Скакова Биби Аргынбаевна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренері,
Тараз қаласы
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай». Сократ
Білім беру жүйесіндегі біліктілікті арттыру іс-шарасы аса қажетті де өміршең үрдіс. Білім беру саласында біліктілікті арттыру дегеніміз – кәсіби білім беру жүйесінде педагогтердің күрделі еңбек функцияларын атқаруға бағытталған әдет біліктілігін қалыптастыратын қосымша білім беру түрі.
Біліктілікті арттыру бұдан бұрын алынған кәсіби білімді тереңдетеді, мұғалімнің сапалық, іскерлік қасиеттерін жетілдіреді және мұғалімнің шығармашылық бағытта өзін-өзі шыңдауына ықпал етеді. Біліктілікті арттыру барысында, мұғалім жаңа теориялық мәселелер мен арнайы техникалық білім спектрін және біліктілікпен еңбек дағдысын кеңейтеді. Сонымен бірге ғылым мен технологияны байланыстырады.
Біліктілікті арттыру үрдісінің негізгі міндеті – білім жүйесін реформалау үрдісін кезең-кезеңмен жүргізуге даярлықтың деңгейін айқындау, үнемі өсіп отыратын әлеуметтік сұранысты орындауды, қазіргі заманғы ғылымды білім мен техника арқылы іске асыру.
Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – біліктілікті арттыру жүйесіндегі инновациялық өзгертулер (модернизация) болып отырғаны мәлім. Осы ретте білім саласындағы біліктілікті жаңалау (инновация) – білім беру ісінің басым бағыты екендігін айта кету керек.
2020 жылы коронавирус пандемиясына қарсы әлемде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, Республиканың мектеп оқушылары 2019-2020 оқу жылының ІҮ тоқсанын, жоо студенттері мен колледж студенттері жаңа – қашықтықтан оқыту форматына көшті. Осындай қиын-қыстау күндері біз жалғыз болған жоқпыз, ЮНЕСКО-ның жасаған мәліметі бойынша, әлемнің 107 елінде мектептер жабылды, ол 861 миллионнан астам баланы қамтыды. Осы жағдай әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.
Осы орайда, «Өрлеу» БАҰО» АҚ республика педагогтерімен өз байланысын үзбей, олардың кәсіби қажеттіліктерінің бірі – жаңа формат – қашықтықтан оқытуға байланысты бірқатар жобаларды облыстардағы филиалдар арқылы іске асырды. Атап айтқанда, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету қазіргі кезде қолжетімді аралас оқыту режиміндегі қашықтан білім беру («Blended learning») және біліктілікті арттыру үдерісінде сандық технологияларды пайдалану, облыстың орта білім беру педагогтеріне кеңес беру үшін құрылған сall-орталық арқылы өз шешімін тапты.
Осындай қиын кезеңде Жамбыл – «Өрлеу» ұжымы да өз серіктестерімен байланысты үзген жоқ. Институ жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – курстан кейінгі қолдау көрсету барысында қашықтықтан оқыту форматы бойынша мұғалімдерге өткізіліп жатқан іс-шаралар көмек берумен қатар, олардың қиындықтарын шешуде, кәсіби білімі мен білігін арттыруда өз септігін тигізді. Институт сайтында (orleu-taraz.kz) ауыл мектептеріндегі педагогиклық инновациялар айдарында қашықтықтан оқытуға байланысты әдістемелік ұсынымдар, білім беру бағдарламалары, бейне-конференциялардың жазбалары, сандық білім беру қорлары жүктелді.
Сонымен қатар облыс педагогтеріне арналған «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында географияны саралау әдісімен оқытудың тиімділігі», «Онлайн оқытудың тиімді тәсілдері», «Білім мазмұнын жаңарту аясында мектеп кітапханалары ресурстарын дамыту», «Бастауыш мектепте қашықтықтан оқыту», «Қашықтықтан оқытуға арналған IT-фишкалар» тақырыптарында онлайн-кеңестер ұйымдастырды. Басталған жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда.
Біздің жаңа жолымызда көптеген қиындықтар болды, дегенмен осы бағыттағы жинақтаған оқу мен оқытудағы жаңалықтарымыз бен тәжірибеміз одан да көп болады. Осының барлығы бізден төзімді, ізденімпаздықты талап етті және өз күшімізге деген сенімді нығайтты. Сол себептен де
2019-2020 жылдың ІҮ тоқсанында жасалған бейнесабақтар ұжым мүшелерінің жұмысын жаңа бағытта жоспарлауға септігін тигізді. Институт тренерлері мен облыс мектептерінің тәжірибелі мұғалімдерінің бірлесуімен 2020-2021 оқу жылының 1-2-3 тоқсандары бойынша қашықтан оқытуға арналған сабақтар әзірленіп, олар «Өрлеу» білім беру арнасына жүктелді.
Осы жасалып жатқан жұмыстар мен іс-шараларды өткізудегі негізгі міндеті – мұғалімдер арасында ашық бәсекелестік ұйымдастыру, педагогтердің құзыреттілігін арттыру арқылы кәсіби деңгейді көтеру мәселесі де қамтылды. Сол арқылы локальды бастамадан басқа жүйелі өзгеріске көшу, белсенді авторлық топ құру (бүкіл біліктілікті арттыру мәселесі бойынша), біліктілікті арттыруды іске асыратын бағдарлама жасау, тәуелсіз сауатты эксперттер құру, жеке бағдарлама (индивидуальдық) жасап, оны іске асыру және т.б. іске асыру қолға алынып отыр.
Біліктілікті арттыру барысында атқарылатын модернизациялық іс-әрекеттер соңғы кезде түрлі формада жүргізіліп жатыр. Сондықтан, білім беру жүйесіндегі жаңа жүйе бойынша, мұғалімдер жаңа білімді технология арқылы игерулері қажет әрі өзінің бұрынғы имиджін өзгертулері керек. Бұдан соң, әр мұғалім өзінің біліктілігін арттыруды Институт курсының бағдарламасына сай, жүйелі түрде жүргізуі тиіс. Егер, «біліктілігімді арттырамын, оқушылардың білім деңгейін көтеремін» деген ізденгіш ұстаз осы аталған деңгейлерді мүмкіншілігіне қарай, бір немесе екі жыл көлемінде өтетін болса, біліктілігі артып, білім қоры көбейері анық.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Сондықтан да білім сапасын арттыру, оқушылардың дарындылығын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті деп білемін. Табысты оқыту білім алуға мүмкіндік беретін нақты жағдайларды жасаумен қатар, сол жағдайлардың өзімен тығыз байланысты. Табысты мұғалім оқушыларға, ортаға және ресурстарға лайықтап нақты кезеңде қолданылуы тиімді оқыту элементтерін «реттеп» отырады. Расында, оқытудың сапалы және табысты болуы белгілі бір деңгейде мұғалімнің қалыптасып отырған жағдайларға бейімделе алуына да тығыз байланысты. Табысты оқыту – мұғалім бейнесімен танылатын сан алуан элементтер арасындағы байланыс болып табылады, ол өзі белгілі бір деңгейде тәуелді жағдайлар жасалынған кезде жүзеге асырылады. Табысты оқыту оқушылардың, қоршаған орта жағдайы және оқыту, білім алу мүмкіндіктерінің бірлігі ретінде қарастырылады. Оқытудың сапасын екі тәсіл арқылы анықтауға болады. Біріншісі, бағалау оқу қызметінің нәтижесіне байланысты болмай, мұғалімнің іс-әрекетінің тәжірибе талаптарына сәйкестігін, яғни – мұғалім жұмысының тиімділігін, оқушылармен өзара байланысының сипаты мен жиілігін анықтау мақсатында жүргізіледі. Бұл жағдайда баға мұғалім жұмыс істейтін оқушыларға байланысты қарастырылып, оқыту үдерісіне тәуелді болмайды.
Сөз соңында табысты мұғалімнен білім алатын табысты оқушыларымыз көбейе берсін деп тілейміз.