Home » Мақалалар » «Құқықтық тәрбиені қалыптастыруда отбасының рөлі»

«Құқықтық тәрбиені қалыптастыруда отбасының рөлі»

Оспан Арайлым Шулгақызы
ағылшын тілі мұғалімі
N102 ЖББМ, Алматы қаласы

 «Құқықтық тәрбиені қалыптастыруда отбасының рөлі»

 

Балаға құқықтық тәрбиені қалыптастыруда отбасының рөлі қандай?  Бұл сұраққа жауап іздемес бұрын «Құқықтық тәрбие дегеніміз не?» деген сұраққа тоқталсақ. Құқықтық тәрбие – ол балаға құқықтық білім бере отырып, баланың құқықтық санасын қалыптастыру. Балаға құқықтық білім беру арқылы ол өз құқығын түсініп, тұлғалығын дамытады. Сонымен қоса басқа тұлғаларды, заңды құрметтеуді үйренеді және заңның әділдігін сезініп, оларды орындауға деген дағдысын, санасын қалыптастырады. Балаға ең алдымен жақсы тәрбие беру арқылы олардың еркін және толық құқылы тұлға болып өсуіне, дамуына мүмкіндік беру – әрбір жеке тұлғаның, қоғамның міндеті. Аталған белгілер жасөспірімдердің жеке тұлға болып қалыптасуына, тұлғаның өз өміріндегі орнын, атқаратын міндетін және өзін-өзі тануы, жеке тұлға ретінде де,қоғамның толыққанды мүшесі ретінде де бірқалыпты дамуы отбасынан және мектеп табалдырығынан бастап жүзеге асырылады. Құқық пен тәрбие қатар жүргендіктен бұл процесс ата-аналар мен ұстаздар арқылы жүзеге асырылатын өзара байланыста және бірқалыпты атқарылатын іс. Құқықтық тәрбиенің негізі отбасынан басталады. Өйткені отбасы ол балаға ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, үлгі-өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаулысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, коршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.

Қазіргі замандағы қоғамда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың көбеюі — ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осыған орай оқушылардың тәртіп бұзуының бір себебі отбасында жатыр. Отбасы ол шағын мемлекет болғандықтан ол әр қилы болады. Қоғамда маскүнемдікпен күн өткізетін, ұрыс-керістен көз ашпайтын отбасылар да бар. Осындай отбасында өскен баланың оқуға, еңбекке немқұрайлы қарауы мүмкін.  Мұндай отбасында тәрбиеленген бала тіпті қылмысқа бір табан жақын тұруы мүмкін. Бұндай жағдайлар оқушының қажеттілігін толық қанағаттандыру керектігін, оны дене және ой-еңбегіне үйретуге, адал болуға, жақсылықты үйреніп, жамандықтан жиренуге, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың рөлі өте маңызды екенін көрсетеді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ұрпағымыздың бойына дұрыс құқықтық тәрбие мен құқықтық білім дарытуымыз керек. Жеке тұлғаға қарағанда санасы мен мінез-құлқы енді қалыптасып келе жатқан жасөспірім ол тәрбиенің ең қолайлы обьектісі болып табылады.Ата-аналар өздерінің тұлға аралық қатынастары мен мәдениетін дамыта отырып, өз-өздерін дамытып, балаларды тәрбиелеуде идеалды атмосфераны құрайды. Оқушылардың бойындағы ақыл-ойының дамуы, болашақтағы тұлғалық қатынастың дамуы, қоғамда жетістіктерге қол жеткізуі ол ең алдымен отбасына байланысты. Құқықтық тәрбие беру әрбір жасөспірімнің жеке тұлға болып қалыптасуын, олардың бойына жоғары идеялық пен қоғамдық меншікке қатынасты көзқарасын дамытудың міндеттерін атқарады. Адамның құқықтық мәдениеті күрделі болғандықтан заңдарға терең құрмет сезімін қалыптастыруы, оларды сөзсіз сақтауы және орындауы – ұзақ уақыт тәрбие жұмысын жүргізудің жемісі. Тура жолмен жүру, әдептілік нормаларын сақтау құқықтық тәрбиеге сүйенеді. Бала бұл жағдайда өзінің ар-ұятына жүгінеді. Қазір ортамызда «қиын» балалар, жасөспірімдер, ата-анасы көңіл бөлмей түрлі тағдырға душар болғандар жиі кездеседі. Жасөспірім  өзінің айналасындағы адамдарды, әлеуметтік игіліктерді кейде қате бағалауы мүмкін. Көбіне құқықтық сананың төмендігі, материалдық және рухани игіліктердің не екені жөнді түсінбеушілік қоғамға жат қылықтарды туғызады. Мұның өзі оның құқықтық тәрбиенің бұзылуына әкеп соғады.Сондықтан әр оқушының санасына құқықтық нормаларды жеткізу, жеткізіп қана қоймай оның күнделікті мінез-құлық нормасына айналдыру үшін күресу құқықтық тәрбиенің міндеті болып табылады. Жасөспірімдердің мектептегі өмірі тұлғаның қалыптасуының шешуші кезеңі болып табылады.Біздің мақсатымыз – балаларды жан-жақты тәрбиелеу. Осы мақсатымызды жүзеге асыру жолында қоғам болып барлығымыз бірге атсалысуымыз керек.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзді ата-бабаларымыз бекер айтпаған.Әр адам мемлекеттік заңдарды құрметтеп, ата-бабамыздың тәрбиесін үнемі назарда ұстап отыруы тиіс. Еліміздің өркендеуіне сай, заман талабына жауап беретін рухани адамгершілік қасиеттері қалыптасқан, қоғамдық өмірге икемделген, біліммен өмір заңдылықтарын түсінген, қоғам мен мемлекет және отбасы алдындағы жауапкершілігін сезінетін, салауатты өмір салтын саналы түрде таңдаған өркениетті елдің азаматын тәрбиелеу. Елімізде құқықтық тәрбие беру барысы өз денгейінде жүргізілсе соғұрлым жастарымыз мемлекетіміздің көркеюіне, дамуына үлес қоса алатын болады. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» жолдауы – еліміздің дамуына серпін беретін жаңару стратегиясы. Жаңа кезеңдегі ел саясатының маңызды бағытының бірі – жас ұрпаққа заманына сай білім мен тәрбие беру мәселесі. Сондықтан да Ұлт көшбасшысы «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен міндет, балаларымызға жақсы білім мен саналы тәрбие беруге ұмтылуымыз керек» деп атап көрсетті. «Адам жолында екі түрлі, бір-біріне қарама қарсы ағыстар бар. Біріншісі қаталдыққа жетелесе, екіншісі – мейірімге талпынады»- деген Леккидің сөзіне сүйенсек, осы екі ағысты тең дәрежеде ұстай отырып ХХІ ғасырдың лайықты азаматы етіп қалыптастыру ұстаздар мен ата – аналардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осыдан туындайтын қорытынды ой  –  құрметті ата-аналар, сіздердің балаларыңыз – яғни біздің шәкірттеріміз саналы, тәрбиелі,білімді және құқықтық сауатты болып өсуі – еліміздің кемел болашағының іргетасы. Елдің ертеңі – болашақ ұрпағымызға ғасырға лайықты тәрбие беру басты міндет болмақ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.