасын түрлі қағыстармен ойнау. ә/Г. Беренс Этюд ойнау.
Мұғалімнің сөзі: Өткен сабағымызда этюдті үйрену, ойнау арқылы домбырада ойнау шеберлігімізді шыңдадық. Міне, домбыра аспабында шебер орындаудың қыры мен сыры өте көп. Оны үйрену үшін ең алдымен өз ұлтымыздың, қазақ халқының күй өнерін меңгеріп, күйші-композиторымен танысалық. Ол үшін ең әуелі мына өте танымал күйді тыңдап, серігіп алайық!
Күйдің аты және композиторы оқушыға айтылмайды («Адай» күйі тыңдалады). Құрманғазы Сағырбайұлы Адай күйі
Жаңа сабақ: Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896). Қазақтың аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлы қазіргі Орал облысы, Жаңақала ауданындағы Жиделіде дүниеге келіп, Ресейдің Астрахань облысында қайтыс болған. Құрманғазының әкесі Сағырбай бүкіл өмірін байдың жалшылығында өткізген. Анасы Алқаның ағалары төкпе ақын, күйші, палуан болған.
Құрманғазы өмірге келгенде әкесі нәрестесін қолына алып, «Бүгін құрбан айт екен, сенің атың Құрманғазы болсын» деп айналасындағы адамдарға жариялапты. Құрманғазы жасынан ән-күйге әуес болып өседі. Тұрмыстың ауырлығына байланысты 6 жасынан бастап байдың қозысын бақты. Қолдан жасалған домбырасын үнемі тастамай алып жүреді. Қойшылығымен тамағын асыраса, домбырасы оның рухани азығы болды.
Далада жүріп табиғатпен тілдесті. Судың, желдің үндерін тыңдап өсті. Домбырасымен күй тартып, ауыл адамдарына тыңдатты.
Бұл Бөкей ордасына атағы жайылған Ұзақ атты күйшінің ауылына келуі Құрманғазының өміріне өзгеріс әкелді. Ұзақтан тәлім алып, ұстазы санады, кейін онымен бірге ел аралап, домбырашылық өнер сайысына түсіп, жұртшылық назарына ілігеді.
18 жасынан бастап, әкесінің қарсы болғанына қарамастан, домбыра орындау шеберлігін шыңдай отырып, профессионал күйші жолына түседі.
Құрманғазының бүкіл өмірі мен өнері әлеуметтік әділетсіздік, қанаушылыққа, озбырлыққа қарсы күреспен өтті. Би-болыстардың қудалауы, жалған жала жауып түрмеге қаматуы күйшіні қажыта алмады, қайта күш-
жігерін шыңдай түсті. Ол өзінің домбырасымен, шығарған күйімен, өнердің күшімен қиындықтарға қарсы тұра білді. Жүрегінен толқып шыққан күй сазымен өзінің жан толқуын ішкі сезімін, өмір сырын, табиғат
ерешеліктерін суреттей білді.
Ұлы күйшінің «Сарыарқа», «Алатау», «Бұлбұлдың құрғыры», күйлері туған елінің әсем табиғатын сүреттейді, «Кішкентай», «Төремұрат», «Адай», «Көбік шашқан» күйлері өмір тартысын, халықтың күш жігерін бейнелейді. «Қайран шешем», «Қызыл қайың», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» күйлері Құрманғазының басынан өткен жағдайларымен таныстырады, оның өмір сырын шертеді. «Серпер», «Аман бол, шешем аман бол», «Лаушкен», «Ақбай», «Көбік шашқан», «Арба соққан», «Балбырауын», «Пәбескі», «Итог» Құрманғазы күйлерінде қажымас жігер, өршіл ой, қиындыққа мойымайтын күш, алға итермелейтін арман бейнеленеді. Сондықтан оның көптеген күйлері аса зор жылдамдақпен орындалады. Өйткені бұл күйлер қазақ жерінің тынысы, кең даланың самал желі, құстай ұшқан тұлпардың тұяғымен бейнеленген шаттық өмір, қуаныш естіледі.
Жазушы Н.Савичевтің: «Егер Құрманғазы европалық білім алған болса, онда ол музыка әлемінің шолпан жұлдызы болған болар еді» — деген екен. Құрманғазы атамыз күй анасы – Дина Нұрпеисованы 9 жасынан арнайы іздеп барып, 19 жасына дейін, қашан ұзатылғанша өнеріне баулыған тікелей шәкірті деп айта аламыз.
Аспаптық халық музыкасының классигі
Күйші — композитор
Еркіндіктің ұраншысы
Шебер домбырашы
«Кісен ашқан» — күйі адамның қиналғанын суреттейтін философиялық күй. Бұл күйде өмір арпалысқан күйшінің жан-жарасы толғанады. «Кісен ашқан» күйі туралы Құрманғазы «Сайдың бойына келіп, кісенімді алып отырғанмын жараның ауызы ашылып, түні бойы ауырып, ұйқы бермеді, жүруге де мүмкіншілік болмады. Сол сәтте осы ойыма оралып еді»-дейді.
«Кісен ашқан» күйі
Қағысы:ПVV, ПVV
Екпіні:Ұстамды, ызамен
Өлшемі: тұрақты ¾
Динамикалық белгілері: р, mp, mf
Сол қолда кездесетін әдіс амалдар: (фр. Тіл аул-сырғи)-дыбыстан тез сырғу әдісі деп аталды.
Бекіту:
— Құрманғазы Сағырбайұлы кім?
— Қай жерде дүниеге келген?
— Ұстазы кім?
— Күй өнеріне баулыған шәкірті кім?
— Қандай күйлерін білесін?
— Қандай күйін тыңдайсың?
— Бүгінгі сабақта қандай күйін үйрендің?
— Бүгінгі сабақ ұнадыма?
Қортындылау: Бүгінгі сабақты қорыта келе, қазақ халқының дарынды, атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі және шығармашы-лығымен таныс болдың. Құрманғазы – қазақ халқының аспаптық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінгі бізге жетіп отырған тамаша күйлерінің бірі «Кісен ашқан» күйін орындап үйрендің. Қазақ халқының атадан балаға мұра етіп келе жатқан өнері – күй, ал аспабы – домбыра екені белгілі. Киелі аспапты меңгеру, оқушының домбыраға деген қызығу-шылығын арттырып қана қоймайды, одан әрі шебер орындаушы және меңгерген күйін шығу тарихымен насихаттаушы, ұлттық өнерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін мұрагер болатынына сенімім мол.
Үйге тапсырма: Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін берілген жеріне дейін орындау.