«Аман сау жүрші, қарттарым!… ». Дәл осындай атаумен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№86 мектеп-гимназиясында» 1-қазан қарттар күніне орай мерекелік кеш өтті. Мақсат — оқушы бойына асыл қасиеттерді сіңіру, үлкенді құрметтеудің ерекше үлгісін көрсете отырып, қарттарды мерекелерімен құттықтау. 30-ға жуық қарт әдеби-сазды кештің сыйлы қонақтарының қатарында болды. Кеш шымылдығы мектеп оркестрінің орындауындағы «Балбырауын» күйімен түріліп, білім ордасының жезтаңдай қыздарының әсем әніне ұласты. Ал, көркемсөз оқу шеберлері Мұратбек Мансұр «Әкеге тілек», Ибрагим Әмина «Шеше, сен бақыттысың!» өлеңімен көрермен көзайымдарына айналды. Мың бұралған бишіге де, күміс көмей әншіге де, сиқыр өнерін меңгерген епті оқушыға да бай мекеннің білім алушылары актерлік шеберліктен де кем емес екен. Себебі, мақсатқа жету жолындағы қиындықтарға төтеп беру керегін дана қарияның сөзімен түсіндіруге тырысқан қойылымдары көрермен жүрегінен ерекше орын алды. «Мен атам мен әжемнің жалғасымын» атты бөлімде кішкентай бүлдіршіндер ата-әжелерін керемет өлең шумақтарымен құттықтаса, қарияларымыз да өлеңмен жауап қатып отырды. Кеш соңында оқушылар мен ұстаздар қарттарға дайындаған сыйлықтарын ұсынып, «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп қариялардан бата сұрады. Қариялар да ақ баталарын, жүректен шыққан тілектерін аямады. Үндестікпен үйлесім тапқан әдеби-сазды кеш естелік суретке түсумен өз мәресіне жетті. Осындай тәрбиенің тал бесігі боп отырған оқу ордасы әлі талай өнер-білімімен дара шабары сөзсіз.
Жұпар Сансызбаева,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы