Home » Жаңалықтар » Балабақшада «Step by step» технологиясын қолдану ерекшеліктері

Балабақшада «Step by step» технологиясын қолдану ерекшеліктері

Алматы қаласы Білім басқармасы КМҚК “№57 бөбекжай-балабақшасы” тағы да өзгеше форматтағы мазмұнды шарасымен көпшіліктің назарын өзіне аудартты. Бұл жолы балабақша қабырғасында «Балабақшада «Step by step» технологиясын қолдану ерекшеліктері» атты қалалық семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бала бойына дене жаттығулары арқылы сіңіру, олардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
Семинарға Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері Туралина Жанар Анварбековна, Әуезов аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Ногайсарина Гульнар Жунисбековна, ардагер ұстаз Еденбаева Зауре Дөненбекқызы және Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі ұйым басшылары, әдіскерлері мен дене шынықтыру жаттықтырушылары қатысты.

Семинарға келген қонақтар балабақша кіре берісінен бастап ерекше әсер алды. «Дене тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар үндестігі» тақырыбындағы көрме көздің жауын алды. Ұлттық нақыштағы әшекейлер, дәстүрлі спорт құралдары мен балалардың шығармашылық жұмыстарынан құралған бұл көрме көпшіліктің көңілінен шықты.

Семинар шымылдығы балабақша меңгерушісі Бельгибаева Гульнар Айтбаевнаның жүрекжарды алғы сөзімен ашылды. Гульнар Айтбаевна «Step by step» технологиясының ерекшеліктеріне тоқтала келе, бұл әдістеменің балалардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына және ұлттық тәрбие мен заманауи білім беруді сабақтастыруға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Кейін дене тәрбиесі нұсқаушысы Бексеитова А.Б. балалармен іс-әрекет ұйымдастырып, «Step by step» технологиясының дене тәрбиесі ісінде қалай қолданылатынын көрсетіп берді. Балалар жаттығуларды аса ықыласпен, көңілді орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Семинар барысында педагог-психолог Алмабекова Молдир Бахытнуровна «Ойлан, ойна, қайтала» атты педагогтерге арналған тренинг ұйымдастырып, қатысушыларды сергітіп, бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағыттады. Бұл тренинг ұстаздардың кәсіби шыңдалуына және әдістемелік құралдарын толықтыруға септігін тигізді.
Семинар “Ұлттық сана мен дене тәрбиесі: байланыс пен даму” бөлімімен жалғасты. Бұл бөлімде ата-аналар мен педагогтер бірлесіп ұйымдастырған іс-тәжірибелік жұмыстар көрініс тапты. «Аналар мектебі» аясында «Ұрпақтың бақыты – ананың мейірімінде» тақырыбымен тәрбиеші Каскаева С.Б. іс-тәжірибе өткізді. Аналар балалармен бірге шығармашылық ойындарға қатысып, тәжірибе алмасты.

“Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды” атты іс-тәжірибе барысында тәрбиешілер Мунаждинова Ш.М. мен Әлібек Г.Ж. әкелердің тәрбиедегі рөлін ұлықтап, оларға сөз берді. Әкелер жамбы ату мен садақ атудың қыр-сырын айтып, ат әбзелдері мен қамшы өрімдері туралы әңгімелеп, ұлттық спорт пен салт-дәстүрдің құндылығын дәріптеді.
“Әжелер – шаңырақтың алтын қазығы” бөлімінде тәрбиеші Омарова Г.Н. әжелердің балалар өміріндегі маңызын атап өтті. Әжелер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық тәрбиеге бай әңгімелер айтты. Бұл сәт көпшіліктің көңілін толқытып, әжелердің орны әрдайым ерекше екенін тағы да дәлелдеді.

Семинардың сәнін келтірген көрініс – дене тәрбиесі нұсқаушысы Бексеитова А.Б. сахналаған “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” ертегісінің жаңа желісі болды. Балалар өз рөлдерін асқан шеберлікпен сомдап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аналар жүрек тербер әндерін айтты. Әкелер домбырамен күй шертіп, ұлттық әндерді орындаса, әжелер ауылдың алты ауызын әуелетіп, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Семинардың әр қатысушысы өз бойындағы ұлттық рух пен заманауи педагогикалық әдістердің үндесуін терең сезінді.
Кері байланыс барысында қатысушылар шараны жоғары бағалап, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. «№57 бөбекжай-балабақшасының» ұжымы – шын мәнінде ізденімпаз, шығармашыл және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жандандырып жүрген тәжірибелі мамандар екенін көрсетті.
Бұл семинар тек тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар баланың жан-жақты дамуын ұлттық мәдениетімізбен ұштастырудың үлгісі болды. Осындай мазмұнды іс-шаралар жас ұрпақтың рухани әлемін байытып, оларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелейтіні анық.

Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.