
Алматы қаласы Білім беру басқармасына қарасты №80 бөбекжай-балабақшасында аудандық семинар-практикум өтті. Бұл күні балабақша қабырғасына кірген әрбір жанның бойын жауапкершілік пен қауіпсіздік сезімі баурап алғандай болды. Есіктен кіре бергеннен-ақ жол полициясының рөліндегі тәрбиеленушілер жылы жүзде қонақтарды қарсы алып, әр қадамға жол нұсқады. Медбикелердің қырағы көздері мен қамқор ниеттері де бірден сезілді.
Семинардың мақсаты айқын: балалардың қауіпсіздік ережелері туралы білімін нығайту, олардың күнделікті өмірде – үйде, көшеде, балабақшада – қауіпсіздік шараларын сақтау дағдыларын жетілдіру. Әрбір бала өзінің өмірінің құндылығын түсініп, тәртіптің ортақ екенін, оны сақтау – әр азаматтың парызы екенін ұғынуға тиіс. Міне, осы ойды ұрпақ бойына сіңіру мақсатында семинар аясында түрлі мазмұнды көріністер мен тәжірибелік тапсырмалар ұйымдастырылды.

Семинардың ресми ашылу салтанатында балабақша меңгерушісі Жадыра Сериковна сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды жаңа білім әлеміне жетеледі. Оның сөзі балалардың қауіпсіздігі – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі екенін тағы бір мәрте айшықтады.
Семинарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті PhD докторы, қауымдастырылған профессор-Гулбану Тастановна Абитова, МКК «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы» маманы – Лайла Мауленовна Раймова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 2 курс докторанты- Жанна Жеткербайқызы Асанханова, Бостандық ауданы ТЖБ инженері азаматтық қорғау капитаны -Толкынали Дауитович Есмурзаев, Аудандық әдістемелік бірлестік мобильді топ мүшелері, Бостандық ауданының балабақша тәрбиешілері қонақ болды.

Практикум барысында түрлі төтенше жағдайлар көрініс тапты. Балалар жолда жүру, өрт қауіпсіздігі, су қауіпсіздігі, жер сілкіну кезіндегі ережелер бойынша арнайы қойылымдар қойып, көрермендерді еліктіріп әкетті. Кішкентай бүлдіршіндер сахнада жолда жүру ережелерін қалай сақтау керектігін шебер көрсетті. Балалардың әрбір қимылында шынайылық пен үйренуге деген құштарлық байқалды. Олардың өз рөлін толық сезініп, қауіпсіздік туралы білімін өзгеге үйретуге ұмтылғаны көз қуантты.
Ең қызықты сәттердің бірі – “Алан” жасанды интеллектінің қатысуы болды. Ол балаларға түрлі сұрақтар қойып, олардың білімін шыңдады. Бұл сәттер балалардың көзін жадыратып, жүздеріне күлкі ұялатты. Жасанды интеллектпен сұхбат олар үшін нағыз жаңалық болып, ақпараттық технологиялар мен қауіпсіздік әлемін ұштастырды.

Семинарға қатысушылар да сырт қалмады. Олар түрлі жағдаяттарға жауап іздеп, сұрақтарға жауап берді. Әрбір жауапта – өмірлік тәжірибе, даналық және ортақ қауіпсіздікке деген шынайы жауапкершілік бар еді. Қонақтар семинар соңында бір-бірімен ой бөлісіп, пікір алмасты. Көпшілігі мұндай маңызды тақырыптың таңдауы – уақыт талабы екенін айтты. Өйткені бүгінгі қоғамда балаларды тек үйде немесе балабақшада ғана емес, көшеде, қоғамдық орындарда да қауіптен сақтандырудың жолдарын білу аса маңызды.
Жалпы, семинар-практикум өте мазмұнды өтті.
Жобаны іске асырушылар: Балабақша меңгерушісі — Жадыра Сериковна, Әдіскер:Г.Т Алменова, қазақ тілі маманы Р.Р. Искендерова,дене тәрбиесі нұсқаушысы Т.Б. Оразхан, тәрбиешілер: Е. Т. Бажеева, Ақтай Ж.А.
Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ата-ана мен педагогтың жүрегіндегі алаңдаушылық пен үміт араласқан мәңгілік тақырып. Бүгінгі шара – сол үміттің шырағын маздатып, әрбір балаға қауіпсіздік әлемінде сенімді қадам басуға жол ашты.
Ақерке Амангелдіқызы
Алматы қаласы
BILIM AINASY