Home » Жаңалықтар » Гүлдердің ғажайып әлемі

Гүлдердің ғажайып әлемі

Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты КМҚК «№102 бөбекжай-балабақшасында» ерекше мазмұндағы қалалық семинар өтті. «Гүлдер әлемінің әуені» деп аталған бұл іс-шара балабақшада іске асырылып жатқан «Гүлдердің ғажайып әлемі» жобасын енгізу тәжірибесіне арналды.
Семинардың мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық білім беру арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін, қоршаған ортаға жанашырлығын қалыптастыру, сондай-ақ «Гүлдердің ғажайып әлемі» жобасын тәжірибеге енгізудің тиімді жолдарын әріптестермен бөлісу болды.

Аталған жоба аясында бүлдіршіндер гүлдердің сұлулығын тамашалап қана қоймай, олардың атауларын, құрылымын, пайдасын танып, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің маңызын ұғына бастайды. Ерекше назар Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар гүлдерді қорғау тақырыбына аударылды. Балалар тек ақпарат алып қана қоймай, оларды қорғауға өз үлестерін қоса алатынын түсінді.

Семинар барысында тәрбиеленушілерге экологиялық мәдениетті қалыптастырудың заманауи әдіс-тәсілдері ұсынылып, сирек гүлдерге жанашырлықпен қарау, оларды жұлмау, табиғи тепе-теңдікті сақтау секілді құндылықтар насихатталды. Гүлдердің тіршілік үшін маңызын ұғындыру, эстетикалық талғамын дамыту, табиғаттың әрбір бөлшегіне ерекше сезіммен қарауға тәрбиелеу – осы жобаның негізгі ұстанымдары ретінде таныстырылды.
Жалпы, семинардың түпкі мақсаты – өскелең ұрпаққа табиғатты қорғау жауапкершілігін ерте жастан ұғындыру, соның ішінде еліміздің байлығын құрайтын, бірақ жойылып бара жатқан гүлдерді сақтап қалуға үн қосу болды.
Семинарға құрметті қонақ ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, PhD Абитова Г. Т. қатысты. Сонымен қатар, Алматы қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері Туралина Ж. А., Жетісу ауданының мобильді тобы мен әдістемелік қызмет мамандары, қаладағы мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері мен меңгерушілері келді.

Шараның шымылдығын бөбекжай-балабақша басшысы Досалова Назигул Какеновнарың салтанатты құттықтау сөзі ашты. Ол жобаның маңызына тоқталып, қонақтарға шығармашылық шабыт пен танымдық әсер тіледі. Одан кейін әдіскер Бигерестанова Маншук Жетесовна «Гүлдердің ғажайып әлемі» жобасының мақсаты, міндеттері мен кезеңдері туралы презентация ұсынды. Жоба балалардың гүлдер әлеміне деген қызығушылығын арттырып, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге үйрететінін атап өтті.
Семинар барысында ерекше ұйымдастырылған көрме мен практикалық бөлімдер көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Педагог-психолог Рот Наталья Викторовна ұсынған «Қазақстанның Қызыл кітабына енген гүлдер» тақырыбындағы танымдық көрме балалардың экологиялық білімін арттырды. Ал педагог-логопед Жарылкасын Балжан өзінің тәжірибесімен бөлісіп, логопедиялық жұмыстарды гүл тақырыбы арқылы қалай қызықты жүргізуге болатынын көрсетті.
Балалар да бұл шараға ерекше дайындықпен келген. «Солнышко» ересек тобының тәрбиеленушілерімен бірге ұйымдастырылған «Жайқалған гүлдер алаңындағы ойындар» атты ашық ауадағы ойындар сәті баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Тәрбиеші: Ушурова Арзыгуль Махмутовнаға қонақтар риза болды.

Ал «Қызғалдақ» мектепалды даярлық тобы бүлдіршіндерінің қатысуымен өткен «Гүлдердің ғажайып әлемі» атты театрландырылған көрініс – семинардың ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Музыкалық жетекші Алишева Айгуль Алимжановна және тәрбиешілер Шакирова Рисалатхан Аблахатовна мен Жазықбекова Еркем Ерболатқызы бүлдіршіндермен бірге гүл бейнесін сомдап, табиғатқа деген сүйіспеншілікті өнер арқылы көрсете білді.
Семинар аясында қонақтар үшін арнайы шеберлік сағаты ұйымдастырылды. «Ағаштан гүл жасау» атты мастер-класста қатысушылар фанерден түрлі-түсті қызғалдақтар жасап үйренді. Бұл шығармашылық сәтті ұйымдастырған әдіскер Бигерестанова Маншук Жетесовна және тәрбиеші Үрімова Салтанат Кенжебекқызы болды.
Семинар соңында қатысушылар «Тілек гүлі» атты рефлексия сәтінде өз әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Әдіскер Бигерестанова Маншук Жетесовна бұл жобаның балабақша тәрбиесінде маңыздылығын атап өтіп, әріптестерін гүлдер әлемін балаларға танытуда креативті идеялармен шабыттандырды.
Қорыта айтқанда, «Гүлдер әлемінің әуені» атты бұл қалалық семинар жоғары деңгейде өтіп, өз мақсатына толық жетті. Балабақша іші ертегі әлеміндей безендіріліп, қатысушыларды гүлдердің хош иісті, түрлі-түсті, нәзік әлеміне жетеледі. Мұндай жобалар жас ұрпақтың табиғатты аялай білуіне, шығармашылығын дамытуға үлкен әсерін тигізері сөзсіз.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.