Алматы қаласы Алмалы ауданы №11 бөбекжай-балабақшасында мектепке дейінгі ұйымдар арасында ерекше форматта өткен «Жарық пен көлеңке әлемі» атты қалалық семинар педагогтер үшін шабыт пен тәжірибе алмасуға толы орта болды.

Семинар балабақша меңгерушісі, жоба жетекшісі Тохтамбетова Әигерім Ғалымқызының алғысөзімен ашылды. Меңгеруші бұл жобаның мақсат-міндеттеріне тоқталып, жиналған қонақтарды жобаның арнайы сайт мазмұнымен таныстырды. Цифрлық платформа ретінде құрылған сайт – педагогтерге әдістемелік көмекші, ата-аналарға бала жетістігін бақылау құралы ретінде ұсынылды.
Семинар жұмысы тәжірибелік алаңдарға жалғасып, алғаш болып «Жасанды жарық көздеріне арналған тәжірибелік шығармашылық алаң» таныстырылды. Бұл бағытта тәрбиеші Толеуова Майра интерактивті шеберлік алаңын жүргізіп, жарықтың түсуі арқылы сурет көлеңкесіне суреттер салынды. Бұл балалардың ойлау және шығармашылық қабілетін дамытады.

Тәрбиеленушілер өз өнерлерін де паш етті. Олар «Жыл басына таласқан хайуанаттар» атты халық ертегісі негізінде қойылған көлеңкелі театр қойылымын қойды. Тәрбиеленушілер сенімді, эмоцияға толы, жаттыққан қозғалыстарымен көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Бұл – олардың тәрбиелену сапасы мен педагогтардың кәсіби деңгейінің айқын көрінісі.
Келесі бөлім – «Жарықтың ғажайып әлемі» атты шеберлік сабағы болды. Оны бірлескен жоба жетекшісі Мынжасарова Зауре Казнабаевна өткізді. Қонақтар жарықтың көмегімен түрлі визуалды эффектілер жасады.
Музыка жетекшісі Сариева Светлана Раисовна ұйымдастырған «Хайуанаттар әлемі» көлеңкелі көрінісі де семинардың шоқтығы биік сәттерінің бірі болды. Музыкамен көркемделген сахналық қойылым эстетикалық тәрбие мен сахна мәдениетінің үндестігін көрсетті.

Семинардың соңғы бөлімі – табиғи жарық көздеріне арналған тәжірибелік алаң болды. Бұл бағытта тәрбиешілер Нильташева Меруерт Сайлаубековна, Бакиева Хамиля Абзиевна және Толеуова Майра өздерінің танымдық-зерттеушілік бағыттағы жұмыстарын ұсынды. Табиғи жарықты қолдану арқылы балалардың зерттеушілік дағдысын қалыптастыру жолдары тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан жоғары баға беріліп, кері байланыста жоба мазмұны, балалардың дайындық деңгейі және педагогтердің шеберлігі ерекше аталды. Ұжымдық жұмыс – табысты семинардың кепілі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қорытындылай келе, «Жарық пен көлеңке әлемі» қалалық семинары – шығармашылық, ізденіс және кәсібилік үйлескен жоғары деңгейдегі шара болды. №11 бөбекжай-балабақшасының ұжымы бұл жобаны ерекше жауапкершілікпен дайындап, шын мәнінде кәсіби алаң ұйымдастыра білді.
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы