Home » Жаңалықтар » Қанат қақ, жас түлек!

Қанат қақ, жас түлек!

Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты №98 жалпы білім беретін мектебінде ерекше толқыныс пен тебіреніске толы сәттер өтті. Мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған жас түлектерге аттестат табыстау салтанаты ұйымдастырылды.

11 жыл бойы білім мен тәрбие алып, шәкірт атанған 25 оқушы алтын ұясымен қоштасты. Оның ішінде 5 оқушы үздік білім көрсеткіштерімен ерекшеленіп, «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл – үздіксіз еңбек пен табандылықтың, ұстаз бен оқушының ортақ жемісі.
Салтанатты кештің шымылдығы толқулы көңіл, шынайы тілектер мен естен кетпес естеліктерге толы болды. Мектеп директоры Манат Аширбекова жүрекжарды құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тіледі.

Сондай-ақ, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Борсук Наталья Андреевна мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Муратбеков Айдын Туғанбайұлы да салтанатты шараның өтуіне мұрындық болды. Олар өз бағыттары бойынша кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып, мектеп ұжымымен бірлесе еңбек етті.
Кеш барысында түлектер мектеппен қоштасу вальсін билеп, әсем әндерін тарту етті. Әсіресе, ата-аналарға көрсетілген құрмет – бұл ұлағатты тәрбиенің айғағы. Балаларының жетістігіне куә болып, оларға алғыс хат табысталған сәт – жүрек тебірентер ерекше мезет болды.

Мектеп тек 11 сынып оқушыларын ғана емес, биылғы оқу жылында 9 сыныпты аяқтаған 120 шәкіртін де үлкен белеске шығарып салды. Оның 15-і «Үздік аттестат» алып, білімге деген құштарлығын дәлелдеді. Осыған орай мектепте кәсіби бағдар беру бағытында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – жастардың кәсіби білім алуға, кәсіп игеруге бағыт алуына зор серпін берген бастама. Бұл бастамамен үндесе отырып, мектеп ұжымы оқушыларға техникалық және кәсіптік білімнің артықшылықтарын, болашақ еңбек нарығындағы маңызын түсіндіріп өтті.
Мектеп – әр баланың тағдырына әсер ететін, өмір жолына бағдар беретін қасиетті мекен. №98 жалпы білім беретін мектебі – тек сапалы білім беріп қана қоймай, оқушыны тұлға ретінде қалыптастыруда үлкен рөл атқарып отырған қара шаңырақ. Мұндағы әрбір ұстаз – жүрегі кең, білімі терең, шәкіртінің болашағына бейжай қарамайтын жан.

Білім мен тәрбие қатар өрілген, рухани құндылықтар мен заман талабын ескеретін бұл мектептің жетістігі – ұжым бірлігінің, ұлағатты ұстаздардың және шәкірттердің ізденісінің жемісі.
Қанаттары қатайған түлектерге ақ жол тілейміз! Алтын ұя – №98 мектептің есігі әрдайым ашық. Бұл мектеп – әр түлек үшін жүрек төріндегі ең ыстық естелік болып қалары сөзсіз.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.