Баланың жеке құндылығын арттыру тынымсыз еңбек, жауапкершілігі басым, сапалы нәтижеге жетуді көздеген ұстаздың ғана қолынан келеді… «Ізденіс, еңбек, талпыныс – жетістік кілті» тауып айтылған сөздің жүзеге асқан жерін көрдім. Осыдан төрт жыл бұрын ұлттық құндылықтармен сусындаған саналы ұрпақты тәрбиелеуде үлгі болған ұжымның қолөнер жұмысын көріп сүйсінген едім…
Астана қаласы әкімдігінің №44 «Үркер» балабақшасы бала қызығушылығын дөп басып, күткен нәтижеге талпына білетін, ата анамен сыйластық, түсіністік орната білген, береке бірлікте ойға алған мақсатқа жете алатын жан-жақты педагогтардың ортасы. Әрине, бастамаға ұйықты бола білген тыңғылықты дайындықты талап етіп, үнемі ізденіс пен дамуға мүмкіндік жасай білетін білікті басшы Сарсебаева Жанерке Абылайхановнаның орны бір төбе.

Мамыр айының 14 жұлдызы сәрсенбінің сәтті күні қаладағы мемлекеттік балабақша меңгерушілерімен педагогтарының басын қосқан қалалық семинар өтті. Тың тақырып. «Балалардың инженерлік ойлауы мен зерттеушілік дағдыларын ойын арқылы дамыту» аясында жасалған жұмыстарын көрсетті. «Мектепке дейінгі ұйымдарда ойын арқылы балалардың шығармашылық, зерттеушілік және инженерлік ойлау қабілеттерін дамытудың тиімді тәсілдерін анықтау және педагогтармен іс-тәжірибе алмасуды» мақсат еткен семинар тақырыптан ауытқымай, ешбір үзіліссіз, жоғары дайындықпен ұйымдастырылған.
Балабақшаның айқара ашылған кең дәлізі «Үркер жұлдызы» логикалық ойындар әлемімен толып тұр. Тәрбиеші Орынбекова Мадина Орынбасаровнаның таныстырымы келушілерге семинардың мәнін ұғындырғандай болды. Би, музыка жетекшілері Коргашова Дана Казбековна, Болыспаева Ақерке Адильжанқызы, Қайырбекова Назерке Болатбекқызының шәкірттері орындаған би арайлы таңға шабыт сыйлады. Жарқыраған костюм көздің жауын алады. Балаландардың өнеріне айтар сөз жоқ .

Алғашқы сөзді балабақша меңгерушісі Сарсебаева Жанерке Абылайхановна алып екі жылдан бері жүйелі жұмыс жасаған тақырып аясындағы ақпаратпен бөлісті.
-Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру жүйесінде балалардың ойлау, зерттеу, шығармашылық қабілеттерімен сыни ойлауын дамыту – басым бағыттардың бірі. Осы тұрғыда біздің балабақшада инженерлік ойлау мен зерттеу дағдыларын ойын арқылы дамытуға бағытталған эксперименталдық алаң құрылған.
Бұл бағыттағы жұмысты бастамас бұрын, біз балабақша ұжымы ретінде SWOT-талдау жүргізіп, өз мүмкіндіктеріміз бен шектеулерімізді сараладық. Осы талдау нәтижесінде педагогикалық ұжымымыздың шығармашылық әлеуеті, ынтымақтастығы және жаңашылдыққа бейімділігі біздің басты күшіміз болды. Осыған сүйене отырып, авторлық ойындар кейсін жасау идеясы туындады.

Ұжымдық жұмыс нәтижесінде балалардың танымдық, зияткерлік, әлеуметтік, коммуникативтік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған 15-ке жуық авторлық ойындар кейсі әзірленді. Бұл кейстердің ішінде мысалы, «Интеллектуалды асық», «Көңілді саяхат», «Сиқырлы алаң», «Менің алғашқы дыбысым», «Жұлдызды алаң», «Мамандықтар әлемі», «Орманға саяхат», «Логопедиялық тақтайша» сияқты ойындар балалардың логикалық ойлауын, тілдік және коммуникативтік дағдыларын, тәжірибе арқылы үйренуін, топпен әрекет ету қабілеттерін дамытты. Жасалған жұмыстың тиімділігін, балалар мен педагогтар тарапынан жоғары қызығушылық пен нәтижелілікті байқаған соң, біз осы бағытты ресми түрде эксперименталдық алаң ретінде жалғастыру туралы шешім қабылдадық. 2023 — 2027 жылдар аралығында «Балалардың инженерлік ойлауы мен зерттеушілік дағдыларын ойын арқылы дамыту» бағытында эксперименттік алаң аясындағы инновациялық жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Инженерлік ойлау мен зерттеу дағдыларын қалыптастыру – болашақта техникалық және ғылыми сауатты тұлға қалыптастырудың негізі болмақ.

Қорыта айтқанда, балабақшадағы эксперименталдық алаң жұмысы балалардың инженерлік ойлауы мен зерттеушілік қабілеттерін ойын негізінде тиімді дамытуға болатынын көрсетті. Ойын – шығармашылық пен танымның тоғысқан тұсы. Ал біз сол тоғыста болашақ инженерлер мен зерттеушілердің алғашқы қадамын қалыптастырып келеміз. Бұл тәсіл болашақ ұрпақты ғылым мен техника әлеміне қызығушылықпен баулуға берік негіз бола алады,- деп сөзін қортындылады.
Тағы бір тәнті болар дүние ұжым үнемі мектепке дейінгі білім беру саласының білікті мамандарынан кеңес алып отырады. Келесі сөзді А.Қ.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты педагогика және тарих кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақжарқын Бадел алып «Балалардың инженерлік ойлауы мен зерттеу қабілетін дамытуды әдістемелік негіздері» тақырыбында баяндама жасады.
Бүгінде мектеп жасына дейінгі балалардың дамуына баса назар аударылып, инновациялық технолдогиялар мен оқытудың белсенді әдістері кең түрде зерттеліп, қолданылып келеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың инженерлік ойлауы мен зерттеу қабілетін дамытудың әдістемелік негіздері – бұл баланың шығармашылық және танымдық әлеуетін ашуға бағытталған педагогикалық жүйе. Бұл бағыттағы жұмыс баланы ерте жастан қоршаған ортаны тануға, кез-келген мәселелерді шешуге, логикалық және сыни ойлауын дамытуға бағытталады,-дей келе аталмыш тақырыптың өзектілігі мен жұмыс жасап отырған педагогтардың ізденісіне ризашылығын білдірді. Сөз тізгінін балабақша әдіскері Камза Гульназ Бакибайқызы алып «Балабақшада инженерлік ойлау мен зерттеушілік дағдыларды дамыту жолдары» тақырыбында түсіндірді.

Қазіргі қоғамда технология мен ғылымның дамуына байланысты мектепке дейінгі білім беруде балалардың инженерлік ойлау қабілетін дамыту өзекті мәселелердің біріне айналды. Инженерлік ойлау – бұл логикалық, техникалық және шығармашылық тұрғыдан ойлау қабілеті. Сонымен қатар, зерттеушілік дағдылар арқылы балалар әлемді танып, сұрақ қою, себеп-салдарлық байланыстарды табу, тәжірибе жасау сияқты маңызды іскерліктерді меңгереді. Бұл қасиеттер баланың болашақта ғылым мен техника саласында табысты болуына негіз болады.
Инженерлік ойлау дегеніміз не?, Зерттеушілік дағдылардың маңыздылығы, Педагогтің рөліне тоқталды.
«Балабақшада инженерлік ойлау мен зерттеушілік дағдыларды дамыту – болашақтың жаңашыл, ойлы және техникалық сауатты ұрпағын тәрбиелеудің негізі. Баланың еркін ойлауына, тәжірибе жасауына және техникалық шешім табуына мүмкіндік беру арқылы біз олардың өмірлік дағдыларын қалыптастырамыз. Педагог ретінде біздің міндет – осы бағытта жүйелі, қызықты және балаға түсінікті орта қалыптастыру» деді.
Семинардың негізгі бөлімі «Инженерлер мекені» шебер сынып басталды. Ортаға тәрбиеші Отызбекова Айнур Мухамедкаримовна, тәрбиеленушілері Жусупов Нурислам, Жанабаев Ернияз, Серикбаев Муслиммен бірге «жүйрік арба» көлік түрін жасап көрсетті.
Балалардың техникаға қызығушылығын арттыру, қарапайым көлік түрін (арба) құрастыру арқылы шығармашылық және қол моторикасын дамыту, топпен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру мақсаты орындалды. Нұсқау мен көмексіз ақ балалардың өздері жасаған жұмысқа отырған жұрт дән риза. Тәрбиеші Смаилова Жайна Кадылбековна тәрбиеленеушілер Бейбіт Ясмин Алишерқызы, Жарқынқызы Асылым, Кенжебекова Айлин Азаматовнамен бірге «Ағаш конструктордан құрастырылған орындық» жасады. Күнделікті қолдануға жарамды, экологиялық таза, құрастыру арқылы үйренуге болатын орындық жасау.Сонымен қатар инженерлік ойлау қабілеті, дәлдік пен шығармашылықты дамыту.
Жетекші Утегенова Айгерим Омырбековнамен бірге Майдан Сұлтан, Жанархан Сезім ағаштан жасалған механикалық көлік құрастырды.
Балаларға механикалық құрылымдардың қалай жұмыс істейтінін көрсету, қозғалыс шығармашылық, логикалық ойлауларын дамыту мақсаты орындалды.
Келесі кезекте «Көлік зауытына саяхат» ұйымдастырылған іс-әрекетте балалардың ойын ашық айтуы, алған әсерімен бөлісуі қатар жүрді.
Балалардың көлік түрлері туралы түсініктерін кеңейту, көлік жасаудың қарапайым кезеңдерімен таныстыру, инженерлік ойлау қабілетін дамыту, шығармашылыққа баулу және қоршаған ортаға қызығушылығын арттыру мақсатында өткізген іс әрекетте «Гүлдер» мектепалды тобының тәрбиешілері Сарыбаева Гулжамал Ускеновна, Отызбекова Айнур Мухамедкаримовна және тәрбиеленушілері Султан Санжар, Мухаметали Ислам, Жусупов Нурислам,Тимурова Медина, Жакен Айару, Ерлан Аян тамаша жұмыс көрсетті.
Семинардың шырқау шегі «Бірге жасаймыз»ата-аналар шеберханасы болды. Әке мен анасының қасында бірге жасаған жұмыстарын таныстырған балалардың бойындағы еркіндік пен еркелік баласына қарап тамсанған әке мен ананың мейірімді жүзі жылы ұяға шуақ шашқандай. Міне, нағыз шеберлік. Ортақ жұмыс жасай алу бала болашағына бірлесе үн қосу. Бүгінгінің осал тұсын толтырғандай болды. Шынайы қарым қатынас орната алған ортадан қалай айналмасқа. Көңіл марқайып, жүз жадырады. Әкелердің шеберлігінде шек жоқ…
Жанұзақ Жомарт Ерболатұлы, әкесі Мешитбаев Ерболат Жанузаковичпен кран моделін, Мухаметали Ислам Ержанұлы, анасы Жумабекова Арай Еркеновнамен ұшақ моделі, Сұлтан Санжар, анасы Турсунова Жансая Арманқызымен көпір моделін, Ербол Айша Даниярқызы әкесі Базарбек Данияр Ерболұлымен жүретін робот, Талғат Диляра Даниярқызы әкесі Кудабаев Данияр Талгатович метро вагон моделін қалай жасалғанын түсіндіріп, жүргізіп көрсеткенде қол соқпаған жұрт қалмады.
Тәтті жүргізушілер Майдан Сұлтан, Ержанова Дария Ерболатқызының қойған сұрақтары мен еркеліктері сүйсіндірді.
«Ойын арқылы дамимын» көрме балабақша дәлізінде ұйымдастырылған. Қаздай тізілген педагогтар ақ жейде, қара белдемшеде, қасында бантиктері желбіреп, формада киінген шәкірттері бар қандай жарасымды….
Тәрбиеші: Мунарбай Ахылия шәкірті Базарқұл Әдиямен » Үстел шамы» жасаған.
Жоба мақсаты:Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, тұрмыста жиі кездесетін қарапайым материалдарды (картон, қағаз, желім, т.б.) қолданып, үстел шамының макетін жасау. Бұл арқылы балаларды үнемшілдікке, қолөнерге қызығушылықпен қарауға және экологиялық сананы қалыптастыруға тәрбиелеу.
Бағдәулет Айназ Жандосқызы, жетекшісі Айдарханова Эльмира Алтаевнамен «Су қуатымен қозғалатын модель» (Сумен жүретін көлік) жасаған.
Мақсаты: Судың ағысын пайдалана отырып, қозғалысты қамтамасыз ететін экологиялық таза модель жасау. Балаларды шығармашылыққа баулу;
Балалар аттракционы- айналмалы дөңгелек макетін Утегенова Айгерим Омырбековна, шәкірті Ноғайбаева Мариям Медетқызымен жасаған.
Мақсаты: Инженерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиеші Жусипбекова Шынар Бахитжановна, Кенжегали Амира Асылбекқызымен «Қозғалмалы би билейтін балерина» макетін көрсетті.
Мақсаты: Балаларға шығармашылық қабілеттерін дамыту, қарапайым механизмдер арқылы қозғалысты модельдеу, күнделікті тұрмыста қолжетімді материалдарды пайдалана отырып қолөнер жасау.
Тәрбиеші Елжасова Маржан Аскарбековна, Бахтияров Даниль Болатұлымен
«Шардың саяхаты» тақырыбында жұмыс жасаған.
Мақсаты:Балаларға тартылыс күші, қозғалыс бағыты және траектория ұғымдарын түсіндіру. Шығармашылық пен инженерлік ойлау қабілетін дамыту. Өзі жасаған құрылғы арқылы ойнау арқылы білім алу.
«Шар жолы: Қозғалыс пен тепе-теңдік ойыны»
Баланың ұсақ моторикасын және көз-қол үйлесімділігін дамыту.
Қозғалыс бағытын түсіну және байқағыштықты арттыру.
Қарапайым физика заңдылықтарымен (ауырлық күші, көлбеу жазықтық) таныстыру.
Тәрбиеші Алдаберген Қадиша Алдабергенқызы шәкірті Әділхан Мардан Нұрсұлтанұлымен “Резеңке қуатымен қозғалатын шағын көлік” жасаған.
Мақсаты: Күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым заттарды пайдалана отырып, қозғалтқышсыз көлік моделін құрау. Балаларға механикалық энергия мен резеңкенің серпімді күші арқылы қозғалысты түсіндіру.
Тәрбиеші Казбекова Назира Ермековна тәрбиеленуші Омаргалиева Айбиба Жомартқызымен «Айналмалы естелік дөңгелігі»- фотосуреттерге арналған декоративті стенд жасаған.
Мақсаты: Балалар мен ата-аналарды шығармашылыққа баулу, қайта өңделетін материалдардан эстетикалық мәні бар бұйымдар жасауға үйрету. Залға оралған педагогтар семинар соңында алғыстарын жаудырды. «Білмегенімді түртіп жазып алдым. Көргенімді қайталап жасаймын» деген сөзге барлығы сыйып кеткендей. Педагог шығармашыл, жан-жақты білімді, мейірімді әрі жанашыр болса, кәсіби шебер, ізденімпаздық қасиеті басым болса демек Егемен елдің әлеуетін көтерер ұрпақ сол ұядан ұшар. Бір сөзбен айтқанда баланы тәлім мен тәрбиеге қатар баулып ойлауға үйретіп, шеберлікке баулып, еркін сөйлеуге дағдыландырып, жауапкершілікке тәрбиелей білген «Үркер» ұжымына «жарайсыздар!» дегеннен басқа айтарым жоқ.
Әлия Ғалымбекқызы,
Астана қаласы ,
Білім айнасы