Home » Жаңалықтар » Ата-анамен қарым қатынастың заманауи тәсілдер

Ата-анамен қарым қатынастың заманауи тәсілдер

Алматы қаласы, Жетісу ауданы, ҚМҚК Nº94 бөбекжай-балабақшасында “Ата-анамен қарым қатынастың заманауи тәсілдері” тақырыбында қалалық семинар өтті.
Іс-шараның шымылдығын балабақша меңгерушісі Абизова Жанаргуль Жармухаметовна ашып, жиналған қонақтарға жылы лебізін білдіріп, семинардың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде ата-анамен серіктестік орнатудың бала тәрбиесіндегі рөліне ерекше мән беріп, бұл бағыттағы тың тәсілдермен бөлісудің қажеттілігін атап өтті.
Семинар аясында балабақша тәрбиешісі негізгі баяндаманы ұсынып, «Ата-анамен қарым-қатынастың заманауи тәсілдері» тақырыбын кеңінен талқылады. Тәрбиеші заманауи технологиялар, байланыс құралдары мен әлеуметтік желілерді тиімді қолдану арқылы ата-анамен сенімді байланыс орнатудың жолдарын түсіндіріп, қатысушыларды презентация арқылы көрнекі ақпаратпен таныстырды.
Іс-шараның ең әсерлі бөлігі — балабақша психологі өткізген психологиялық тренинг болды. Психолог «Ата-аналармен тиімді коммуникация: чаттарда жанжалсыз қарым-қатынас және балабақшаға бейімделуге қолдау көрсету» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, практикалық бөлімге ұштастырды.

Тренинг барысында қатысушылар ортаға шақырылып, қолдарына арнайы дайындалған қағаздар ұсынылды. Бұл қағаздарда түрлі психологиялық жағдаяттық сұрақтар жазылған болатын. Қонақтар сол сұрақтарға өз көзқарастарын білдіріп, жағдаяттан шығу жолдарын талқылады. Кейінірек, қатысушыларға тәрбиеші Шваб Евгения Викторовна «✅» және «❌» таңбалары бар эмблемалар таратты. Жағдаяттық сұрақтар қойылып, келіссе ✅, келіспесе — ❌таңбасын көтеріп, пікірлерін білдірді.
Бұл әдіс семинар қатысушыларына ерекше әсер қалдырды. Қонақтар белсенділік танытып, балаша қуанып, өзара пікір алмасып, көңілді, әрі мазмұнды уақыт өткізді. Тренинг шынайы қарым-қатынасқа, ашықтыққа, тың идеяларға жол ашты.
Семинар барысында QR код арқылы ойындар ойнатылып, келген қонақтар заманауи технологиялармен қызықты әрі пайдалы уақыт өткізді. Әр QR кодтың астында танымдық тапсырмалар мен интерактивті ойындар жасырылған. Қонақтар оны үлкен қызығушылықпен орындады.
Сонымен қатар, ата-аналарға арналған “Ток шоу” форматындағы кездесу өтті. Бұл форматтың ерекшелігі — QR код арқылы ақпарат алу мүмкіндігі болды. Қатысушылар смартфондарын пайдалана отырып, педагогтар мен психологтар дайындаған кеңестерге, бейнежазбаларға және әдістемелік материалдарға оңай қол жеткізе алды. Бұл – ата-анамен жұмыстың заманауи, тиімді әрі қолжетімді тәсілі ретінде жоғары бағаланды.
Семинардың ерекше тұсы — интервью форматындағы ойын болды. Балалар өздерін еркін сезініп, түрлі сұрақтарға жауап беріп, кейде тіпті сұрақ қойып та үлгерді. Бұл олардың тіл байлығын, өзіндік пікір білдіру қабілетін арттырды. Еркін әрі ойын түрінде өткен бұл бөлім балалардың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттырды.

Сондай-ақ, ата-аналар «Бала рөлінде бір күн» атты тәжірибелік бөлімге қатысып, балабақша өмірін ішінен сезініп көрді. Баласының күн тәртібімен танысқан ата-аналар бір күнге болса да баланың көзімен қарап, тәрбиешінің еңбегін түсіне білді. Бұл тәжірибе ата-ана мен балабақша арасындағы сенімді нығайтты.

QR код арқылы білім беру мен тәрбиелеу — заманауи балабақшаның басты ерекшеліктерінің бірі. Интерактивті ойындар, ток-шоулар, ашық тренингтер мен ата-ананы ортақ процеске тарту — барлығы баланың тұлға ретінде жан-жақты дамуына бағытталған.№94 бөбекжай-балабақшасының бұл бастамасы — білім мен тәрбиенің жаңа белеске шыққанын айқын көрсетеді.
Іс-шараның соңында қонақтармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын еркін жеткізді. Ата-аналар мен әріптес педагогтар заманауи тәсілдердің тиімділігіне тоқталып, QR код арқылы жүргізілген ойындар мен ақпарат алудың жаңашылдығын жоғары бағалады.

Сондай-ақ, тренинг пен тәжірибелік бөлімдердің маңыздылығы, балалар мен ата-аналар арасындағы байланысты күшейтуге қосқан үлесі де ерекше аталып өтті. Ашық әңгіме, жылы жүзді кездесу форматында өткен пікір алмасу — семинардың мазмұнын тереңдете түсті. Қонақтар балабақша ұжымына алғыс білдіріп, осындай шаралардың жалғасын табуына ниет білдірді.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың көңілінен шықты. Әрбір кезеңі жүйелі, мазмұнды әрі әсерлі өтті. Мұндай ауқымды, мазмұны терең семинардың сәтті өтуі — балабақша ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Әсіресе, балабақша меңгерушісі Абизова Жанаргуль Жармухаметовна,әдіскер Кошубаева Айгуль Акылджановна , психолог Азимова Разия Абдыкадыровна және тәрбиешілер Дауен Алия Ерлікқызы, Султанкулова Сандуғаш Сайлауовна Умралиева Амина Канатовна, Коренчук Татьяна Николаевна, Феропонтова Татьяна Витальевна, Шваб Евгения Викторовна, Мамаджанова Гульмира Какеновна,
Андрейченко Елизавета Ильинична,
Танатбаева Арайлым Алтынбековна
тынымсыз ізденісі мен кәсіби шеберліктері ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар тек ұйымдастырушылар емес, балалар мен ата-аналар арасындағы алтын көпір бола білді. Жаңашылдық пен шығармашылықты үндестіре отырып, білім мен тәрбиенің озық үлгісін көрсетті.

Білім Айнасы
Алматы қаласы
Елназ Тұрсынғалиқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.