Қызылорда қаласы
Хабиева Айдана Маратқызы
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,
«Рекрутинг» орталығының журналист маманы
Бүгінгі жастар үшін атқарылып жатқан игі істер мен сарабдал саясаттың негізгі мақсаты – болашақтың кемел болуы үшін жасалған дүниелер. Қазіргі таңда жастар игілігіне атқарылып жатқан істер аз емес. Десе де, бұл жастардың жеке бас қамдары үшін емес екені мәлім. Әрбір жас алып жатқан істің артында үлкен аманат бар. Себебі ел ертеңі жастар болғандықтан, олардың қазіргі хал-ахуалы, тәлім-тәрбиесі, алып жатқан білімі – бәрімізге маңызды болуы тиіс. Елдің айнасы – жастар. Егемендікті сақтайтын да – болашақ ұрпақ.
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар біртаңда
Мен жастарға сенемін.
Бұл ғасыр бұрын жастардың жігеріне сеніп, оларға аманат арқалатқан өлең еді. Әлі де өз маңызын жоғалтпаған Мағжанның рухты өлеңі бізді жігерлендіретіні анық. Мағжанның сенген жастары ел үмітін ақтады. Егемендікті алды, тәуелсіздіктің таңын атырды. Ендігі Мағжанның сенген жастары – біз. Бізге келген тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, алға қарай қадам басу – біздің алғашқы жоспарымыз болуы тиіс. Себебі бізге берілген мүмкіндіктер шексіз. Мұның бәрі ел болашағы үшін атқарылған дүние. Мағжан секілді біз де өз кезегімізде болашағымызға өшпес мұра қалдыруға міндеттіміз.
Жастарды түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысал ретінде, «Дипломмен ауылға», келісімшарттық негіздегі әскери қызмет ( бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы күштерінің жеке құрамының 70 пайыздан астамы келісімшарт негізіндегі әскери қызметте) және т.б. атап өтуге болады.
Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтып қана қоймайды, сонымен қатар біліктілігін арттыруға, мамандығын ауыстыруға, жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөледі.
Жастар – ілгері дамудың негізгі қозғаушы күші, еліміздің дүниежүзілік аренада бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы, еліміздің салтын, дәстүрін келер болашаққа жеткізуші көпір. Көпірдің нық салынуы – оған бөлінген қаржы мен сапаға байланысты. Жастардың білім алуы мен іс бастауына қаншалықты мүмкіндігі көп болса, ол соншалықты нық болатыны анық. Болашақтың көпірі, біз, жастар, бар берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, артылған сенімді жауапкершілікпен сезініп, аманат елді болашаққа жеткізу.
Әрине барша жасты сапалы білім беру жүйесі, қолжетімді жоғары білім, қолына диплом алған жас мамандарды жұмыспен қамту, жас отбасыларды тұрғын үй мәселесі сияқты сұрақтар толғандырады. Бүгінде әр жас азамат қоғамда өз орнын тауып кету үшін тырмысып жүргенінің куәсіміз.
Тарихын білмеген елдің болашақты болжай алмайтындығы мәлім. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, біз өз еліміздің тарихы мен салт-дәстүрін өзге де өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих беттерінде тынымсыз дамып келе жатқан ел ретінде қарастырумыз керек. Бұл бір жағынан болашақ тарихшыларға артылған жауапкершілік болса, бір жағынан болашаққа қадам басудың негізгі жолының бірі. «Рухани жаңғыру» аясында біз бәсекеге қабілетті білім иесі болуға бар күш-жігерімізді салып, өз-өзімізді дамыту барысында елдің ілгері қадам басуына үлесімізді қосу. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, оны заманға сай дамыту да жастарға артылған міндеттердің бірі. Ұлттық кодымызды түгендеп, өркениеті дамыған, көші ілгері жылжыған, алып елдермен тереземізді тең ұстау құқығы барлығымызда да бар. Артылған міндеттер жауапкершілікке адал болып, аманатқа қиянат жасамай елдікті сақтап қалу ең басты мәселеміз болуға тиіс. Өнімнің дұрыс шығуы егілген егінге байланысты болғандықтан жастар үшін, олардың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет барынша жағдай жасауда. Болашақтың іргетасын қалау мақсатында игі шаралар атқарылуда. Ендігі кезек, жастардың өздеріне артылған жауапкершілікке тиянақты болып, берілген мүмкіндікті пайдаланып әрбір азаматтың көшбасшы болуға атсалысуында. Бәсеке мен озық білім бар жерде ілгері жылжу бар, даму бар.
Қорыта келе, жастар – ел болашағы, байлығы, кіршіксіз жанды бейнесі. Әрбір өскелең ұрпақтың еш алаңсыз білім нәрімен сусындауына, көгілдір аспан астында бейбітшілік заманда өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Нұрлы да жарық болашақтың шегіне жетер жолда қайыспаған шабысы қатты тұлпардай жастардың – Қазақстанда әрбір атқан таңы мен батқан түніне куәгер бола алатын, егеменді ел тарихының көк туын желбірететіне барлық ел, жұрт сенеді, қолдау көрсетеді. Ал сол сенімді ертеде ата – баба ақтаса, қазірде жастар сол жолды жалғастыру арқылы кейіннен тізгін басын бізге тапсырады. Енді бұл тұнық ойды Н.Ә.Назарбаевтың айтқан сөзімен аяқтасамын деймін: «Ұлт болашағы – білімді ұрпақ қолында!»