Home » Ашық сабақтар » Желбіресін елімнің көк туы!

Желбіресін елімнің көк туы!

Мақсаты: 1. 1986 жылғы желтоқсанда орталықтың әміршіл — әкімшіл солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп демократия жолында құрбан болған ұл қыздарымыздың ерліктері жайында түсінік бере отырып, жастардың алаңға не себепті, қандай мақсатпен шыққандығын жете түсіндіру.
2. Өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, өз ана тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай білуге патриоттық сезімге тәрбиелеу.
3. Әрбір жеке тұлғаның еркін сөйлеп, өз пікірін, ойын айта білу қабілетін дамыту.
Көрнекіліктер:
Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова,

Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова суреттері.

Экспо -2017, Қазақстан жайында видео мен слайдтар, мақал-мәтелдер, оқушылардың өздері салған суреттер көрмесі

Сабақ барысы:

Әнұран: Қазақстанның мемлекеттік әнұраны орындалады.

— Армысыздар, құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар, оқушылар. Бүгін біздің еліміздің сан мың жылдар бойы найзаның ұшымен, еліміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндерген Желтоқсан оқиғасымен келген тарихымызда алтын әріптерімен жазылып қалған «Желбіресін елімнің көк туы!» атты ашық тәрбие сағатымызға хош келдіңіздер!

Дамир
Қазақстан — көк байрақты нұр едің,
Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.
Өзің – менің қуанышым, бақытым,
Өзің – менің қуанышым, тірегім.

 

Ильяс:
Қыран құсым көк аспанда самғасын
Желбіресін көк байрағың сан ғасыр!
Жас ұландар берік ұста туыңды,
Жарқыратып туған елдің таңбасын!
Мұғалім:
Тауелсіздік бізге оңай келмеді,
Туымызды бізге ешкім бермеді.
Ел тізгінін қолына алу жолында,
Қыршын кетті талай қазақ ерлері –дей келе, 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақтың қыз бен жігіттері наразылық білдіріп, шеруге шықты. Олардың мақсаты: Елінің тәуелсіздігі еді. «Тәуелсіздік керек! Қазақ елінің өз президенті сайлансын!» — деген тілек еді.

 

Видео. Желтоқсан оқиғасы туралы:
«Желтоқсан құрбандары» видео көрсетіледі, желтоқсан оқиғасындағы қаншама жастардың шеруге шыққаны айтылады.

 

Мұғалім:

— Жеріміз азат болсын !- деп
Басшымыз қазақ болсын! – деп қазақтың қыздары мен ұлдары сол бір ызғарлы желтоқсанда алаңға шыққан еді. Желтоқсан құрбандары туралы қысқаша мағлұматты оқушылардың өздері дайындапты. Ендеше тыңдап көрейік.

Слайд: Осы кезде интербелсенді тақтадан Желтоқсанда құрбан болған ұл-қыздардың суреттері слайдтан көрсетіледі.
Диляра

Cыпатаев Ербол Мұқажанұлы 10.03.1964 ж. Алматы облысы Панфилов ауданының еңбекші ауылында дүниеге келген. 23.12.1986 ж. Алматы қаласында қайтыс болған. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1981-1982 жылдары Кеңшарда жүргізуші болып істеді. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. 1985 жылы Алматыдағы энергетика институтына оқуға түсті. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. 18 желтоқсан күні ауыр жараланып ауруханаға түсіп, сонда қайтыс болды. Мәйітін ауылына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана Сыпатаев жөніндегі шындық айтыла бастады. Ол туралы баспасөз беттерінде, Желтоқсан көтерілісіне байланысты жарық көрген жинақтар мен кітаптарда жазылды.

Аяулым

Асанова Ләззат Алтынайқызы 27.07.70, Алматы облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылында дүниеге келген. 25.12.86, Алматыда қайтыс болды. Желтоқсан көтерілісінің 1986 құрбаны. 1985 ж. Алматыда Чайковский атынд. муз. уч-щеге оқуға түскен. Алматыда 1986 ж. 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан., Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық уч-ще жатақханасынан табылған да, ол туралы жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген деген қауесет таратылған. Осыған қарамастан мәйітті Алматы облысы Панфилов ауданындағы Ақжазық кентіне Ішкі істер министрлігі мен Мемл. қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жуып, арулаған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды.

Дамир

Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков (13 наурыз 1966, Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 21 мамыр 1988, Семей қаласында қайтыс болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы. 1973 – 81 жылы Шу ауданы Төле би ауылындағы орналасқан Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып, 8 жылдық білім алды. 1981 – 83 жылы Бірлік ауылындағы бұрынғы Киров атындағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек тауарлы-сүт фермасында жұмыс істеді. Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. Оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Тараз қаласында Рысқұлбеков есімімен аталатын демалыс паркі бар.

Меруерт

Желтоқсан оқиғасының тағы бір қызғалдақ құрбаны – Сабира Мухамеджанова. Ол 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылындағы Ленин жолы атындағы 8 жылдық мектепті үздік бітірді, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты, осы арқылы мұғалімдер мен оқушылар арасында зор беделге ие болды. 1985 жылы сегіз жылдықты үздік бітірісімен, Өскемен қаласында мұғалімдер даярлайтын оқу орнының қазақ бөлімінде оқиды. 1986 жылдың Дүрбелеңге үн қосқаны үшін, өзінің ар-намысына, анасына атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына, училищеден жазықсыз шығарылғаны үшін шыдай алмай Өскемен педучилищесінің 1-курс студенті Сабира Мухамеджанова жатаханың 5-қабатынан құлап өледі. Үлбіреген қызғалдақ мезгілсіз қиылды.

Диляра
Желтоқсанның желі, аязы, ызғары
мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.
1 мин үнсіздік: — Желтоқсан құрбандарын 1 минуттық үнсіздікпен еске алайық.
-Желтоқсан оқиғасы қанша ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жұлдыздарының арманы орындалып. 1991 жылы желоқсан айында «Қазақстан –тәуелсіз республика»деп жарияланды.
1991 жылы желтоқсанның 1-де Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Республиканың Президенті етіп сайлады.

ПРЕЗИДЕНТ СУРЕТ

Ислам:
Шықты тарап ой данадан,
Бері қарады жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімнің бар Президенті.
1999 жылы тұңғыш Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев қайта сайлайды, ал 2005 жылы желтоқсан айының төртінші жұлдызында болған сайлауда ел қалауымен Н.Ә.Назарбаев тағы жеті жылға сайланды.

Меруерт:

Халқымның көшбасшысы,

Тәуелсіз қазақ елім.

Бақ қонған ғажап елім,

Нұрсұлтан Назарбаев

1992 жылы 4 –маусымда Президент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұраны» туралы Заңға қол қойды.

РӘМІЗДЕРДІҢ ФОТОСЫ

Санжар:
Рәмізім – елдігімнің белгісі,
Білу керек бала дағы ең кіші.
Рәміздерім-әнұран, ту, елтаңба,
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.

Дарина:
Қазақстан Туы
Көк аспандай көкпеңбек
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен-тек-
Елдің ашық қабығы.

С. Расул
Әнұраным-жанұраным,
Айтар әнім-сөйлер сөзім.
Туған жерім-сағынарым —
Мың қайталап тұрмын мен

-Міне, біздің Қазақстанымыз — туған еліміз, жеріміз, Егеменді ел болып, тәуелсіздік алғанына 26 жыл болыпты. Қазір Тәуелсіз Қазақстанды әлем таниды.Қазақстанымыздың көк байрағы мәңгі желбіреп, аспанымыз ашық болсын, шаңырағымыз ешқашан шайқалмасын.
«Атамекен» әні орындалады

ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ ВИДЕО
Тәуелсіздікке байланысты тақпақтар айтылып жатқанда слайд интербелсенді тақтадан көрсетіліп тұрады

Бекзада:

Тәуелсіздік ұлы күнім,
Тұрсын жайнап төбемде.
Сен, жасай бер мәңгі бақи,
Қуанышқа бөлен де.
Салауат:

Қазақстан елім менің,
Саған ешбір жер жетпейді.
Біз тұрғанда шекарадан,
Ешқандай жау өтпейді.
Дамир:

Жасасын жаса, азат күн,
Жасасын бейбіт ел мен жер.
Бостандық алған қазақтың,
Мәртебесін көрсін ел.

Қ. Расул:

Өзімдікі туымда,
От пен ауа суымда.
Жаса Қазақстаным,
Белді бекем буында!

Мансур:

Көк майсалы жерім менің,
Егеменді елім менің.
Бас имеймін ешкімге,
Тәуелсізбін мен бүгін.

Ерсат:
Отанды әркім анасындай
Қастерлейді, бағалап
Өйткені, Отан баласындай
Бізді өсірер аялап
Дінмұхамед:
Отан деген атамекен
Отан деген туған жер
Отан – Ана
Отан – үлкен
Қазақстан туған ел!
Аяулым:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік — ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

Жасулан
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің

Ислам
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың тірілдім мәңгі өлмеске,

Айте бергім келеді, айта бергім!

-Мінекей,балалар осындай тәуелсіз елдің перзенті біздер бақыттымыз. Біздің сыныптың үздігі Бақытжан Аяулымның орындауынды «Туған жер» әнін қабыл алыңыздар.

— Ал, сендер туған жер, отан туарлы мақал – мәтел білесіңдер ме?

Отан туралы мақалдар айтылады.

Отан туралы оқушылардың суреттерін көрсету

«Тәуелсіздік» сөзіне сөз жұмбақ.

  1. Егемен еліне мәндес сөз
  2. Мемлекеттік рәміздердің бірі
  3. Аспан түстес мемлекеттік рәміз
  4. Екі пырақтың бейнесі бар мемлекеттік рәміз
  5. Елбасының есімі
  6. Желтоқсан құрбанының есімі
  7. Нұрсұлтанның әкесінің есімі
  8. Нұрсұлтанның атасының аты
  9. Жердің пішіні
  10. Біз еліміздің гүлденуі үшін қандай болуымыз керек?
  11. 2017 жыл әлемдік деңгейде не өтті?

Экспо-2017 жайында қысқаша айтып өту, видео-слайд көрсету.

Ән: Көк тудың желбірегені.

-Тәуелсіздік мәңгілікке сақталсын
Алдымызда барлық үміт ақталсын
Тату-тәтті бірлік болып қашанда
Бейбіт өмір бар халықпен жақталсын.

Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула  желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
— Еліміздің ертеңі сендерсіңдер, талапты, көкірегі ояу, білімді де, еңбекқор ұрпақ болыңдар! Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты болсын!

Догдархан Г.

Красный Яр №1 орта мектебі,

Көкшетау қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.