Алматы қаласы, Алмалы ауданына қарасты КМҚК №16 бөбекжай-балабақшасында “Волшебный мир чудесных превращений” атты қалалық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Семинардың мақсаты – мектепке дейінгі білім беру жүйесінде заманауи әдістерді қолдана отырып, балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық тәрбиені жаңғырту және отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Іс-шараның шымылдығын балабақша меңгерушісі Сакенова Айгуль Тулебаевна өзінің жүрекжарды алғысөзімен ашып, балабақша ұжымына сәттілік тіледі.

Семинар барысында ерекше әсер қалдырған бөлімдердің бірі – “Әжелер мектебі” болды. Сахна төріне әжелер шығып, әуезді ән орындап, немерелерімен бірге ұлттық көрініс қойды. Немерелерінің “Әже, торсық деген не?” деген сұрағына жауап берген әжелер ұлттық мұрамыздың бір бөлшегі саналатын киелі торсықтың маңызын түсіндірді. “Киелі торсық — бабалар мұрасы” деп түйіндеген әжелер немерелеріне арнап “Сен болмасаң, немерем” әнін шырқап, бата беріп, ақжол тілеп, шашу шашты. Бұл көрініс жиналған қонақтардың жүрегін елжіретіп, ұлттық құндылыққа деген құрметті тереңдете түсті.
Кейін сахнаға тәрбиеленушілер шығып, қазақтың торсығын ұстап би билеп, ұлттық болмысымызды би тілімен жеткізсе, одан соң мемлекеттік Туымызды желбіретіп, “Көкке өрлеу” атты патриоттық биді орындады. Бүлдіршіндердің шынайылығы мен би пластикасы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шығыстың да сазды сәлемі назардан тыс қалмады. Қыздар қолдарына веер ұстап, қытай биін мың бұрала билеп, көріністі түрлі мәдени бояумен әрледі. Бұл – балалардың мәдени сан алуандылықты түсініп, құрметтеуіне бағытталған игі бастама болды.
Бұдан кейін қолданыстан шыққан заттардан балалар мен ата-аналар бірігіп жасаған музыкалық аспаптардан құралған оркестр өнер көрсетті. Әртүрлі дыбыстармен үндесе шыққан әуен – креатив пен қолөнердің үйлесімді туындысына айналды.
Сондай-ақ бүлдіршіндер ескі, жарамсыз заттарды қайта өңдеп, жаңа киім үлгілерін тігіп, сахнада сән көрсетілімін ұйымдастырды. Бұл көрініс – қайта өңдеу, үнемділік пен эстетикалық тәрбие ұғымдарын бала бойына сіңірудің жарқын үлгісі болды.

Іс-шара барысында балабақша меңгерушісі Айгуль Тулебаевна келген қонақтарды балабақша ауласымен таныстырып, ашық аспан астында өткен шеберлік сағаттарында әр топтың балалары, ата-аналар және тәрбиешілер бірігіп жасаған жобалармен таныстырды.
“Ласточка” тобы “КосмоLAB” тақырыбын қорғап, қолдан жасалған зымырандар мен ғарышкерлердің киімдері арқылы көрермендерді нағыз ғарыш сапарына аттандырғандай әсер сыйлады.
“Соловушка” тобы “Птица счастья – магия оригами” тақырыбында шығыстық оригами өнерін паш етті. Қонақтармен бірге қағаздан жасалған құстарды бүктеп, қолөнердің қыр-сырын меңгерді.

“Ромашка” тобы қолданыстан шыққан заттарды қайта өңдеп, музыкалық аспаптар жасап, балалармен бірге шағын концерт ұйымдастырды.
Үлкен топ “Әжелер мектебі” жобасын жалғастырып, әжелерімен бірге ою кестелеп, тігін тігіп, ұлттық тағам – құрттың жасалу жолын үйренді.
Бесінші топ “Әкелер мектебі” тақырыбын таңдады. Әкелері балаларына асық ойынының ережелерін түсіндіріп, бірге асық ойнады. Бұл бөлім – ұл баланы ұлттық дәстүрмен тәрбиелеудің үлгісі ретінде қабылданды.
Семинар соңында пікір алмасу өтті. Қонақтар шараның мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары болғанын айтып, балабақша ұжымына ризашылықтарын білдірді. Олар бұл семинардан алған әсер мен білімнің мол екенін ерекше атап өтті.

Осындай мазмұны бай, тәрбиелік мәні зор іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Айгуль Тулебаевна, әдіскер Эльмира Раметовна, тәрбиешілер Гурова О.Г,Каргабаева А.Ж,Тоғайбек
Б.Ш, қазақ тілі пәні мұғалімі Сарманова Б.К,музыка жетекшісі Шелкова Е.Л, “Әкелер мектебін” ұйымдастырған дене шынықтыру нұсқаушысы Шерина Г.В және барлық педагогтерге шығармашыл ұжымға зор алғыс білдіреміз. Бұл – жаңашылдық пен ұлттық құндылықты сабақтастырған, болашаққа бағытталған жарқын бастама болды.
Елназ Тұрсынғали
Білім Айнасы
Алматы қаласы