Ногаева Айнаш Закаряновна
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№ 87 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы жаман әдетпен күресу болып табылады. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын .«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген ұлы халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемелекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл — індет адамзат баласына жат қасиет. Кеңестік дәуірден бастау алған, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдеті әлі болса қылаң беріп келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекетіміз кеңестер одағы кеңістігінде «Жемқорлыққа қарсы күрес» Заңын қабылдады, бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған бағдарламалардың іске асырылуына және жемқорлықты біржолата жою мақсатында «Жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбына арналған көптеген семинар-тренингтер жүргізіп, дөңгелек үстелдер мен форумдар өткізілуде.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Қоғамдағы көкейтесті мәселе болып, өзек жарды проблемаға айналып отырған сыбайлас жемқорлық – ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Ал біздің осы жауға қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. «Қоғам – өмірдің айнасы» дейміз ғой. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұрт болып жұмыла қарсы тұру қажет. Сонда ғана әлем алдында мемлекет беделі, абыройы артадыдеп ойлаймын.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.