
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай Алматы қаласы, Түрксіб ауданы №149 бөбекжай-балабақшасында мектепалды «Күншуақ» тобында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Менің Республикам — менің мақтанышым!»атты ұйымдастырылған шара өтті. Тағылымды шараның басты мақсаты – бүлдіршіндердің бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру, ел тарихы, мәдениеті, ұлттық құндылықтары мен мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін кеңейту болды.

Іс-шараны тәжірибелі тәрбиешілер Круглякова А.В. және Мухамбеткалиева С.Қ. әзірлеп, балалардың жас ерекшелігіне сай, ойын мен шығармашылыққа негізделген мазмұнда өткізді. Заманауи әдіс-тәсілдермен байытылып, балалардың қызығушылығын арттыра отырып ұйымдастырылды.
Шараның шымылдығы әсерлі сәлемдесу рәсімімен ашылды. Табиғат құндылықтарына құрмет білдірген балалар өздерінің Қазақстан атты қасиетті елдің перзенті екенін мақтанышпен жеткізді. Тәрбиешілердің жетекшілігімен балалар Тәуелсіздіктің маңызы, ел еркіндігінің құндылығы жайлы түсініктерін ортаға салды. Мемлекеттік Гимннің орындалуы бүлдіршіндердің бойында ерекше сезім мен рухани серпіліс тудырды.

«Своя игра» форматындағы интеллектуалдық викторина түрінде жалғасып, балалар «Тарих», «Салт-дәстүр», «Мемлекеттік рәміздер», «Ұлттық ойындар», «Тапқырлар» секілді бөлімдер бойынша сұрақтарға жауап берді. Бұл кезеңде тәрбиеленушілер елорда, ұлттық валюта, Қазақстан Республикасының Президенті, ел тарихына қатысты білімдерін көрсетті.
Мемлекеттік рәміздерге арналған бөлім ерекше мазмұнда өтті. Балалар Елтаңба, Ту, Әнұран туралы мағлұмат алып қана қоймай, олардың мән-мағынасын өлең жолдары арқылы жүрекпен сезіне білді. Сонымен қатар QR-код арқылы ұлттық музыкалық аспаптардың үнімен танысу балалардың таным көкжиегін кеңейтті.

Музыкалық үзілісте балалар «Қазақстан – қуатты, туған өлкем» әнін орындап, өз елдеріне деген махаббаттарын әнмен өрнектеді. Ал шығармашылық кезеңде бүлдіршіндер фетр мен жүнді пайдаланып, Қазақстан Республикасының Туын құрастырып, еліміздің картасын облыстар бойынша жинақтады. Бұл тапсырмалар балалардың ұжымдық жұмысқа бейімделуіне, қол моторикасы мен ойлау қабілетінің дамуына ықпал етті.
Шара соңында тәрбиеленушілер Тәуелсіздікке арналған тақпақтарын нақышына келтіре оқып, «Қазақстан балалары» әніне флешмоб орындады.
Аталған тақырыптық білім беру қызметі «Адал азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтары – патриотизм, адалдық, жауапкершілік пен елге қызмет ету идеяларын толық қамтыды. Осындай тағылымды шаралар арқылы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана мен отансүйгіштік қасиет қалыптасары сөзсіз.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY
