
Мусагулова Салтанат Болгановна,
Алматы қаласы
№ 44 мектеп- гимназия КММ
директоры
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде оқушының функционалдық сауаттылығы, соның ішінде оқу сауаттылығы мен математикалық ойлау қабілеті басты назарда. Бастауыш сынып — бұл іргетас қаланатын маңызды кезең, сондықтан оқушылардың мәтінмен жұмыс істеу және оны математикалық есепке айналдыру қабілеті олардың болашақтағы академиялық жетістігіне әсер етеді.
Бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын дамыту арқылы математикалық мәселе есептерді шешу дағдыларын қалыптастыру мәселесі- өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Мәселені зерттеу барысында оқу мен түсіну, мәтінді талдау және логикалық ойлау қабілеттерінің өзара байланысы талданып, тиімді әдістемелік тәсілдер ұсынылғаны жөн. Осы тақырыпта мектеп командасы жүйелі де нәтижелі жұмыс атқарып, «Оқып түсін, есептеп шеш» тақырыбында жоба жұмысын жүргізді. Жобаның мақсаты, оқу сауаттылығын дамыту арқылы бастауыш сынып оқушыларын мәтіндегі негізгі ойды түсініп, мәселе есептерді шығаруға дағдыландыру. Мәндеттерін төмендегідей айқындадық:
1. Бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығы мен математикалық дағдылары арасындағы байланысты анықтау;
2. Мәтіндік есептерді шешу барысында кездесетін қиындықтарды талдау;
3. Оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған тиімді әдістерді ұсыну.
Оқушылар мен мұғалімдерден, ата- аналардан кіріс және шығыс сауалнама алынып, мониторинг жасалды. Маематика, әдебиеттік оқу мен қазақ тілі сабақтарына қатысып, талдау жұмыстары жүргізілді. Сабақта білімалушылардың диагностикалық тапсырмалар арқылы біліктілік деңгейі анықталып, мұғалімге әдістемелік көмек көрсетілді. Контент-анализ және салыстырмалы талдаулар жүргізілді.
1. Оқу сауаттылығы және математикалық ойлаудың байланысы нақтфланды, мұғалімге Алгоритм ұсынылды.
Оқу сауаттылығы – бұл тек оқи алу ғана емес, сонымен қатар мәтінді түсіну, мағынасына терең үңілу, тұжырым жасау қабілеті. Мәселе есептерде бұл қабілет шешуші рөл атқарады, себебі есептің шартын дұрыс ұғыну — оның шешімін табудағы алғашқы қадам.
2. Бастауыш сынып мұғалімдерімен мәселе есептерді түсіну қиындықтары талқыланып, білімалушыларда кездесетін төмендегідей қиындықтар да анықталды:
Мәтінді толық оқымайды немесе түсінбейді;
Есептің шартын ажырата алмайды;
Сандар мен амалдарды сәйкес келтіре алмайды;
Логикалық ой қорытынды жасай алмайды.
3. Оқу сауаттылығын дамыту әдістерін тиімді қолдану маңызды. Соның ішінде -мәтіндік есептерді драматизациялау арқылы есеп мазмұнын сахналай отырып, балалардың есте сақтау және түсіну қабілетін дамыту;
Кесте мен сызбалар арқылы жұмыс жасау, көрнекілік арқылы мәліметті жүйелеу;
Диалогтік оқыту арқылы оқушы мен мұғалімнің немесе оқушы мен оқушының өзара пікір алмасуы;
Жазбаша және ауызша түсіндіру тапсырмаларын қолдану, есепті шығару ғана емес, шешу жолын түсіндіру арқылы оқу және математикалық дағдыларды бір уақытта дамыту.
Команда жұмысы арқылы сыныптағы оқу сауаттылығы жүйелі түрде артып, мәселе есептерді шешу деңгейі 30–40%-ға жоғарылағаны байқалды. Оқушылар есепті түсініп, оны өз сөзімен айтып бере алу қабілеттерін жетілдірді.
Қорытындылай келе, командамен жұмыс жасау арқылы кез- келген мәселенің түйінін шешіп, нәтижеге жетуге болатынына көз жеткізіп отырмын. Сонымен, бастауыш сынып оқушыларын мәселе есептерді шығаруға үйретуде оқу сауаттылығы басты құрал бола алады. Егер оқушы мәтінді дұрыс оқып, түсіне алса, ол есепті де сәтті шеше алады. Сондықтан математика сабағында тілдік дағдыларды дамыту, мәтінді талдауға үйрету – маңызды бағыттардың бірі болуы тиіс. Командамен жұмысты мектеп мәдениетіне айналдыру- мектеп ішіндегі ынтымақтастық, кәсіби қоғамдастық, сенім мен ортақ жауапкершілікке негізделгген орта қалыптастыруда таптырмайтын құрал.