Алматы қаласы, Әуезов ауданы,КМҚК №144 бөбекжай-балабақшасында
“Балаларға көмектесудің ең жақсы жолы — ата-анасына көмектесу” атты тағылымы терең іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты — бала тәрбиесінде ата-ана мен балабақша арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты нығайтып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.
Іс-шараның шымылдығын балабақша меңгерушісі Ахметова Раушан Мешитбаевна жылы лебізге толы алғы сөзімен ашты. Ол ата-аналардың бала тәрбиесіндегі маңызды рөлін атап өтіп, балабақша мен отбасы арасындағы бірліктің маңыздылығына тоқталды.

Содан кейін келген қонақтар балабақша ауласын аралап, әр топтың ата-аналарымен және тәрбиешілерімен бірлесе атқарған жұмыстарымен танысты. Әрбір топ өзіндік тақырып таңдап, соған сай мазмұнды әрі шығармашылыққа толы көріністер ұсынды.
Бірінші топ “Ұлттық тәрбие — ұлттық құндылық” тақырыбында ұлттық рухтағы көрініс қойды. Балалар әжелерімен бірге құрт жасалуының жолын үйренсе, ал ата-аналар мен тәрбиеленушілер бірлесіп көпшіктен ою-өрнек құрастырып, ұлттық өнердің тамырын танытты.
Екінші топ “Өсімдік әлемі” тақырыбында экологиялық тәрбиеге мән беріп, ата-аналармен бірге жас көшеттер отырғызып, оларды суарды. Бұл шара балаларға табиғатты қорғау мен сүюді үйретудің жарқын үлгісі болды.
Үшінші топтың таңдаған тақырыбы — “Театр әлемі”. Бұл топта балалар, тәрбиешілер және ата-аналар бірігіп театрландырылған қойылымдар қойып, көрермендерге “Алдар көсе” мен “Бауырсақ” ертегілерін сахналады.

Төртінші топ “Сұлулық — барша әлемнің жаршысы” тақырыбында сұлулық пен нәзіктікті паш етті. Аналар қыздарына шаш өріп, сәндік бұйымдар жасап, қыз-келіншектердің қолөнер шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар, бүлдіршіндер ине мен жіп ұстап, қарапайым тігін жұмыстарын орындап көрді. Балалар матадан қуыршақтарға киім тігіп, өз қолдарымен ою-өрнек жапсырып, тігіншілік өнеріне алғашқы қадамдарын жасады. Бұл жұмыс олардың ұқыптылыққа, әсемдікке, еңбекқорлыққа баулу мақсатында ұйымдастырылды.
Бесінші топ “Су асты әлемі” тақырыбында экологиялық танымды дамыту мақсатында балалар қолданыстан қалған заттардан балықтар мен теңіз жануарларын жасап, су асты әлемін бейнеледі. Бұл балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға себеп болды.
Алтыншы топ “Мүсін және сурет” тақырыбында жұмыс істеді. Балалар ата-аналарымен бірігіп, ермексаздан түрлі мүсіндер жасап, өз өнерлері мен қиялдарын ұштастыра білді. Бұл топтың ерекшелігі – шығармашылық бағыттағы терең мазмұны мен кәсіби шеберлікпен өрілген жұмыстары болды.

Атап айтқанда, “Балдырған” тобының ата-анасы, танымал суретші әрі мүсінші, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының және Солтүстік Кипр Суретшілер одағының мүшесі Сарсенбиев Багдат Амирбекович балалармен бірге жұмыс жасап, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға зор үлес қосты. Ол балаларға мүсіндеудің қыр-сырын үйретіп, бейнелеу өнеріне қызығушылығын оятты. Шебердің жетекшілігімен жасалған жұмыстар ерекше креативтілігімен көзге түсіп, қонақтар мен тәрбиешілер тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Іс-шараның бел ортасында музыка залына жиналған қонақтар музыкалық қойылымдарды тамашалады. Балабақшаның музыка жетекшісі “Шулы аспаптармен әуен” ойынын ұйымдастырып, қатысушыларды үш топқа бөліп, балалармен бірге қолданыстан шыққан заттардан музыкалық аспап жасап, оркестр орындауына қатысты. Бұл ерекше қойылым көрермендердің көңілінен шығып, шығармашылыққа қанат бітірді.
Одан кейін сергіту сәті өтіп, қонақтар мен бүлдіршіндер ою-өрнек бейнесін қолдарына алып, би билеп, ерекше көңіл күйде өнер көрсетті.
Іс-шара соңында қадірлі қонақтар сөз алып, өз әсерлерімен бөлісті.

Әуезов ауданы білім бөлімінің әдіскері Ногайсарина Гүлнар Жүнісбекқызы балабақша ұжымының тың идеялары мен ұйымшылдықпен атқарған еңбектеріне жоғары баға беріп, ата-ана мен тәрбиеші арасындағы тығыз байланыстың бала тәрбиесінде алатын орны зор екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде осындай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім білдіріп, №144 бөбекжай-балабақшасының ұжымына шығармашылық табыс пен жемісті еңбек тіледі.
Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының» докторы, профессор Манкеш Ақсәуле Ерженбайқызы бұл іс-шараның тәрбиелік және танымдық маңызын айрықша атап өтті. Ол балабақша қабырғасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау, ата-анамен тығыз байланыста жұмыс жүргізу – бұл бүгінгі білім беру саласының басты бағыты екенін айтты. Сондай-ақ, өзі жетекшілік ететін оқу орны мен аталмыш балабақша арасында қалыптасқан тығыз кәсіби байланысты ерекше атап өтіп, бұл әріптестіктің нәтижесінде білім мен тәжірибе алмасудың тиімді үлгісі жүзеге асып жатқанын қуанышпен жеткізді. Профессор ұжымның кәсіби шеберлігі мен ізденімпаздығына тәнті екенін білдіріп, барша қызметкерлерге сәттілік пен шығармашылық шабыт тіледі.
Қонақтардың жүрекжарды тілектері балабақша ұжымы үшін үлкен қолдау мен жігер сыйлады.
Осындай ауқымды әрі мазмұнды шараны ұйымдастырған №144 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Ахметова Раушан Мешитбаевна , әдіскер Утегенова Салтанат Батырханқызы, тәрбиешілер Умирбаева Бибигуль Нурдаулетовна,Мұқаш Айжан Русланқызы, Караманова Асел Агабековна, Молдагалиева Лилия Кунтугановна, Бекболат Ақтолқын Оразханқызы, Туртанова Дина Алшынбаевна, Мелс Данагүл Нұртасқызы,
Педагог-тәрбиеші: Нуржанова Балзия Бекбергенқызы, педагог-психолог Жумабаева Гулназ Нургисаевна, дене тәрбие нұсқаушысы:Байгалиева Даметер Максутовна, логопед-Сулейменова Урзада Елжанқызы,музыка жетекшісі: Амангельдиева Жансая Исатаевнажәне барлық ұжымға зор алғысымызды білдіреміз. Бала — болашағымыз, ал оны тәрбиелеу — ортақ міндетіміз екенін еске салған бұл шара бәрімізге ерекше әсер қалдырды.
Елназ Тұрсынғали
Білім Айнасы
Алматы қаласы