Home » Жаңалықтар » Алаштың айбыны – Бауыржан

Алаштың айбыны – Бауыржан

«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды».
– Бауыржан Момышұлы

Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты №159 бөбекжай-балабақшасында ел қорғаған ерлердің рухын дәріптейтін тағылымы мол қалалық семинар өтті. «Алаштың айбыны – Бауыржан» тақырыбында ұйымдастырылған бұл басқосу – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір парасы. Семинар аясында Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі мен ерлігін негізге ала отырып, балабақша педагогтері мен әдіскерлердің кәсіби шеберліктері, шығармашылық ізденістері айқын көрінді.

Семинар жұмысына Әуезов аудандық №62, 158, 159 бөбекжай-балабақшаларының педагогтері белсене қатысты. Шара шымылдығы №159 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қалижанова Данар Маратқызының алғы сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Бауыржан Момышұлының ел тарихындағы орны, жастарға үлгі боларлық болмысы, соғыс жылдарындағы қайсар мінезі мен отаншыл рухын ерекше атап өтті.
Семинардың мазмұнын байыта түскен «Ер есімі – ел есінде» атты көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Онда батырдың өмір жолы, еңбектері, фотосуреттер мен нақыл сөздері көркем безендіріліп қойылған.
Шара барысында №62 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Пайзуллаева Қуанышкуль Жанабайқызы тебіреніспен «Ұшқан ұя» монологын оқыды. Ал №159 бөбекжай-балабақшасының психологы Орынбаева Гульнура Есимовна сахналық қойылым ретінде «Жұбайының Б.Момышұлына жазған хаты» көрінісін әсерлі жеткізді. Бұл көрініс – батырдың адами қырын, отбасына деген құрметін, махаббатын паш еткен тұщымды туынды болды.
Семинардың рухын көтеріп, ерекше әсер қалдырған «Бауыржан батыр» әнін №159 бөбекжай-балабақшасының педагогтері хормен орындады. Шынайы көңілден шырқалған ән жиналған жұртты бір сәт өткенге жетелеп, батыр рухына деген ілтипатты тереңдете түсті.

Бауыржан Момышұлының нақыл сөздеріне арналған әдеби композицияда бірнеше балабақша ұжымы бірлесе өнер көрсетті:
№158 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Шепетова Гулия Мусаевна, тәрбиешісі Калдыбаева Акмарал Жолдасбековна және №159 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Кулембекова Айгуль Оразхановна – батырдың ұлтқа бағыттаған өсиеттерін нақышына келтіре оқыды.
Семинар соңында қатысушылармен викториналық сұрақ-жауап өткізіліп, Бауыржан Момышұлы туралы тарихи деректерді тиянақтау мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ №159 бөбекжай-балабақшасының психологы Орынбаева Гульнура Есимовна ұйымдастырған «Бірлік жолы» атты тренинг қонақтар арасында жылы қарым-қатынас орнатып, ұжымдық рухты арттырды.
Семинарда ерекше аталып өтуге лайық жайт – бұл №159 бөбекжай-балабақшасының ұйымшыл ұжымы.
Мұндай мазмұнды іс-шараның өтуіне мұрындық болған №159 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қалижанова Данар Маратқызы мен ұжымы тағы бір тағылымды шарамен көптің көңілінен шықты.
Заманауи талапқа сай, ұлттық құндылыққа негізделген жұмыстарымен ерекшеленетін бұл балабақшада әрбір шара тәрбиелік мәнімен дараланып тұрады.
Семинар соңында келген қонақтар алғыс айтып, мұндай мазмұнды, тәрбиелік мәні зор шаралардың жиі өтіп тұруы қажеттігін айтты. «Алаштың айбыны – Бауыржан» атты тағылымды шараның мәні – ұлт батырын ұлықтау ғана емес, сол ерлікті ұрпақ санасына сіңіру екені сөзсіз.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.