Балалардың эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның 9 өңірінде «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы жүзеге асуда. Астана қаласы бойынша 2024-2025 оқу жылында бар болғаны бес мектеп ерекше мәртебеге ие болып, республикалық деңгейдегі аталмыш бағдарламаның пилоттық алаңына айналды. Соның бірі – Қиянов Алмаз Оралұлы басқарып отырған Астана қаласы әкімдігінің «№25 орта мектеп» КММ.

Бұл жоба «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының бастамасымен қолға алынып, еліміздегі мектептер мен колледждерде пилоттық режимде сыналуда. Бағдарламаның басты мақсаты – мектептерде буллингтің алдын алу, балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсарту және қауіпсіз, қолайлы білім беру ортасын құру.
«ДосболLIKE» бағдарламасының ерекшелігі – оқушылармен қатар мұғалімдер, ата-аналар, мектеп әкімшілігі және басқа қызметкерлер түгелдей қамтылады. Жоба балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жасалынып, әрбір сынып үшін арнайы тақырыптар мен қосымшалар әзірленді.
Бағдарлама үш кезеңде жүзеге асады. Алдымен кіріспе кезеңде оқушылар мен педагогтер арасындағы әлеуметтік-психологиялық ахуалға диагностика жүргізілді. Ал аралық кезеңде өзгерістерді бақылау мақсатында қайта талдау жасалған. Сондай-ақ, қорытынды кезеңде нәтижелер жинақталып, тиімділігін көрсететін есеп дайындалады.

Осыған байланысты, №25 орта мектепте арнайы антибуллингтік топ құрылып, оған директор, орынбасарлар, педагог-психологтар, әлеуметтік педагог, тәжірибелі ұстаздар, ата-аналар комитеті және мектеп парламентінің оқушылары енді. Бұл бірлестік балалардың пікірін тыңдауға, олардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Білім беру мекемесінде оқушылар үшін түрлі тақырыптағы жобалар ұйымдастырылып, сенім мен сыйластық мәдениетін қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бастауыш буын «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» тақырыбында жұмыс істесе, жоғары сынып оқушылары «Шабыттандыратын көшбасшы» мен «Өзіңе және өзгеге жауапкершілік» жобаларын жүзеге асырды. Мұндай сабақтар балаларды өзара құрметке, толеранттылыққа, жанжалдарды бейбіт шешуге үйретіп, мектеп ортасын анағұрлым қолайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді. Рахимова Ольга Жетебаевна, Котиев Арлан Мухамеджанович келесі жұмыстарды орындады: мұғалімдерге, психологтарға, мектеп қызметкерлеріне, ата-аналар мен оқушыларға арналған семинарлар ұйымдастырды.
Бағдарлама аясында мектепте бейнебақылау жүйесі орнатылып, «қауіпті аймақтар» – дәліздер, киім ілетін бөлмелер мен әжетханалар бақылауға алынды. Мектеп медиациясы арқылы оқушыларға жанжалды бейбіт жолмен шешудің дағдылары үйретіліп, бақылау шаралары іске қосылған. Сонымен қоса, ата-аналарға арналған семинарлар ұйымдастырылып, олардың белсенді қолдауы қамтамасыз етілді.
Жобаның алғашқы нәтижелері мектептегі буллинг жағдайларының азайғанын, балалар арасындағы қарым-қатынастың нығайғанын, әлеуметтік-эмоциялық климаттың жақсарғанын көрсетеді.
«№25 орта мектеп» КММ-нің ұжымы үшін «ДосболLIKE» бағдарламасына қатысу – үлкен тәжірибе әрі мектептің беделін арттырған маңызды қадам болды. Бұл бастама Астана қаласының өзге білім беру ұйымдарына үлгі болып, қауіпсіз әрі қолайлы мектеп ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды жобаға айналмақ. Бала қауіпсіздігі үшін әзірленген бағдарламалар тәртіп пен тәрбиені ұштастырған қоғам құруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да бала қауіпсіздігі әрқашан назарда болып, бақытты әрі сау ұрпақ тәрбиелейік. Қауіпсіз мектеп – бала бақытының кепілі!
Астана қаласы
BILIM AINASY
Инабат Ғабдуллақызы
