Home » Жаңалықтар » Жәндіктер әлемі: көбелек пен инелік

Жәндіктер әлемі: көбелек пен инелік

Алматы қаласы Білім басқармасы КМҚК “№14 бөбекжай-балабақшасында” мектепке дейінгі ұйым педагогтері мен меңгерушілеріне арналған ерекше форматтағы қалалық семинар өтті. Табиғаттың тылсым сырларын бала санасына ұғындыруды мақсат еткен бұл шара «Жәндіктер әлемі: көбелек пен инелік» деп аталды.

Жобаның жетекшісі – балабақша меңгерушісі Салимова Лаззат Нурслановна, бірлескен жетекші – әдіскер Мамытбаева Динара. Айта кету керек, меңгеруші Лаззат Нурслановна Қытай мен Малайзия елдерінде білімін жетілдірсе, әдіскер Динара ханым Польша мен Германияда тәжірибе жинақтап қайтқан. Мұндай халықаралық тәжірибе олардың әрбір жобалық жұмысына тың серпін беріп, заманауи талаптар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді үйлесімді қолдануға жол ашып отыр.
Семинардың басты мақсаты – балаларды көбелектер мен инеліктердің өмірлік циклімен таныстыру, олардың тіршілік ету ортасы мен мінез-құлқын зерттеу арқылы экожүйедегі рөлін және адам өміріндегі маңыздылығын ұғындыру болды. Бұл бағытта балабақша ұжымы үлкен дайындықпен кіріскен.

Шара балабақша меңгерушісінің салтанатты алғы сөзімен ашылып, жоба жетекшілері «Жәндіктер әлемі: көбелек пен инелік» атты мазмұнды презентация ұсынды. Семинар барысында келген қонақтар балабақша ішіндегі түрлі дамытушы орталықтарға саяхат жасап, білім беру кеңістігінің заманауи талаптарға сай жабдықталғанына көз жеткізді. Әр орталықтың мазмұндық ерекшелігі мен тәрбиелік мәні қатысушылар тарапынан оң баға алды.
Балалар тарапынан көрсетілген жобалық іс-әрекеттер де ерекше назар аударуға тұрарлық. Мектепалды «Қызғалдақ» тобы «Жәндіктер әлемі: Инелік» тақырыбы бойынша жобалық жұмысты өздерінше зерттеп, шығармашылықпен көрсетті. Ал ересектер тобы – «Болашақ» бүлдіршіндері «Көбелек әлеміне» сапар шегіп, бұл жәндіктің даму сатысын, тіршілік ортасын, адам өміріндегі орнын бейнеледі. Балалар белсенділігі, тіл байлығы, танымдық қызығушылығы мен сахналық мәдениеті – педагогикалық шеберліктің көрінісі екені сөзсіз.

Семинар аясында ата-аналардың қатысуымен «Табиғат сыйы – шығармашылық шабыт» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Мұнда түрлі табиғи материалдармен әсем бұйымдар жасалып, шығармашылық орта қалыптасты. Ата-аналар мен балалардың бірлесе жұмыс істеуі, табиғатты аялау мен оны танып-білуге деген ынтасын арттыра түсті.
Музыкалық бағдарлама да шараның мазмұнын байыта түсті. Концерттік номерлер көрермендердің көңілінен шығып, көркем өнер мен балалық қуаныштың үйлесімін көрсетті. Балабақша оркестрі мен музыка жетекшісінің жетекшілігімен орындалған шығармалар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал балабақша гимнін қосылып шырқаған педагогтер жұртшылықты тәнті етті. Бұл – ұжымдық рухтың, бірлік пен махаббаттың көрінісі еді.
Семинар соңында «Google Forms Emoji» арқылы қонақтардан кері байланыс жиналды. Қатысушылар ұйымдастыру деңгейін, мазмұн тереңдігін, инновациялық бағыттарды жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, бұл семинарға Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Малгаждарова Бибигул Толепбергеновна, сондай-ақ Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Сагиева Алия Жолдасбековна арнайы қатысты. Сонымен қатар, қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық басшысы Карасёва Наталья Викторовна,
“Шетелдердің білім беру жүйесін зерттеу және тиімді тәжірибиелерін мектепке дейінгі ұйымдарға енгізу туралы”білім беру жобаларын (бағдарламаларын ) сараптау құрамының мүшесі Еркебаева Сауле Жомартовна, қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен тәжірибелі педагогтер де семинарға қатысып, тәжірибе алмасты.
Семинар мазмұны, ұйымдастырылуы, қатысушылар белсенділігі мен шығармашылық ізденістері арқылы өте жоғары деңгейде өтті. Бұл жобаның арқасында балабақша педагогтері тек балаларға білім мен тәрбие беріп қана қоймай, табиғатты тануға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеудің тың тәсілдерін меңгеріп қайтты.
Ал №14 бөбекжай-балабақшасы – осы бағыттағы алдыңғы қатарлы тәжірибе алаңдарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.