Home » Жаңалықтар » Тәжірибе тарату – табысты білім берудің негізі

Тәжірибе тарату – табысты білім берудің негізі

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Жетісу ауданында орналасқан №101 бөбекжай-балабақшасында мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті бағыттардың бірі – озық тәжірибелерді тарату мен кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында маңызды іс-шара өтті. “Мектепке дейінгі тірек ұйымның/Құзырет орталығының табысты педагогикалық практикаларын тарату тетіктері” тақырыбында ұйымдастырылған бұл семинар «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы қаласы Кәсіби даму институтымен бірлесе өткізілді.

Семинардың мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасуды жандандыру, инновациялық әдіс-тәсілдерді кеңінен тарату, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және тірек ұйымдардың рөлін күшейту. Іс-шара шымылдығы бөбекжай-балабақша меңгерушісі Таева Айнур Манаповнаның алғы сөзімен ашылып, балабақша ұжымының алға қойған мақсаттары мен жетістіктеріне тоқталды.

Семинар аясында балабақша педагогтері өздерінің шығармашылық жұмысын көпшілік назарына ұсынып, заманауи әдістемелермен бөлісті. Ересек топ тәрбиешісі Румянцева И.Л
“Жүнді акварель” атты көрмені таныстырып, жүн арқылы орындалатын көркем шығармашылық туындыларды көрсетті. Бұл көрме балалардың эстетикалық талғамын, ұсақ моторикасын және қиялын дамытудың тиімді әдісі ретінде ерекше бағаланды.
Мектепалды тобының тәрбиешісі Ниталиева Г.П мен қазақ тілі мұғалімі Тлеунбек А.Т бірлесе отырып “Кішкентай жерлестерге – үлкен жер жайында” атты танымдық бағыттағы ұйымдастырылған іс-әрекетті ұсынды. Сонымен қатар, аталған тәрбиешілер “Мектепке дейінгі тірек ұйымның/Құзырет орталығының табысты педагогикалық практикаларын тарату тетіктері” және “Мектеппен сабақтастық” бағыттарында да ашық іс-әрекеттер көрсетті. Бұл сабақтарда тәрбиеленушілер белсенділік танытып, педагогтер озық әдіс-тәсілдер арқылы өз шеберліктерін көрсете білді.

Сонымен қатар, тәрбиеленушілер цифрлық ақпараттандыру тәжірибесін көрсете отырып, заманауи технологияларды меңгеру және қолдану дағдыларын паш етті. Бұл тақырыпқа байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бірнеше ресми сөзінде цифрлық трансформацияны жеделдету және білім саласында инновацияларды енгізудің маңыздылығын ерекше атап өткен. Ел басшысы “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру арқылы балаларды ерте жастан цифрлық сауаттылыққа үйрету – болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты кепілі екенін жеткізген.

Ересек топ тәрбиешісі Айсарова М.И “Кішкентай жерлестер” атты дефилені ұйымдастырды. “Кішкентай жерлестер” атты дефилеге балабақша тәрбиеленушілерімен бірге ата-аналар да белсене қатысты. Бұл шара балалардың сахналық мәдениетін дамытуға қосымша қолдау болып, отбасы мен білім беру мекемесінің ынтымақтастығын нығайта түсті. Балабақша ұжымы ата-аналармен тығыз байланыста болып, тәрбиелеу мен оқыту ісіне олардың қатысуын арттыруға үлкен мән береді.
Семинар шеңберінде балабақша педагогтері “Қалдық материалдарға екінші өмір беру” атты шеберлік сабағын өткізді. Бұл іс-шарада күнделікті тұрмыста жиі кездесетін қалдық материалдарды тиімді әрі креативті пайдаланудың жолдары көрсетілді. Педагогтер экологиялық тәрбиенің мәнін түсіндіріп, шеберліктерін ортаға салды. Қатысушылар бұл шеберлік сағатынан үлкен әсер алып, өз тәжірибелеріне қажетті тың идеялармен оралды.

Семинар соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, рефлексия барысында балабақша ұжымының еңбегіне жоғары баға берді. Іс-шараның қорытынды сөзін “Өрлеу” БАҰО АҚ Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының Қоғамдық гуманитарлық бағыттағы кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Маханбетова Агима Абиловна сөйледі. Ол өз сөзінде балабақшаның кәсіби әлеуеті жоғары, жаңашылдыққа бет алған ұжым екендігін атап өтіп, педагогтер мен ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
№101 бөбекжай-балабақшасының ұжымы – өз ісін жақсы білетін, бала тәрбиесіне жүрек қалауымен қарайтын білікті мамандардан құралған. Меңгерушіден бастап, әдіскерлер мен тәрбиешілерге дейін бір мақсатта жұмыла отырып, мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру жолында еңбек етуде. Осындай іс-шаралар арқылы білім беру ұйымдарының өзара байланысы нығайып, жаңа идеялар мен бастамаларға жол ашылатыны сөзсіз.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.