
Көк туын биікке көтеріп, азаттығын ардақтаған ұлттың ұрпағы — еркін ойлы, елін сүйген жас ұрпақ болуы тиіс. Осындай ұлағатты ұстаным аясында бүгін Бостандық ауданындағы №151 бөбекжай-балабақшасында Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Сәнді безендірілген сахна, әсем музыка мен көтеріңкі көңіл-күй – бәрі де еліміздің ең қастерлі мерекесіне деген құрметті айшықтай түсті.

Іс-шараға ата-аналар, педагогтер және кішкентай бүлдіршіндер қатысып, бірліктің, татулықтың және елжандылықтың мерекесіне айналды. Балалар «Қазақстан жасасын!» атты флешмоб орындап, залды шуақты көңіл-күйге бөледі. Кішкентай жүректердің шаттығы мен елге деген сүйіспеншілігі көпшіліктің көңілін толқытпай қоймады.
Мерекелік бағдарлама барысында бүлдіршіндер әсем әндер шырқап, ұлттық нақыштағы би билеп, жүрекжарды өлеңдерін оқыды.

Әр баланың орындауынан туған жерге деген мақтаныш пен қуаныш лебі сезіліп тұрды. Ән айтқан дауыстары залды жаңғыртып, кішкентайлардың жүзіндегі шаттық — Тәуелсіз елдің бақытты болашағының айғағындай әсер қалдырды.
Балабақша ұжымы бұл шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, әрбір қатысушының елдік мерекенің мәнін терең ұғынуына мүмкіндік берді. Педагогтер балдырғандарға Отанды сүюдің, рәміздерді құрметтеудің маңызын түсіндіріп, патриоттық сезімді ұштауға бағытталған жұмыстар жүргізді.

Іс-шара соңында балабақша меңгерушісі Байбосынова Ақмарал Әлімтайқызы барша қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, бүлдіршіндер мен педагогтердің еңбегіне ризашылығын білдірді. Балалардың бойына отансүйгіштік пен бірлік сезімін ұялатуда мұндай шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
Ата-аналар да өз ризашылықтарын білдіріп, балаларының сахнадағы өнерін зор мақтанышпен тамашалады. «Балапан қыран ұяда түлейді» демекші, №151 бөбекжай-балабақшасында тәрбиеленіп жатқан әр бала — ел болашағының нұрлы шамшырағы екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Мереке соңында бәрі бірге «Менің Қазақстаным» әнін шырқады. Әуенмен астасқан кішкентай дауыстар ел рухын асқақтатып, Республика күніне деген шынайы құрметтің белгісін паш етті.
Осындай тәрбиелік маңызы зор мерекелік іс-шаралар арқылы №151 бөбекжай-балабақшасының ұжымы жас буынға елжандылық, отансүйгіштік және рухани байлықтың мәнін ұғындырып келеді. Республика күні — бұл тек мереке емес, ол — болашаққа сенім мен бірліктің символы.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY
