Қанат Едігетегі
БЕЛСЕНДІ МЕКТЕП БЕЛСЕНДІ ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ
Бүгінде «белсенді мектеп», «көшбасшы мектеп» дегендей сөз тіркестерін қолданатын болдық. Әрі бұл көңіл аударатын тақырыптардың бірі. Ұлттық дамудың жаңа сапалы кезеңіне аяқ басқанда еліміздегі әрбір білім мекемесінің белсенділігін арттырып, игілікті іс-шараларын қолдап отырудың қажеттілігі артып келеді. Өйткені бұл мектептер өз кезегінде жастардың бойында тұлғалық қасиеттерімен бірге азаматтық, әлеуметтік және ұлттық белсенділіктерін қалыптастыруда үлкен роль атқаратын болады.
Белсенділік дегенде біз көбінесе салауатты өмір салтын ұстанып, дене тәрбиесіне жиі мән беруді айтып жатамыз. Белсенді өмір сүру, белсенді өмір салты дегендей. Әрине, бұл маңызы бар қажетті ұстанымдар. Әсіресе пандемия кезінде пассивті өмір салтына ауысып үлгерген халықты белсенді қозғалысқа қайта тарту мақсатында аталмыш бағыттағы жұмыстарды жандандырып отыру қажет-ақ. Бірақ жас ұрпақтың бойында жеке басының ғана қамын ойлайтын эгоистік көзқарас, бойкүйездік, немқұрайлық сынды жағымсыз мінез-құлықтарды алдын-алып, әлеуметтік бағыттағы, қоғамдық жұмыстардағы белсенді ұстанымдарын, игілікті істерге деген құлшыныстарын қалыптастырып отыруға, оятуға міндеттіміз.
Сонымен белсенді мектеп – бұл қандай мектеп? Білім беру үдерісін жүйелі түрде ұйымдастырып, педагогикалық қызметтің барлық түрін жүзеге асыра алатын білім мекемесін ғана айтамыз ба?.. Негізінде белсенділік әр бағытта болуы керек-ті: білім беруде де, тәрбие саласында да, қоғамдық-әлеуметтік бағытта да… Бұндай мектептер оқыту ісін жүйелі ұйымдастырып қана қоймай, әр деңгейдегі іс-шаралардың ұйытқысы болып, түрлі байқауларды өткізіп, оған оқушыларды, мұғалімдерді, сонымен бірге ата-аналар мен жергілікті тұрғындардың белсене қатысуын, атсалысуын қамтамасыз етіп тұрады. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық істерді де ұмытпайды. Қала мен аудандардағы өзге білім мекемелеріне үлгі-өнегесін көрсетіп, түрлі іс-шаралардың қозғаушы күші ролін атқарады. Ал бүгінде ғылыми бағытта оқушыларды дайындап жүрген Назарбаев интеллектуал сынды мектептердің міндеттері әрине басқа. Бұл мектептер ақпараттар мен озық әдіс-тәсілдерді, заманауи технологияларды іріктеп жүйелейтін және тәжірибесін бөлісетін зертхана орталықтарының қызметін атқарып жүр.
Еліміздің әр түкпірінде өте белсенді әрі үлгі-өнегесі мол мектептер көп әрине. Айталық, Алматы қаласында ұзақ жылдар бойы қазақы ортаның қалыптасуына атсалысып, ұлттық рухани-мәдени деңгейінің өсуіне айырықша үлес қосып келген №12 қазақ мектебі күні бүгінге дейін белсенді, әрі беделді мектеп ретінде саналып келді. Бұл мектептің тарихы, тыныс-тіршілігі турасында мақалалар мен сұхбаттар көптеп жария көрді де. Мектеп қабырғасынан Күләш Байсейітова, Әбілхан Қастеев, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев, Орынбай Жәутіков сынды талай ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері мен өнер жұлдыздары түлеп ұшып, биікке қанат қақты. Ұлтжанды белсенді азаматтар қалыптасты. 100 жылға жуық тарихы бар мектеп қазақ мәдениеті мен руханиятының қара шаңырағы болып есептелінді. Рафиха Нұртазина, Шәмша Беркімбаева, Рахат Шимашева, Рахима Бөлекбайқызы сынды іскер азаматтар басқарған аталмыш мектеп талай қиындықтар мен кедергілерге қарамастан күні бүгінге дейін өздерінің абырой-беделін, белсенді ұстанымдарын сақтап қала алды.
Аягүл Миразова, Сәния Өскенбайқызы сынды білікті басшылардың басқаруындағы мектептер де ұзақ жылдар бойы оңтүстік шаһардағы белді мектептердің қатарынан болып, алдыңғы шептен көріне білді. Мәселен, Аягүл Төреқызы ұстаз деген тек білім беруші ғана емес, қайраткер де, басшы да, ұлт зиялысы да бола алатындығын ісімен де, сөзімен де дәлелдей көрсете алды. Ұйымшыл ұжымды қалыптастыра білді. Сәния Өскенбайқызы басқаруындағы Мұқағали мектебі ақын поэзиясын жастардың санасына сіңіріп қана қоймай, рухани шығармашыл орданың біріне айналды. Сөз арасында осыдан бірнеше жыл бұрын ақынның мерейтойын атап өткен Қазақстан Жазушылар Одағы мен аталмыш мектептегі көріністі айта кеткеннің артықтығы болмас. Осы мерейтойлардың көрермені ретінде екі жерде өткен іс-шаралардан екі түрлі көңіл-күймен қайтқанымызды ұмыта алмаспыз. Мұқағали мектебінде өткен мерейтой мүлде басқаша ұйымдастырылған-тын. Декорация, ұлттық оюлармен көмкерілген киімдер, әсем сәнделген зал, алдын ала дайындықтан өткен қатысушылар, актерлар, қонақтарды күтіп алудағы ілтипат, мәдениеттілік, тазалық, сахналық қойылымдар, жүргізушілердің шеберлігі… Бәрі-бәрі жоғары деңгейде жасалып, үлкен дайындықпен келген еді. Ал Жазушылар Одағында бұндай көріністі өкінішке орай көре алмадық.
Иә, бұндай мысалдарды көптеп айта беруге болады. Жалпы қала мен аудандардың, жергілікті жерлердің рухани тынысына дем беріп, мәдени орта қалыптастыруда белсенді мектептердің ролі қай кезеңде болмасын, үлкен. Ал осындай үлгі-өнегенің ортасында жүрген оқушылардың өмірге деген көзқарасы, қарым-қатынасы, жан дүниесі жай мектептерде оқып жүрген оқушылардан басқаша болып қалыптасатындығы айтпаса да түсінікті. Үлгі-өнегесі мол белсенді мектептерге шалғай жерлердегі елді-мекендерден, қаланың сыртынан ата-аналар келіп балаларын беруге тырысып бағып жататындығын түсінуге болады. Және осындай белсенді мектебі бар аудандар, елді-мекендер мәдени тұрғысынан ғана дамып қоймай, экономикалық тұрғыдан да дамып жататын жағдайлар көп. Өйткені үлгі-өнегесі көп мектептердің жанындағы үйлердің бағасы, пәтерлер құны басқа жерлерге қарағанда қымбатырақ болады. Тұрғындар осындай жерлерде тұрақтап қалуға тырысып бағады.
Алматы шаһарындағы Түрксіб ауданы ұзақ жылдар бойы нашақорлар мен ішкіштердің, жеңіл жүрісті қыздардың аймағы болып келгенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Жағдайы оңалғандар мүмкіндігінше бұл жерден тезірек кетуді ойлап, орталыққа қарай асығатын. Бірақ соңғы бірнеше жылдың ішінде жағдай оңалып, аудан жаңа келбетке еніп, рухани-мәдени ортаға айналып шыға келді. Оған билік те, басқа салалар да үлес қосып жатқаны анық, бірақ мәдени ортаның қалыптасуына мектептердің ролі көп болды десек, қателеспейміз. Ауданда 27 мектеп бар, бірақ соның ішінде таза қазақ мектебі 5-еу. Соған қарамастан номері 59-шы мектеп-гимназия секілді қазақ мектептері ауданның мәдени іс-шараларына жиі араласып, үлкен белсенділік танытып жүрген жайлары бар. Әлбетте, ұлттық құндылықтарды тек қазақ мектептері ғана насихаттап, ұрпақ санасына сіңіріп жатыр деген ой тумаса керек-ті. Мәселен, өткен жылы әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай Халықаралық конференция өткізген 61-ші орыс мектебінің ауқымды іс-шарасын ескермеске тағы болмайды?.. Бұл да бір құптарлық іс. Дегенмен де, қазақ мектептерінің саны көбейсе екен, таза қазақы орта қалыптасса екен деген ой да жоқ емес.
Иә, білімнің мақсаты, ұлы міндеті – білім-ғылымда емес, нақты іс-әрекетте. Кез-келген адам, тұлға іс-әрекетте танылады. Ал осы іс-әрекет дағдылары, белсенді тұлғалар негізінен мектеп қабырғасында қалыптасады. Қазақстанда 7 мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі білім мекемелері бар болса, олардың белсенділік деңгейлері де әркелкі. Тіпті «сен тимесең, мен тиме» дегендей, барлық іс-шарадан ада, жөнді тәрбиелік жұмыстар атқарылмайтын, кішігірім сынып деңгейіндегі тәрбие сағатымен ғана шектелетін мектептер көптеп кездесіп жатады. Бұндай сылбыр, белсенділігі жоқ мектептер белсенді ұрпақ қалыптастыра алады дегенге әрине сену қиын.
Біз жоғарыда Алматыдағы бізге белгілі ғана мектептердің жұмыстары мен онда атқарылған ізгілікті іс-шараларын, іскер басшыларын айтып өттік. Еліміздің әр түкпірінде осындай белсенділік танытып жүрген мектептер көп әрине. Айталық, Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы мектеп, Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин мен Дарын мектептері, Жамбыл облысы Қаратау қаласында көп жылдар бойы игі жұмыстардың ұйытқысы бола білген Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназия… Иә, бұл тізімді жалғастыра берсек болады. Бұлар өз кезегінде сол аймақтың мәдени-рухани тынысына дем беріп, әлеуметтік-экономикалық жағдайының көтерілуіне айтарлықтай үлес қосып келді. Тіпті сүреңсіз күйге түскен шалғайдағы ауыл-аймақтардың берекесін ұстап тұрған да негізінде осы мектептер екендігін айту керекпіз.
Қазіргі мектептердің міндеттері — жастардың бойында тұлғалық қасиеттерін қалыптастырумен бірге әлеуметтік және ұлттық белсенділіктерін арттырудың жолын қарастыру. Белсенді тұлғалар, іскер азаматтар — қоғам мен ел дамуының қозғаушы күштері. Сондықтан да белсенді ұрпақ қалыптастыруда алдымен мектептердің белсенділігін арттырып, осы бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлуге тиістіміз.