Алматы қаласы, Әуезов ауданында орналасқан «Сөйлеу тілі зақымдалған түзету үлгісіндегі №111 бөбекжай-балабақшасында» ерекше жобаның қорытындысы ретінде қалалық семинар ұйымдастырылды. Тақырыбы – «Мен қозғаламын. Ойнаймын. Оқимын». Семинардың басты мақсаты – жыл бойы жүзеге асырылған жобаның нәтижесін саралап, тәжірибе алмасу арқылы арнайы білім беру саласындағы озық әдістерді көпшілікпен бөлісу.
Семинар шымылдығы балабақша меңгерушісі Тұрысбаева Айнаш Сыргабековнаның жүрекжарды, шынайы алғысөзімен ашылды. Ұжым жұмысының мазмұны мен маңызын айқын сездірген бұл сөзден кейін әдіскер М.М.Мыңжанова семинардың құрылымы мен мақсат-міндеттерін таныстырып өтті.

Осы орайда семинарға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері – Туралина Жанар Анварбековна,Алматы қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының меңгерушілері мен педагогтері болды.
Күн тәртібінде маңызды тақырыптар мен практикалық сабақтар ұсынылды.
Семинардың негізгі тұғыры – «Мен қозғаламын. Ойнаймын. Оқимын» жобасының қорытындысы болды. Жобаның мазмұны мен жүзеге асу барысын балабақшаның логопеді, педагог-сарапшы, педагогика ғылымдарының магистрі
Шотыбаева Л. А. мазмұнды баяндама арқылы көпшілікке ұсынды. Баяндамада әрбір баланың ерекшелігіне қарай бағытталған әдіс-тәсілдер, тілдік дамуды қолдаудағы жаңашыл жолдар кеңінен айтылды.

Семинар барысында балабақша педагогтері ұйымдастырылған оқу қызметтерін көрсетті. Солардың бірі – «Ұнмен тәжірибелер» сабағы. Бұл сабақта ересек топтың балалары түрлі сенсорлық және ұсақ моториканы дамытатын жаттығуларды орындады. Сабақты жүргізген мұғалім-модератор Бобко Т. балалардың қызығушылығы мен белсенділігін жоғары деңгейде оята білді.
Одан кейін мектепалды даярлық тобының қатысуымен ұйымдастырылған «Эбру техникасында сурет салу» сабағы өтті. Бұл ерекше өнер түрі балалардың қиялы мен шығармашылығын дамытатын тиімді әдіс ретінде көрініс тапты. Сабақты жүргізген тәрбиеші, педагог-зерттеуші Аляева М. Б. бала бойындағы ішкі сезімді бояу мен су арқылы жеткізуге мүмкіндік берді.
Семинар аясында логопед мамандардың да кәсіби шеберліктері кеңінен көрсетілді. «Ақылды айна» логопедтің жеке сабағы ересек топтың балаларына арналған және оны педагог-зерттеуші Назарова Н. А. жүргізді. Сабақ барысында баланың сөйлеуін түзетуде интерактивті әдістер мен ойын элементтерінің тиімділігі анық байқалды.

Сол секілді логопед Құсайынова Ж. У. «Логопедиялық сабақтарда интерактивті жабдықты қолдану – Логомер» атты жеке сабақ өткізді. Мектепалды даярлық тобындағы балалардың логопедиялық жаттығуларды үлкен қызығушылықпен орындағаны, құрылғының тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Арнайы педагог Кульярова Г. С. «Танымдық процестерді дамыту» тақырыбында жеке сабақ ұйымдастырып, баланың ойлау, есте сақтау және зейін дағдыларын дамытуда қандай әдістер қолдану қажет екенін нақты көрсетті.
Балалардың қимыл белсенділігі де назардан тыс қалмады. Дене шынықтыру педагогі, педагог-модератор Мұстафина Д. С. АДШ (арнайы дене шынықтыру) элементтерімен жаттығулар мен ойындар жүргізіп, баланың денсаулық пен моториканы дамытудың маңызын көрсетті.

Семинар соңында педагог-психолог, педагог-модератор Иванова В. С. және музыка пәнінің жетекшісі Чаикова Д. И. педагогтармен «Мен дамимын» атты тренинг өткізді. Бұл тренинг мамандардың кәсіби дамуына мотивация беріп, ішкі ресурстарын тануға көмектесті.
Семинар соңында пікір алмасу, сұрақ-жауап кезеңі ұйымдастырылып, қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті. Көпшіліктің айтуынша, №111 бөбекжай-балабақшасының ұжымы – кәсіби білікті, шығармашыл және өз ісіне жанашыр мамандардан құралған нағыз шеберлер ортасы екені анық сезілді.
«Сөйлеу тілі зақымдалған түзету үлгісіндегі №111 бөбекжай-балабақшасы» – өз ісіне адал, ерекше мейірім мен жан жылуын қажет ететін балалармен жұмыс істейтін бірегей мекеме. Мұндағы әрбір педагог – жай ғана ұстаз емес, әр баланың жан дүниесіне терең бойлай алатын жүрек иесі. Бұл семинар – олардың кәсіби біліктілігін, жаңашыл әдістерін, шынайы адалдығын дәлелдеген тағы бір жарқын мысал болды. Ұжымның ұйымшылдығы, өзара түсіністігі мен жоғары деңгейдегі кәсібилігі осы ерекше балалардың жарқын болашағына жол ашып отырғаны сөзсіз.
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы