Home » Жаңалықтар » Сиқырлы бұтақтар

Сиқырлы бұтақтар

Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты №52 бөбекжай-балабақшасында ерекше мазмұндағы, мәні терең аудандық семинар өтті. «Сиқырлы бұтақтар» деп аталған бұл шара балабақша қабырғасында ұйымдастырылғанымен, ауқымы кең, әсері мол, тәрбиелік маңызы жоғары болды. Семинардың басты мақсаты — бұтақ таяқшаларын тиімді оқу құралы ретінде пайдалану арқылы жас ерекшелігіне сай балалардың танымдық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталды.

Білім беру саласындағы озық тәжірибелерді насихаттау, шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтердің еңбегін дәріптеу – бүгінгі заман талабы. Осы орайда ұйымдастырылған семинарға арнайы шақырылған қонақтар қатарында “Teaches Lab” ЖШС бас директоры, PhD докторы – Зейнолла Сауле Жанатқызы, Әуезов аудандық білім бөлімінің әдіскері – Ноғайсарина Гүлнар Жүнісбековна, Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері – Туралина Жанар Анварбековна, сондай-ақ Әуезов және Алмалы аудандарының мектепке дейінгі ұйымдарының меңгерушілері болды.

Семинардың шымылдығын №52 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Курбанова Карлығаш Турдыковна құттықтау сөзімен ашып, шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Өз ісіне жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарайтын, ұжымын ұйыстыра білген басшының жетекшілігімен бұл балабақшада талай игі бастамалар қолға алынып жүргені байқалды.

Семинар барысында «Табиғатпен жасайық: бұтақтар сиқыры» атты мазмұнды презентация таныстырылды. Бұтақ таяқшаларын тек табиғи материал ретінде ғана емес, балалардың ойлау қабілетін, қиялын, логикасын, моторикасын дамытуға арналған таптырмас құрал ретінде қолдану мүмкіндігі жан-жақты талданды.
Педагогикалық іс-тәжірибе алмасу барысында бірнеше ересек топтарда ашық ұйымдастырылған оқу қызметтері өтті.
«Жұлдызша» тобының дене шынықтыру сабағында тәрбиеші Есмаканбет Ұлдана Нұрдиновна бұтақтарды физикалық жаттығуларда қолданудың қызықты әдіс-тәсілдерін көрсетті.
«Балдырған» тобының тәрбиешісі Дәулеталиева Жанна Исламқызы балалармен бірге бұтақтар арқылы әртүрлі пішіндер мен құрылымдарды құрастырып, ұсақ моторика мен кеңістіктік ойлауды дамытты.

«Балдаурен» тобының тәрбиешісі Нұрайсанова Нұргүл Нұрхамитовна математикалық ұғымдарды бекіту мақсатында сандарды сәйкестендіру, санау, салыстыру сияқты тапсырмаларды бұтақтардың көмегімен орындатты.
Семинар шеңберінде психолог Сулейменова Үрзада Елжанқызы қатысушылармен кері байланысқа құрылған, көңіл-күйді көтеретін тренинг ұйымдастырып, педагогтердің сергіп, шабыт алуына септігін тигізді.

Шара аясында бұтақтардан жасалған бұйымдардан құралған «Бұтақтар сиқыры» көрмесі мен музыкалық оркестр көпшілік көңілінен шықты. Табиғаттың қарапайым сыйын креативпен ұштастыра отырып, балалар мен тәрбиешілер ерекше туындылар жасаған. Бұдан бөлек, бұтақтарды ксилофон, маракас секілді саз аспаптарына айналдыру арқылы сазды қойылым ұсыну – педагогтердің шығармашылық ізденісінің айқын көрінісі.
Семинар соңында қонақтар сөз алып, балабақша ұжымының тың идеяларға, жаңа технологияларға ашық екенін атап өтті. Кәсіби шеберлігі жоғары тәрбиешілердің жұмысын жоғары бағалап, шынайы ризашылықтарын білдірді. Осындай мазмұнды шаралардың педагог беделін арттырып, тәжірибе алмасуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Жалпы, №52 бөбекжай-балабақшасының ұжымы мен меңгерушісі Курбанова Карлығаш Турдыковнаның үйлесімді жұмысы, өз ісіне деген адалдығы мен жаңашылдығы ұжым жұмысының нәтижелі болуына тікелей әсер етіп отыр. Балабақшадағы шығармашыл орта, педагогтердің ынтымағы мен ізденісі Әуезов ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдарға үлгі боларлықтай.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.