Home » Мақалалар » Оқытуда инновациялық технологияларды қолдану арқылы тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамыту

Оқытуда инновациялық технологияларды қолдану арқылы тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамыту

Кусаинова Дина Турегельдиевна
Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмешіт ауылы.
«Ақмешіт ауылының жалпы орта білім беретін мектебі»КММ-де
Көркем еңбек пәнінің  мұғалімі

Оқытуда инновациялық технологияларды қолдану арқылы тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамыту

Халықаралық білім беру кеңістігінде болып жатқан үдерістер педагогикалық процестің түбегейлі өзгеруіне ықпал етті. Бұл өзгерістер білім беру мазмұны, оқытудың әдістері мен оқушылардың ішкі әлеуетін дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Білім парадигмасының инновациялық тенденциялары  әртүрлі факторлардың әсерінен толығуда. Соның бірі эстетика, мәдениет, аксиология сияқты күрделі ғылымдар құрайды.

Дүниежүзі қоғамдастығы ақпараттық технологиялық дәуірде өмір сүруде. Осыған орай,  білім беру жүйесін әлемнің дамыған мемлекеттерінің талаптарына және инновациялық даму парадигмасына сәйкес интеграциялау қажет. Бұл әлем елдерінің бәсекеге қабілеттіліктерін анықтайтын негізгі көрсеткіш болып табылады. Сондықтан да, еліміз осы саланы дамытып, инновациялық технологияларды игеруге, шығармашылық әлеуетті арттыруға барынша күш салып келеді.

Осы орайда мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев үздіксіз білім беру аясында айтқан: «Жас ұрпақ өкілдері шығармашылықпен айналысулары қажет.  Қазіргі уақыт балалар үшін соншалықты қауіпті, сондықтан олардың энергиясы мен қызығушылығы дұрыс бағытқа бағытталуы керек»-деген болатын. Президенттің бұл сөзі ойымызды тереңдете түседі. Сондықтан да тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамытуды мектептен бастау заңдылық. Мектептің тұтас педагогикалық үрдісінде инновациялық технологияларды қолдану шығармашыл ойлайтын, креативті тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Шығармашылық ұғымы ғалымдардың еңбектерінде зерделенген. Ғалымдар шығармашылық ұғымын қабілетпен байланыстырады. Жаңа нәрсе ойлап табуға бағытталған қабілет деңгейі деп есептейді. Қабілеттердің даму мәселесін зерттей келе, А.Крутецкий, Б.М.Теплов, А.Н.Леонтьев, Т.Тәжібаев, М.Мұқанов, Қ.Жарықбаев сияқты ғалымдар қабілеті жоқ адам болмайды, қабілет дәрежесі әр адамда әртүрлі деңгейде болады. Қабілеттер туа біткен қасиет емес, олар өмір сүру барысында іс-әрекет арқылы дамып отыратындығына тоқталған.

Шығармашыл тұлғаны қалыптастыру күрделі әрі көпфакторлы процесс. Философия ғалымдарының пікірінше, шығармашылық танымдық іс-әрекеттің ең жоғары формасы болып табылады, оның барысында объективті материалдық және рухани құндылықтар жасалады.

Білім беруді дамытудың қазіргі тенденциясы-оны ізгілендіру. Білім беруді ізгілендіру тұлғаның  дүниетанымы мен шығармашылық әлеуетін қалыптастыру сияқты концептуалды тұжырымдамамен айқындалады[1].

Шығармашылық ұғымының тарихи-педагогикалық генезисі тереңде жатыр.  Оның әдіснамалық және теориялық негіздері әртүрлі аспектіде зерттелген. С.И.Ожеговтың сөздігінде: «Шығармашылық- мәдени және материалдық құндылықтарды, жаңа идеяларды құрастырудың жоғары формасы»- деп айтылған болатын.

Шығармашылықтың әдіснамалық деңгейін педагогика  ғылымында С.Лысенкова, В.Шаталов, Ш.Амоношвили т.б. дәлелдеген. Жеке тұлғаның толыққанды дамуына іс-әрекеттің екі түрі әсер етеді: оқу және шығармашылық.

Шығармашыл тұлғаны қалыптастыру мектептің тұтас педагогикалық үрдісінде жүзеге асады. Оқушының қабілетін ашу, шығармашылық дағдысын қалыптастыру педагогтің құзыреттілігіне байланысты. Педагогтің инновациялық дайындығы маңызды болып табылады.

Жеке тұлға оқу үрдісінде қарым-қатынас жасау  арқылы дамиды, білім, білік, дағдыны қабылдайды жəне шығармашылық əрекеттер орындау негізінде өзінің мүмкіндіктерін жетілдіреді. Шығармашылық құзыреттілік музыка, қолөнер, сурет салу т.б. іс-әрекеттің нəтижелі түрлері арқылы қалыптаса бастайды. Оқушының интеллектісін жан-жақты дамытуда көркем еңбек пәнінің  маңызы ерекше. Себебі, шығармашылық қабілеттің маңызды бөлігі еңбек арқылы дамыйды.

Бұл пән мектеп бағдарламасында кіріктірілген (интерактивті) пән болып табылады. Бейнелеу өнері мен технологияның  мазмұндық кешенін құрайды. Бұл пәннің мақсаты оқушыларға көркем ойлаудың қарапайым дағдыларын меңгерту, эстетикалық талғамын ояту, қолдаңбалы өнердің түрлерінен мағлұмат беру, сәндік-қолдаңбалы технологияның маңызды бөлігімен таныстыру т.б.

Бағдарлама мазмұны мектеп оқушыларының пәнаралық үйлесімділігін дамытуға негізделген. Атап айтқанда, бейнелеу өнері мен технологияның тақырыптарын оқыту нәтижесінде білім алушы әртүрлі біліктер мен дағдыларды игереді. Сонымен қатар бағдарлама мазмұнында заманауи технологияның түрлері мен ерекшеліктеріне талдау жасалынған.

Инновациялық технологиялар дегеніміз — білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі. Инновациялық технологияның негізгі ерекшелігі – бұл білім алушылар өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз өзіне сын көзбен қарауына мүмкіндік береді. Сондықтан да көркем еңбек пәнінде инновациялық технологияларды пайдалану маңызды.

Бағдарламадағы тақырыптар оқушының көркем өнер, заманауи дизайн және технология саласындағы білімдерін кеңейтеді. Әртүрлі ғылымдардың интеграциялық байланыстары арқылы  оқушылар көптеген мәліметтермен танысады. Оқушылардың танымдық қызығушылықтары оянып, белсенділіктері пайда болады, жаңа затты әдемі жасауға деген ұмтылысы артады.

Визуалды өнер бөлімінде бейнелеу өнерінінің құралдары, классикалық бейнелеу өнерінің үздік туындылары, қазақстандық суретшілердің шығармашылығы, бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары, натюрморт өнері, ұлттық сәндік натюрморт, пейзаж, табиғатпен үйлесімділік, индустриалды пейзаж, қала пейзажы, сызықтық перспектива, пластикалық пішіндер өнері, мүсін өнері, шығармашылық жұмыс, көрме ұйымдастыру т.б. тапсырмалар беріледі. Шығармашылық тапсырмаларды орындау оқушылардың зерттеушілік және креативті ойлау мүмкіндігін дамытады. Визуалды өнер бөлімінде берілген бейнелеу өнерінің құралдары арқылы оқушылар әртүрлі тапсырмаларды орындайды. Бейнелеу өнерінің құралдарымен танысып, олардың ерекшеліктерін, түрлерін ажыратуға үйренеді. Нысананы елестету, санаға бейнелеу, зейінді бір арнаға шоғырландыру    сияқты үрдістер психологиялық қабілеттерді қажет етеді.

Классикалық бейнелеу өнерінің туындылары ұлттық болмысты, ондағы дүниетанымдық көзқарасты бейнелейді. Креативті идеялар мен қиялдарды санада бейнелеуге мүмкіндік береді.  Пейзаждағы түстік үндестік керемет кескіндікдік колорит қалыптастырып, оқушының қиялы мен арманын шыңдайды.

Тылсым табиғат әлемінің тұңғиық сыры мен шынайы болмысын бейнелеу өнері арқылы жеткізу оқушының дүниетанымын, табиғатқа деген ерекше қасиетін қалыптастырады.

Сәндік-қолданбалы өнер бөлімінде сәндік-қолданбалы өнердің мазмұны, негізгі формалары мен ерекшеліктері, Қазақстан халқының сәндік-қолданбалы өнерінің тарихы, сәндік-қолданбалы өнердегі заманауи және дәстүрлі емес материалдар, сәндік бұйым, бұйым дайындау, өру өнері, өру түрлері т.б. мәселелер берілген.

Қазақстан халқының өнерінен мағлұмат бере отырып, оқушылардың дүниетанымын кеңейтеді.

Дизайн және технология бөлімінде оқушылар конструкциялық материалдарды өңдеуді үйренеді.  Әртүрлі сымдарды қолдану негізінде пішіндер жасайды. Қарапайым нысандардың дизайнын дайындау бойынша тапсырмаларды орындайды. Инновациялық технологиялар арқылы оқушылар жобалауды, жоспарлауды, графикалық сызуды үйренеді. Дизайн оқушының шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға негіз болады. Дизайн пәнінің құрылымы мен принциптерін үйрену арқылы оқушының шығармашылық ойы қалыптасады, белгілі бір пішінді немесе кеңістікті өзгертуге әрекет жасайды. Оның әдемілікке, сұлулыққа деген ішкі түйсігі оянады. Сыртқы әлем мен ішкі дүниенің арасындағы гармония маңызды болып табылады.

Оқыту үрдісінде тұлғаның шығармашылық қабілетін дамытуда «Инсерт», «Миға шабуыл», «Блум сұрақтары», «Кластер», «Синквейн», «Рөлдік ойын», т.б. инновациялық технологияларды қолдануға болады. Инсерт технологиясы аналитикалық ойды дамытады, материалды толық меңгеруге мүмкіндік туғызады.  Кластер құрастыру кең тараған технологиялардың бірі болып табылады. Жаңа тақырыпқа болжам жасайды, не білетінін есіне түсіреді, жазады, салыстырады. Кластерлермен жұмыс жасағанда білім алушылардың еркін ойлануына мүмкіндік беріледі.  Кластерді сабақтың барлық кезеңдерінде пайдалануға болады. Ол материалды жүйелеуге көмектеседі.

Инновациялық технологиялардың бірі-SMART. Ақылды технология, ақылды оқыту, ақылды техника -деп атаса да болады. SMART- технологияның негізі Америка, Англия, Корея сияқты дамыған мемлекеттерде пайда болды. Ол ағылшын тіліне аударғанда «ақылды» деген ұғымды білдіреді. SMART технология – бұл барлық ақпаратты жинақтауға, қолайлы жұмыс мерзімдерін белгілеуге, ресурстардың жеткіліктілігін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи тәсіл. Ақпараттар легі артқан сайын кез келген қызмет түріне де сұраныс артады. Сұраныстарды қанағаттандыру үшін әрдайым стартап бағдарламалар қажет. Ал ол өз кезегінде смарт теxнологиялардың көмегімен жүзеге асырылады.

Сабақ үрдісінде  постермен, интелект картамен жұмыс жасау, оқушылардың  шығармашылығын дамытуға негіз болады.

Бейнелеу өнері мен Технология пәндерінің интеграциялануы арқылы пайда болған көркем еңбек пәні оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Көркем еңбек пәнінің мазмұнына халықтың қолөнері, ою-өрнек түрлері, дизайн, витраж, мозайка құрастыру сияқты қызықты тақырыптар беріледі.

Көркем еңбекте шығармашылық жұмыстарды орындау барысында қазақтың ұлттық мәдениет элементтерін пайдаланады. Қолөнердің түрлерін жасау оқушының эстетикалық талғамын, іскерлігін, еңбекқорлығын жетілдіреді.

Қолөнер бұйымдарын оқушыларға жасату әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Көркем еңбек пәні қолдың моторикасын жақсартады. Сонымен қатар психологиялық процестері, атап айтсақ, түйсік, қиял, елестету т.б. дамыйды.  Оқушы белгілі бір заттың бейнесін салу үшін,   ойша өзі образ жасайды, соны қағаз бетіне түсіреді.

Қорыта айтқанда, жаңартылған білім мазмұнында бұл интеграциялық пән ретінде, оқушылардың шығармашылық, креативтілік, жаңаша ойлау, жоспарлау, жобалау т.б. мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Мұғалімге арналған әдістемелік нұсқау. Әдістемелік құрал. –Астана: 2015. -41 б.
  2. С.И.Ожегов Толковый словарь русского языка -М:Образование, -1998.
  3. 2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері туралы»

Әдістемелік Нұсқаулық Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы. Астана, 2023ж.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.