2025 жылғы 4 маусым күні Алматы қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары кәсіби білімдері мен біліктерін сынға салды. Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылған «Эрудит» атты зияткерлік ойын қаланың жеті ауданының білікті басшыларын бас қостырып, олардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыруды мақсат етті.

Іс-шараның басты мақсаты – Алматы қаласындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының басшыларының кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру, білімдерін тереңдету, заманауи талаптарға сай шешім қабылдау қабілеттерін дамыту болды. Қатысушылар тек біліктіліктерін көрсетіп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуға, ой бөлісуге, ұжымдық әрекет пен жылдам шешім қабылдаудағы шеберліктерін де шыңдауға мүмкіндік алды.
«Эрудит» ойыны үш бөлімнен тұрды. Әр бөлім нақты бір құзыреттілікті дамытуға бағытталған:
1-бөлім – «Құқықтық сауаттылық» және «Кәсіби сауаттылық». Бұл бөлімде қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы, ҚР Еңбек кодексі, «Білім туралы» Заңы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңы, «Бала құқықтары туралы» Заңы бойынша 20 сұраққа жауап берді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі педагогика, психология, әдістеме, жасанды интеллект, робототехника, жобалық қызмет және инновациялық технологиялар саласындағы 10 кәсіби сұрақ қамтылды.
2-бөлім – Педагогикалық жағдайларды шешу. Бұл кезеңде қатысушылар шынайы жұмыс барысындағы күрделі ахуалдарды шешуге бағытталған тапсырмаларды орындады. Қызметкерлер арасындағы қақтығыстар, этикалық нормаларды бұзу, еңбек тәртібінің сақталмауы, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер, ата-аналар тарапынан түскен шағымдарды кәсіби тұрғыда шешу – бәрі басшылардың біліктілігі мен тәжірибесіне сын болды.
3-бөлім – «Бестемше» ұлттық үстел ойыны. Бұл бөлімі ерекше әсер қалдырды. Ұлттық ойын арқылы қатысушылар зияткерлік қабілеттерін, жылдам ойлау және логикалық пайымдау дағдыларын көрсетті. Қазақтың бай мәдени мұрасы мен ұлттық рухы көрініс тапқан бұл ойын қатысушыларды бір серпілтіп, тартысты сайысқа ұластырды.
Ойын нәтижелері әділ әрі ашық түрде бағаланды. Қазылар алқасы қатысушылардың білімін, тапқырлығын, логикасын, жауаптарының толықтығы мен нақтылығын ескере отырып, төмендегідей шешім қабылдады:
3-орын (19925 балл) – Алмалы ауданының КМКҚ «№19 бөбекжай-балабақшасының» басшысы Аламанова А.С.
2-орын (23420 балл) – Жетісу ауданының КМКҚ «№176 бөбекжай-балабақшасының» басшысы Джунусова С.М.
1-орын (24900 балл) – Бостандық ауданының КМКҚ «№152 бөбекжай-балабақшасының» басшысы Каракулова А.А.
Марапаттау рәсімінде «Алматы қалалық жергілікті кәсіби одағы «Ұстаз»» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Байгутдинов С.К. сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол жеңімпаздарға І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, барлық қатысушылардың белсенділігі мен жоғары дайындық деңгейі ерекше атап өтілді.

Қазылар алқасы «Эрудит» зияткерлік ойынының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Әсіресе, «KAHOOT» ойын платформасының тиімді пайдаланылуы, мазмұнды сұрақтардың өзектілігі мен жан-жақтылығы, ұлттық ойын «Бестемшенің» жаңғыртылып, қазіргі заманға лайықталып ұсынылуы үлкен бағаға ие болды.
Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы мен Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының үйлесімді жұмысы мен кәсіби ұйымдастыру деңгейі үшін қазылар алқасы өз алғысын білдірді.
«Эрудит» ойыны – бұл тек сайыс емес, бұл – өз ісінің майталмандары арасында білім мен тәжірибені бөлісудің, кәсіби дамудың жаңа үлгісі. Мұндай шаралар мектепке дейінгі ұйымдардағы басшылардың кәсіби өсуіне жол ашып, олардың жаңашылдыққа ұмтылысын арттыратыны сөзсіз.
Алматы қаласының білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті, шығармашыл әрі зияткер тұлғалар қалыптастыру жолында тағы бір үлкен қадам жасады.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY