Home » Айтарым бар » Заманауи білім беру ортасы: жасанды интеллект мүмкіндіктері мен жаңа серпін

Заманауи білім беру ортасы: жасанды интеллект мүмкіндіктері мен жаңа серпін

Алматы қаласының білім беру кеңістігінде педагогтердің кәсіби дамуына, жаңа технологияларды меңгеруіне бағытталған маңызды шаралардың бірі: «Заманауи білім беру ортасын ұйымдастыру. Жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен болашағы» атты қалалық семинар өтті. Семинарды Алматы қаласы Білім басқармасы, Алматы қаласы Білім басқармасының «№19 жалпы білім беретін мектеп» КММ, Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алматы қаласы бойынша кәсіби даму институты бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға қала мектептерінің директорлары, оқу ісі жөніндегі орынбасарлар, қазақ, орыс, ағылшын тілі мен тарих пәні мұғалімдері қатысты.
Семинардың алғы сөзін №19 жалпы білім беретін мектеп директоры Имангалиева Айымгуль Даурбековна бастап, заманауи мектептің инновациялық бағыттары, білім беру ортасын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы жөнінде кең көлемде баяндама жасады.
Эстония мен Финляндия мемлекеттеріндегі тағылымдама тәжірибесін мысалға келтіріп, шетелдік білім жүйесінің артықшылықтарын, әсіресе цифрлық орта мен басқару мәдениетін енгізу жолдарын түсіндірді.
Сонымен қатар, жасанды интеллектті қолданудағы этикалық нормалар, оның білім беру процесіне ықпалы, қауіпсіздік мәселелері де талқыланып, педагогтерге өз кәсібінде жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолдану қажеттілігі айтылды.

Семинардың келесі бөлімі мектеп әкімшілігінің жұмысында жасанды интеллектті пайдалану тәжірибесіне арналды. Бұл бағытта Калдыбекова А.А., Баймурза Н.Н. және Кораласова Г.С. интерактивті таныстырылым өткізіп, ЖИ құралдары арқылы құжат айналымын жеңілдету, талдау жүргізу, жоспарлау және мониторинг сияқты жұмыстарды автоматтандырудың тиімділігін көрсетті.
Педагогтерге нақты мысалдар ұсынылып, жасанды интеллект көмегімен уақыт үнемдеу, деректерді жүйелеу және басқару шешімдерін жедел қабылдау мүмкіндіктері таныстырылды.
Білім беру ортасындағы оқушы ынтасын арттыру — семинардың негізгі талқылау бағыттарының бірі болды. Бегарисов Р.А., Иманкул А.Т. және Жусбекова Ш.Т. инновациялық технологияларды сабаққа енгізу, оқушы мотивациясын дамытуда цифрлық ресурстарды қолдану, ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіру жайында мазмұнды кейстер ұсынды.
Сондай-ақ жасанды интеллект негізінде білім беру платформасын құру, «Музей күні» жобасын жүйелі жүзеге асыру тәжірибелері бөлісіліп, оқушының білімге деген қызығушылығын арттыру жолдары көрсетілді.

Семинар барысында қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері шебер сабақтар өткізіп, жасанды интеллекттің тіл үйретудегі тиімділігін дәлелдеді. Пән мұғалімдері Жанибекова Б.Н., Абдукаримова Д.К., Нуридин Г.Ж., Кузембай А.С., Молдахметова Н.Н., Бегимбетова Г.А., Тасыбекова М.К., Амантаева Г.А. өз сабақтарында AI құралдарын қалай қолданатынын көрсетті. ЖИ арқылы мәтін құрастыру, шығарманы талдау, рөлдік ойындар дайындау, интерактивті тапсырмалар жасау – тіл сабақтарының мазмұнын айтарлықтай байытатыны байқалды.
Семинардың ең ауқымды бөлігі секциялық жұмыстарға арналды.
Бірінші секция жұмысын “A’LEM Педагогикалық инновациялар орталығының” бас директоры, lifted.kz платформасының әзірлеушісі Өрісбай Н.Б. жүргізді. Ол жасанды интеллекттің оқу олқылықтарын анықтаудағы рөлі, тапсырмалардың күрделілігін автоматты түрде бейімдеу, ЖИ арқылы БЖБ, ТЖБ және деңгейлік тапсырмалар генерациялау мүмкіндіктерін атап өтті. Бұл — оқытуды толық дараландыруға жол ашатын үлкен қадам.
Екінші секция білім алушылардың ақпараттық және оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды. «Өрлеу» институтының оқытушысы Ыбышева Алмагүл Сейтжановна мен орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Сайын Б.Б. оқушылардың ақпаратты талдау, дұрыс қолдану және сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытудың маңызын түсіндірді. ЖИ мысалында оқушылардың ізденіс мәдениетін қалыптастыру әдістері ұсынылды.
Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізіп, кері байланыс толтырды. Іс-шара педагогтер қауымын жаңа идеяларға жетелеп, білім беру процесіне жаңа серпін берді.
Қалалық семинар мұғалімдердің кәсіби дамуына, білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізуге және жасанды интеллектті тиімді пайдалануға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Бұл семинардың жоғары деңгейде өтуіне №19 жалпы білім беретін мектептің ұжымы үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Мектеп өз базасында қалалық деңгейдегі шараларды жиі қабылдайтын тәжірибелі білім ордасы ретінде тағы да ұйымшылдық пен кәсібилігін көрсетті. Ұйымдастыру жұмыстарынан бастап шебер сабақтар мен секциялық отырыстарға жағдай жасауға дейін барлық үдеріс жүйелі әрі үйлесімді жүргізілді. №19 мектептің ашықтығы, жаңашылдыққа бейілділігі семинардың мазмұнын тереңдетіп, қатысушыларға қолайлы орта қалыптастырды.
Заманауи мектептің басты мақсаты — оқушыны болашаққа бейімдеу. Ал болашақтың тілі — технология. Сондықтан дәл осындай семинарлар педагогтердің цифрлық мәдениетін арттырып қана қоймай, жаңа буынға сапалы білім берудің нақты тетігін қалыптастырады.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.