Home » Жаңалықтар » Жұмысшы мамандықтар әлемі

Жұмысшы мамандықтар әлемі

Алматы қаласы Бостандық ауданы білім бөлімінің қолдауымен 2025 жылғы 11 желтоқсанда №94 мектеп-гимназиясында «Жұмысшы мамандықтар әлемі» аудандық байқауы өтті. Іс-шараның мақсаты — еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, жас ұрпаққа кәсіби бағдар беріп, жұмысшы мамандықтарының маңызын терең түсіндіру. Аталмыш байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күнінің қарсаңында және 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылының қорытынды кезеңінде ұйымдастырылды. Бұл — елдің егемендігі мен еңбекқор халқының бірлігін паш ететін маңызды сәт.

Сондықтан байқаудың мазмұны тек мамандықты таныстырумен шектелмей, жас буынға еңбек құндылығын ұғындыруды, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан мамандарды дәріптеуді көздеді.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің экономикасы, өндіріс орындары, қызмет көрсету саласы қарқынды дамыды. Соның нәтижесінде жаңа технологияны меңгерген, білікті жұмысшы кадрларға сұраныс артып келеді. Осындай жағдайда мектептегі кәсіби бағдар жұмысының маңызы бұрынғыдан да күшейе түсті. Аудандық байқау да осы үрдіске өз септігін тигізуді мақсат етті.

Байқаудың басты мақсаты — жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін дәріптеу, жасөспірімдер арасында еңбекке құрмет сезімін қалыптастыру, оқушыларды болашақ кәсібін таңдауға ынталандыру. Міндеттері: оқушыларды түрлі жұмысшы мамандықтарымен таныстыру; еңбектің қоғам дамуындағы маңызын көрсету; шығармашылық және практикалық қабілеттерін дамыту; мектептер арасындағы серіктестікті күшейту; кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіру.

Сонымен қатар байқау барысында Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы сөз сөйлеп, жұмысшы мамандықтарының ел экономикасының барлық саласына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. «Еңбек адамын құрметтеу — қоғамның даму көрсеткіші. Бүгінгі балалар — ертеңгі білікті мамандар. Сондықтан олардың кәсіби бағдарын ерте қалыптастыру өте маңызды», – деді.
Байқауға Бостандық ауданының 36 мектебінен 8–10 сынып оқушыларынан құралған командалар қатысты. Әр команда 5–10 қатысушыдан тұрып, алдын ала таңдалған жұмысшы мамандығын үш түрлі форматта таныстырды: стендтік көрме (макеттер, суреттер, фотоколлаждар); 3 минуттық бейнеролик; сахналық көрініс немесе шағын шеберлік сабағы.

Оқушылар таныстырған мамандықтар арасында дәнекерлеуші, құрылысшы, тігінші, аспаз, шаштараз, инженер-механик, техник-жөндеуші секілді бүгінгі нарықта сұранысқа ие кәсіп түрлері болды. Әрбір команда мамандықты ерекше креативпен, қызықты сценарийлер, визуалды материалдар және практикалық элементтер арқылы жеткізуге тырысты.
Жұмыстар келесі критерийлер бойынша бағаланды: мазмұнның толық ашылуы, мамандықтың өзектілігі, шығармашылық әдіс, практикалық шеберлік, көркемдік деңгей және ұсынылған материалдардың сапасы.

Қазылар құрамында Бостандық аудандық білім бөлімі өкілдері, колледж оқытушылары және тәжірибелі педагогтер болды:

  • Қасымбек А.Ж. – Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы (қазылар алқасының төрайымы)
  • Кунтубай А.С. – Колледж Принтмедиа директорының орынбасары
  • Малдыбаева А.Р. – Алматы сервис және технологиялар колледжінің аға оқытушысы
  • Масабаева М.А. – Алматы сервис және технологиялар колледжінің аға оқытушысы
    Жұмыстарды қарап шыққан қазылар команда еңбегіндегі шығармашылықты, мамандықтың мазмұнын ашудағы ізденісті, оқушылардың бірлікпен жұмыс істеуін жоғары бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша командалар Бас жүлде мен жүлделі орындарға ие болып, ең үздік жұмыстар әртүрлі номинациялармен марапатталды. Тоқтала кетсек:

  1. «Кәсіпке құштарлық танытқан команда»
  2. «Инновациялық идея ұсынған команда»
  3. «Мамандықты ең үздік таныстырған команда»
  4. «Ең шығармашыл ұжым»
  5. «Кәсіптің маңыздылығын ашқан команда»
  6. «Ең креативті жоба»
  7. «Ең әсерлі бейнеролик»
  8. «Ең мазмұнды презентация»
  9. «Кәсіптік шабыт»
  10. «Жоғары ұйымшылдық танытқан команда»
  11. «Үздік сахналық көрініс» және басқа да арнайы номинациялар.

Қазылар шешімімен барлық командалардың жұмыстарын саралап, қойылған баллдар нәтижесінде жеңімпаздарды анықтады. Биылғы байқаудың Гран-при жүлдесі 46 балл жинаған №21 мектеп-гимназиясына берілді. 44 баллмен көш бастаған №23 және №94 мектеп-гимназиялары I орынға лайық деп танылды. 42 балл жинаған №45, №68, №138, №146 және №224 білім ордалары II орынға ие болды. Ал №88, №125, №190 мектептері III орынға көтерілді. Қалған қатысушы мектептер түрлі номинациялар бойынша марапатталып, еңбекке деген ынтасы мен шығармашылығы үшін ерекше атап өтілді. Барлық қатысушылар байқауға қосқан үлесі үшін сертификаттар мен марапаттар табысталды.
«Жұмысшы мамандықтар әлемі» байқауы — оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытқан, еңбекке деген құрметін күшейткен маңызды іс-шара болды. Мұндай байқаулар жас ұрпақтың кәсіби бағдарын айқындап, болашақта елдің дамуына үлес қосатын білікті мамандарды тәрбиелеуге ықпал етеді.
Ата-ана, мектеп және қоғам бірлесе қолдау көрсетсе, жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артып, еліміздің еңбек ресурсы да жаңа деңгейге көтеріле түсері анық.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.